Accessibility links

Қазақстан патриоттары партиясы парламент сайлауында 10 орын иеленуді көздеп отыр


Сенбі, шілденің 24-і күні Алматы қаласында Қазақстан Патриоттары партиясының кезектен тыс, 6-шы сиезі болып өтті. Күн тәртібінде алдағы парламент сайлауына үміткерлер ұсыну мәселесі талқыланды. Партия төрағасы Ғани Қасымов «патриоттар партиясынан» мәжілістегі 77 орын үшін 1 мандатты округтерден 51, ал партиялық тізім бойынша 10 адам бақ сынайтынын мәлім етті. Патриоттар серкесінің айтуынша, бұлардың мемлекеттік телеарналардан жарнама беруге мүмкіндіктері жоқ, өйткені олар эфирдегі 1 минут үшін 450 мың теңге сұрап отырған көрінеді. Сондықтан да біз ешқандай ақпарат құралдарының көмегіне қол жаймай, керек болса үй-үйді аралап үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз дейді Ғани Қасымов.

Қазақстан патриоттары партиясының кезектен тыс съезіне 250 делегат келіпті. Партия төрағасы Ғани Қасымов біз парламент сайлауына қатысу үшін билікке ешқандай талап-тілек қоймаймыз, құрылғанына 4-ақ жыл болған партияның сайлауда жақсы нәтижеге қол жеткізе алмауы да мүмкін, бірақ, ол біз үшін 2008-ші жылғы сайлауға үлкен сабақ болмақ дегенді айтты:

- Съез еліміздің саяси-қоғамдық дамуындағы күрделі кезеңде өтіп жатыр. Сондықтан сиезде партияның алдында тұрған бағыт-бағдарын белгілеп, оның жүзеге асырылу жолдарын анықтауымыз керек. Съез жұмысы жемісті өтсін! Оң ісімізде құдай қолдап, ата-баба аруағы жар болып жүрсін!!!

Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов съез делегаттарына арналған баяндамасында: «біз сайлаудан қандай жағдай болмасын тыс қалмаймыз, қандай қитұртқы әрекеттер жасалынса да, кейбір партиялар сияқты байкот жарияламаймыз» деп көтеріңкі рухта сөз сөйледі. Бас патриоттың айтуынша, бұлар мәжілістегі 77 орынның 10-12-сінен дәмеленіп отырған көрінеді:

- Менің ойымша, біз жоқ дегенде 10-12 орын алуымыз керек.

Съез қорытындысы бойынша Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымовтың алдағы сайлауда партиялық тізіммен емес, басқа 51 үміткер секілді бір мандатты округтен бақ сынайтыны белгілі болды. Осы партияның Алматы қалалық ұйымының 1-ші хатшысы Есмұхан Шынтегі өздеріне басқа партиялардан сайлау алдында 1 блок құрып, бірігу туралы ұсыныстар түскенін, бірақ онда айтылған талаптар көңілдерінен шықпағанын айтады.

- Басқа партиялардан ұсыныстар болған. Аттарын айтпай-ақ қояйын, көңілдеріне келіп қалар. Олар бізге: «Біз басшы болайық. Негізінен біздің адамдарды көптеп шығарайық. Сендер соларды қолдап отырыңдар. Яғни, сендер бізге қосшы болыңдар» деді. Ол бізге ұнамады.

Қазақстан патриоттары партиясы Алматы қалалық ұйымының 1-ші хатшысы Есмұхан Шынтегі патриоттар партиясының өз қатарларынан шыққан үміткерлерді мемлекеттік телеарналардан жарнамалауға шамалары жетпейтінін, сондықтан «біз сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарының ең көне халықпен бетпе-бет жүздесіп науқан өткізу түрін таңдап алдық» деп отыр:

- Телеарна, газет, радиоға көп шыға алмаймыз. Сондықтан біз басқа тактикалық жұмыс жасамақпыз. Аула-аула, ауыл-ауыл, тіпті керек десеңіз үй-үйді аралап жұртты үгіттемекпіз. Телеарналар сұрап отырған ақшаны беруге біздің шамамыз жетпейді.

Дәл осындай жұпыны жағдай жұма, шілденің 23-і күні сиез өткізген «Ауыл» партиясына да тән болып шықты. Партия төрағасы Ғани Қалиев: «бізге де бірқатар байлардың партиясынан бірігуге ұсыныс түсті. Электоратымыз басқа болғасын, оны жаратпай тастадық. Ғани Қасымовтың партиясы сезініп отырған кедейшілік бізде де бар» дейді:

- Біздегі жағдай да Ғани Қасымов айтқан сияқты. Біздің де ақшамыз жоқ. Біздің электоратымыз сол ауылдың кедейлері мен қаланың интеллигенциясы ғой, сол қаланың да кедейлері. Біз де сол ешқандай акция өткізе алмаймыз. Ешқандай студияға бар үшін ақша төлей алмаймыз. Біз тек сол халықпен ғана жұмыс істейміз.

Осы екі партияның бір ғана ерекшелігі - депутаттықа тіркеткен үміткерлерінің саны ғана. «Патриоттар» мәжіліс мандаты үшін бас-аяғы 61 адамды үкілеп шығарса, «Ауыл» партиясынан бақ сынайтындар саны 25 болып отыр.
XS
SM
MD
LG