Accessibility links

10 жасар Маша Мудряк Италияға оқуға барады


Павлодар қаласында тұратын 10 жасар жас әнші Маша Мудряк Миланның Жоғары Академиясына оқуға қабылданды. Енді ол биылғы қыркүйек айынан бастап Италияда 20 жасар студенттермен бірге оқуын бастайтын болады. Маша 6 жасында дауысының күштілігіне байланысты Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын. Ол бүгінгі күнге дейін 100-ге жуық байқауларға қатысып, тек жүлделі орындарды иеленіп келген.

Осыдан 2 жыл бұрын эстрадалық әндерден бөлек академиялық вокалмен шұғылдана бастаған Маша Мудряк Сочи қаласында өткен байқауда Хамидидің «Қазақ вальсін» және Алябьевтің «Соловья» әнін орындап, Итальялық өкілдердің көзіне түскен. Олар 2 жеке альбомын Итальяндық профессорларға көрсеткеннен соң, Маша Миланның Жоғары Академиясының курсында оқуға шақырту алады. Машаның анасы Ольга Мудряк:

-Ол жерде емтихандарды ойдағыдай тапсырып, комиссияның тексерісінен соң 5 жыл бойы аталған Академияда оқып, музыкалық білімін ұштастыруға ұсыныс түсті. Маша 3 жасынан бастап ән айтумен шұғылдана бастады, қазір 10 жаста. Ол енді Италияда 20 жасар студенттермен бірге оқитын болады. Маша 200 жылдық тарихы бар бұл оқу орнына Қазақстанның атынан қабылданған бірінші бала, - дейді.

Бұған дейін түрлі байқауларға қатысып, тек қана жүлделі орындарды иеленіп келген Машаның әкесі Александр Мудряк қызының заңгер немесе журналист болғанын қалаған екен.

-Аулада бір-бірімен келіспей қалған балаларды бір-бірімен татуластыруға епті, айтқанын орындата біледі. Олар да Машаны қатты құрметтеп, айтқанын тыңдайды. Ал ән айтуына анасының ролі басымдау болған шығар, - дейді Александр Мудряк. Оның айтуынша, Машаның бойында қазақ, орыс, поляк және неміс ұлтының қаны бар. Маша өзінің әншілік қасиетін де арғы аталарымен байланыстырады.

-Менің әкем де, шешем де ән айтпайды. Баянауыл ауылында дүниеге келген Төлепберген есімді атам ақын болған екен, мүмкін сол кісіге ұқсаған шығармын, - дейді Маша.

Жас әнші өзінің музыка саласында үлкен жетістікке жетуіне Павлодардың Чайковский атындағы музыкалық колледжінің базалық мектебінде сабақ беретін ұстазы Вера Бородихинаның үлесі зор деп біледі. Вера Бородихина:

-Менің шығармашылық жолымда осындай талантты баланың кездескеніне қуаныштымын, - дейді.

Бүгінде қазақ, орыс, поляк, итальян тілдерінде ән шырқайтын Маша Мудряк Гректің опера әншісі Мария Калласқа ұқсағысы келеді екен және сүйіп орындайтын әндерінің бірі - «Тақиялы періште» кинофильміндегі «Ана» әні. Машаның анасы Ольга Мудряк «Бүгінде Итальяға барып оқуға қаржы қарастырып жатырмыз. Маша 6 жасында Гиннестің рекордтар кітабына енген кездегі кездесуінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев егер әлемге Қазақстанның атын шығаратын болсаң, кез-келген елде оқуыңа көмектесеміз деген еді. Осы мақсатпен Елбасына кірмек ойымыз бар. Мүмкін көмектесер», - деген ойын айтты.
XS
SM
MD
LG