Accessibility links

Ташкенттегi жарылыстар салдарынан Қазақстан азаматтары зардап шекпеген


Қазақстан ресми орындары шекара қызметi күшейтiле түскендiгiн, лаңкестiк оқиға салдарынан Қазақстан азаматтары зардап шекпегендiгiн айтуда. Ташкенттегi Израйль елшiлiгiнiң телефондары жауап бермейдi. Израйл радиосы Өзбекстандағы өзiнiң дипломатиялық өкiлдiгi маңындағы бұл жарылысты жанкештi лаңкес жасағандығын және зардап шеккендер арасында өз елiнiң азаматтары жоқ екендiгiн хабарлады.

Өзбекстан бас прокуратурасы ғимаратында да жарылыс болған. Прокуратураны күзетiп тұрған милиция қызметкерi жарылыстың ғимарат iшiндегi баспалдақта болғандығын және бұл актiден ғимараттың фойесi қирағандығын айтып отыр. Өзбекстандағы Қазақстан елшiлiгiнiң баспасөз қызметi жағдайды қалыпқа түскендiгiн хабарлайды. Қазақстан Ұлттық қауiпсiздiгi комитетiнiң баспасөз қызметкерi Кенжеболат Бекназаровтың айтуынша, Өзбекстанмен екi арада шекара жабылған жоқ, барлық шекара қызметтерi күшейтiлген.

Қазақстан сыртқы iстер министрлiгi консулдық департаментiнiң директоры Уәлихан Қоңыратбаев үш бiрдей лаңкестiк акцияны Өзбекстан Жоғарғы Сотында басталған көктемдегi Ташкент пен Бұхара облысындағы жарылысты ұйымдастырушылардың үстiнен сот үрдiсiнiң басталуымен байланыстырады. Мұндай лаңкестiк әрекеттерден қашанда қарапайым тұрғындардың зардап шегетiндiгiн айтады. Ресми мәлiметтер бойынша оқиға салдарынан зардап шеккендер қатарында қазақстандық азаматтардың жоқтығын, алдындағы лаңкестiк әрекеттерге де қазақстандықтардың қатыспағандығын айтады. Оңтүстiк Қазақстан облыстық iшкi iстер басқармасы өздерi тарапынан екi ел шекарасындағы жағдайға қатаң бақылау жасап отырғандықтарын хабарлайды.
XS
SM
MD
LG