Accessibility links

Амантай қажы Асылбек: «Қазақстан атом бомбасынан бас тартуда бекерге асығыстық жасады»


Жұма, тамыздың 6-сы күні Алматы қаласында Жапонияның Хиросима қаласында осыдан 59 жыл бұрын орын алған қасіретке орайластырылып, 2 бірдей шара өткізілді. Оның алғашқысы: «Аттан-Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек Алматыдағы Америка елшілігінің алдында бейбіт шеру өткізді. Ал екіншісі: «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының өкілдері жиын өткізіп, Қазақстан үкіметіне Семей полигонынан зардап шеккен азаматтарға қатысты алынып тасталған жеңілдіктерді қайтару жөнінде үндеу қабылдады.

«Аттан-Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек атом бомбасына қарсы осымен 57-ші рет шеру өткізіп отырғанын айтады. Жұма, тамыздың 6-сы күні қажы Америка елшілігінің қызметкеріне мәлімдеме-хат табыс етті. «Парақорлық пен жемқорлықтың тамырына балта шаппайынша, атом бомбасының қаупін сейілту мүмкін емес» дейді Амантай қажы Асылбек:

- Осыдан 59 жыл бұрын Хирасимада мына Американың фашистері 1-ші рет атом бомбасын халыққа тастаған. Содан Хирасимада 2 сағаттың ішінде 120 мың адам өліп кеткен. 9-ы күні Нагасакиге тастаған. Онда 80 мың адам өліп, бас-аяғы 500 мың адам жараланған. Біз барлық Қазақстандықтардың атынан бүткіл Жапония халқына тағы да көңіл айтамыз. Қаза болғандарға бағыштап құран оқимыз. Бірақ бұл екі қаладағы бомбадан тартқан зардап біздің Қазақстан азаматтары Семей полигонында тартқан зардаптан әлдеқайда жеңіл. Бізде қазір 1 жарым миллион гектар жер ауру. 1 жарым миллион қазақ ауру. Оны ойлап жүрген ешкім жоқ. Саясаткерлер жаппай саяси концерт қойып жатыр.

Ал Хиросима қасіретіне байланысты жиын өткізген «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының өкілдері Жапонияның Қазақстандағы елшісі Тосио Цунодзакиге Семейдегі палигон зардаптары туралы бейнефильм көрсетті. Қозғалыс төрағасының орынбасары Майдан Әбішевтің айтуынша, әлемде атом бомбасының зардабын тартқан екі-ақ мемлекет бар. Оның біреуі – Жапония, екіншісі - Қазақстан дейді Майдан Әбішев. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы тамыздың 6-сы күні Қазақстан Үкіметіне жарты ғасырға жуық сынақ алаңына айналып келген Семей облысының тұрғындарына тесілі жеңілдіктердің қайтарылуын сұраған үндеу жолдады:

- Мына Семей полигоны мен Хиросимада зардап шеккен кісілер өте көп. Міне біз соларға Үкңметтің назарын аудартсақ дейміз. Ең алдымен медициналық көмек берілсе дейміз. Сонан кейін біздің осыған дейінгі парламент алып тастаған әлеуметтік жеңілдіктер қайта берілсін деген үндеу жолдадық.

Ал Америка Құрама Штаттары елшілігінің алдында шеру өткізген «Аттан-Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек: «Қазақстан атом бомбасынан бас тартуда бекерге асығыстық жасады. Еш болмағанда халық сол тартқан зардабының есесін өндіріп ала алмады» дейді:

- Қазағым атом бомбасын бекер берді. Бізді тонап кетті. Ол бомбаларды қайтармай тұрып, мына зардабын шеккен халыққа шамалы да болса өтемақы төлеу керек еді. Бұл жерде біздің президент үлкен қателік жасады.

Амантай қажы Асылбек «Аттан-Қазақстан» ұранымен Америка Құрама Штаттарының елшілігіне осымен 22-ші рет келіп тұр екен. «Осы жасыма дейін әлемнің әр түкпірінде 3 мыңға жуық акция ұйымдастырдым деген қажы «Америка Ирактағы соғысты тоқтатпаса, мен шеру өткізуімнен танбаймын» дейді.
XS
SM
MD
LG