Accessibility links

Павлодарлық билік өкілдері: «Ақ Орда» діни бірлестігі бір ауыл тұрғындарын екіге бөліп тастады» деп отыр


Павлодар облысы Май ауданының Майский ауылында былтырдан бері «Ақ орда» атты діни ұйым жұмыс істей бастағалы, ауыл тұрғындары діни наным-сенімдеріне қарай екі топқа бөлініп тіршілік кешіп жатқан көрінеді. «Жергілікті мешіт өкілдері болса "Ақ Орда" ұйымының жұртты Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарындағы әулие-әмбиелердің моласы мен өзге де қасиетті орындарға мінәжат етуге, отқа табынуға үйретіп жатқанын құптамай отыр» дейді Павлодар облыстық ішкі саясат департаменті бастығының орынбасары Дәулет Закарьянов. Ол Май ауданындағы әлгі діни ұйымның осы күнге дейін тіркеусіз жұмыс жасап жатқанын айтады. Ал Майский ауылындағы «Ақ Орданың» басшысы Қанат Қаржаубаев болса, өзінің Алланың ақ жолымен жұмыс істеп жатқанын айтып отыр.

Павлодар облыстық ішкі саясат департаменті бастығының орынбасары Дәулет Закарьяновтың айтуына қарағанда, бұларға Майский ауылының азаматтарынан «Ақ Орда» діни бірлестігінің іс-әрекетіне қатысты шағым түскен. «Сол шағымның негізінде біз ауыл, аудан басшылығымен, сосын аудандық, ауылдық мешіт имамдарымен кездесіп, біраз жұмыстар атқардық. Ақырында «Ақ орда» діни ұйымының мүшелерінің ауыл азаматтарын Шығыс Қазақстан облысындағы қасиетті бұлаққа, тағы сол сияқты әулие-әмбиелер басына зиярат етуге күштеп үгіттегені белгілі болды. Осындай діни көзқарастар қайшылығынан бүгінде Майский ауылының тұрғындары екі топқа бөлініп күн кешіп жатыр» дейді Павлодар облыстық ішкі саясат департаменті бастығының орынбасары Дәулет Закарьянов:

- Олар көп кісілерге: «сендер біздің ұйымға мүше болмағандықтан, қасиетті жерлерге бармағандықтан, осындай ауруға шалдыққансыңдар. Біздің бірлестікке кіріп, қасиетті бұлақтың басына барып, соның суын ішсеңдер ауруларыңнан құлан-таза айығып кетесіңдер» деп қорқытып үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіпті. Көп азаматтар олардың айтқанына көнбеген. Сол себептен дәл қазіргі күні бір ауыл азаматтары екі топқа бөлініп күн кешіп жатыр.

Ал Майский ауылындағы «Ақ орда»-ның басшысы Қанат Қаржаубаев ұйым іс-әрекетінде ешқандай заң бұзушылық жоқ екенін айтып отыр. «Осы ауылдан «Орда» ашуыма баламның қатты науқастанып қалғаны себеп болды. Ұлымды Семейге апарып емдеттім, ақырында Алланың құдыретіне иланып, хақ жолына бет бұрдым дейді Қанат Қаржаубаев:

- Біздің іс-әрекетімізде ешқандай тәртіп бұзушылық жоқ. Мұнда әкім де, учаскелік инспектор да келіп, бірнеше мәрте көріп кеткен. Қазір 70-80 мүшеміз бар. Олардың барлығы өз еріктерімен келді бұл жерге. Көбісі жаңағы «ащы суларын» қойып, имандылық жолына бет бұрды. «Ақ орда» деп бекер аталмаған бұл бірлестік. Міне жақында облыстық департаменттен келіп тексеріп кетті. Ешқандай мін тапқан жоқ. Бізде ешқандай саяси әдебиеттер болмайды. Тек қана Құранмен жұмыс істейміз.

Қанат Қаржаубаев өз сөзінде «Ақ орда» діни бірлестігінің негізгі айналысатын шаруасы жұртты Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарындағы қасиетті жерлерге апарып, тәу еткізу екенін айтып өтті. Павлодар облыстық ішкі саясат департаменті бастығының орынбасары Дәулет Закарьянов: «шын мұсылман баласы әулие-әмбелер мен жанды, жансыз заттарға табынбаған. Бұл ретте Қанат Қаржаубаев жетекшілік ететін бірлестік әрекеті Ислам заңдылықтарына да қайшы келеді» дейді:

- Бізде Ислам дінінде құдайдан биік ешнәрсе жоқ дейді ғой. Ал бұлар түрлі әулиелерге, сосын бұлаққа, үңгірге, тасқа табынған. Осы дұрыс па?.. Әрине, дұрыс емес. Ия, ол кісілер қанша жерден батыр, бақсы, атақты кісілер болсын. Бәрібір Алла Тағаламен шектесе алмайды емес пе.

Бұл ретте Павлодар облысының Май ауданы Майский ауылынан «Ақ орда» ашқан Қанат Қаржаубаев: «біз Аллаға шәк келтірмейміз, алдымен Алла деп, сосын ғана әруақтарды ауызға аламыз» дейді:

- Ең алдымен Алла Тағаланы ауызға аламыз. Біз ұстанып жүрген имандылық жолының шарты сол. Сосын екіншіден әруақтарды құрмет тұтамыз. Әр жұма сайын әруақтарға бағыштап құран оқимыз. Ондай наным бұрын да болған. Мәселен бала таппай жүрген әйелдер әулие кісілердің басына түнеп, зиярат етіп, бала сұраған. Біз де сол жолды жалғастырып жүрміз.

«800-ге тарта тұрғыны бар Майский ауылының азаматтары «Ақ орда» діни бірлестігінің кесірінен екіге бөлініп күн кешуде» деген Павлодар облыстық ішкі саясат департаменті бастығының орынбасары Дәулет Закарьяновтың пікіріне қатысты Қанат Қаржаубаев: «ол бос сөз, өз басым мешіт қызметкерлерімен тығыз байланыстамын, жуырда мешітте жүргізілген құрылыс жұмыстарына барып ат салысқанмын» деген уәж айтты.
XS
SM
MD
LG