Accessibility links

Алматы қаласында болған өрттен кейін медицина және денсаулық сақтау ісі тарихының мұражайының төрт қабырғасы қана қалды


Тамыздың 13 күні Алматы қаласындағы Медицина және денсаулық сақтау ісі тарихының мұражайында алапат өрт болды. 300 шаршы метрді шарпыған өрт туралы дабыл Алматы қаласының өрт сөндіру қызметіне таңғы сағат 9 дан 1 минут кеткенде түскен. Өртті алғаш байқағандардың бірі осы мұражайдың аға қызметкері бізге белгісіз себептермен өз есімін атамаған Бәкірова, өрт шалған мекеменің қарама-қарсысында тұрады екен. Мұражай қызметкерінің айтуынша өрт небары 20 минуттың ішінде бүкіл ғимаратты алып кеткен: - Жұмысқа кетейін деп жиналып жатқанмын. Есікті ашты ма екен деп қарасам, төбесі лапылдап, жанып, қара түтін болып кеткен.

Мұражайдың құлыптаулы есіктерін бұзып, өрт сөндірушілерге жол ашып берген құтқару қызметінің кезекші бөлім бастығы Мұратбай Көшеков өрттің сұрапыл болғанын айтады: -Менің ойымша бұл жердегі экспонаттан ештеңе қалған жоқ

Ал, жалын шарпыған ғимаратқа бірінші болып жеткен Алматы қаласының 3-ші өрт сөндіру бөлімінің, 1-ші бөлімшесінің командирі Ибдименов Аблеким: “өрт туралы хабар кеш жетті, біз келгенде мұражай толық жанып кеткен болатын”- дейді:

-Келсек, өрт төбесіне кетіп қалған екен.

Өрттің күшті болуы себепті, өрт сөндіруге Алматы қаласының барлық өрт сөндіру бригадалары қатысқан. Алматы қаласының өрт сөндіру бөлімінің баспасөз орталығының қызметкері Гүлшат Дәуренбекова, әзірге адам шығыны мен материалдық шығындар туралы ештеңе айта алмайтынын мәлімдеді.

-

Адам шығыны мен материалдық шығындар туралы әлі білмейміз. Оны қалалық өрт сөндіру бөлімінің тексерушілері зерттейді. -

Әзірге өрттің шығу себептері туралы да ресми мәліметтер жоқ. Мұражайдың енді бұрынғы қызметкері болып қалған Бәкірова ханым өрттің шығуы туралы мынандай жорамал айтады.

- Ветеринарлық клиникадан басталды жанымыздағы.Бір-екі бөлмені жалға алған болатын. Сол ветеринарлық клиникадан басталды бәрі.

Мұражай қызметкерінің айтуынша, мұнда Қазақстан Республикасының медицинасы мен денсаулық сақтау қызметі туралы мәліметтер мен экспонаттар жинақталған. Олардың бәрі жанып кетті. Мұражай қызметкерлері екі компьютер мен біраз құжаттарды ғана аман алып қалған. “Тарихи экспонаттардан бөлек, мұражайда сирек кездесетін құнды кітаптар да бар еді”- дейді, мұражайдың аға ғылыми қызметкері Бәкірова ханым.

-

30-шы жылдардан қалған алғашқы дәрігерлер туралы құжаттар, бақсылардың емдеген тәсілдері,барлық экспонаттар жиюлы тұр еді. Сперанский деген белгілі ғалымның 1903-1905 жылдары жазған кітаптары бар еді, олар да кетті, шіркін-ай, шіркін-ай!

Болған оқиғаға байланысты мұражай басшылығымен сұхбаттасудың сәті түспеді.

Алматы қаласының 3 өрт сөндіру бөлімінің 1-ші бөлімше командирі Ибдименов Аблеким, тамыздың 12- сі нен 13-не қараған түнде, Алматы қаласында өрт көп болды және оларды сөндіруде біраз қиындақтар туды дейді.

- Түні бойы үш өрт сөндірдік, мынау төртіншісі. Адам жетіспегенен, кезекшілікте адам аз болғандықтан, жігіттер түні бойы ұйықтамай шаршады.

Жалпы бұл, соңғы аптада өртенген екінші мәдени мекеме болып отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын, Алматыда, кейін балалар мәдениет үйі болған, бұрынғы теміржолшылардың мәдениет сарайы да өртенген. Алматы өрт сөндіру бөлімінің баспасөз қызметінің қызметкері Гүлшат Дәуренбекова, аталған оқиғаға байланысты тексеру жұмыстары қазір жүріп жатыр деп мәлімет берді

-Ол жерде адам шығыны болған жоқ. Ғимараттың ішінде демалып жатқан құрылысшыларды біздің өрт сөндірушілер құтқарды.

Таңертеңгі сағат 9-дардың шамасында басталған өрт түскі 12-ге қарай сөндірілді. Ал мұражайдың бір шетін жалға алған ветеринарлық клиниканың өкілдерін, өрт болған орыннан кездестіре алмадық.
XS
SM
MD
LG