Accessibility links

Қазақстанды Баку-Тбилиси-Жейхан экспорттық мұнай құбыры жобасына тарту жөнінде Қазақстан мен Әзербайжан арасында келіссөз жүргізілмек


Қазақстан мұнайы Баку-Тбилиси-Жейхан экспорттық мұнай құбыры арқылы тасымалданатын болды. Осыған байланысты алдағы уақытта Қазақстан-Әзербайжан үкіметаралық келісім жобасы дайындалмақ. Жалпы ұзындығы 1800-ге жуық шақырымды құрайтын мұнай құбырының өткізгіштік қабілеті жылына 50 миллион тоннаны құрағалы отыр. Алайда, кей сарапшылар мұнайды осы жолмен тасымалдаудың Қазақстан үшін тиімділігі шамалы дегенді айтуда.

Баку-Тбилиси-Жейхан экспорттық мұнай құбыры жобасына Қазақстанды тарту жөніндегі Қазақстан және Әзербайжан арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі соңғы 2 айдың көлемінде өткізілетін болды. Алайда, «Нефть» ғылыми инженерлік орталығының бас директоры Нәдір Кәрімұлы Қазақстанның жылына миллиондаған тонна мұнай өткізетіндей қауқары жоқ деп есептейді. «Қазір Қытайға да құбыр салынып жатыр, сол арқылы жылына 20 миллион тонна мұнай айдауымыз керек екен. Ал шындығында мұншалықты мұнай жоқ», - десе, «ТеңізШевройл» мұнай компаниясының Астанадағы бөлімінің бастығы Төлеген Хасанов «Қазақстан үшін Қытайға тартылатын мұнай құбырының тиімділігі басым болмақ. Егер құжаттар дұрыс дайындалатын болса, құбырдың екі жағында орналасқан халықтың барлығы жұмыспен қамтамасыз етілуі керек. Тағы бір тиімділігі жолда ешқандай мемлекетке соқпай, бірден Қытайға барады. Ал Баку-Тбилиси-Жейхан құбырының бізге керегі шамалы», - дейді.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстанда жыл сайын мұнай өндіру артып келеді, сол себептен де Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалдауға Қазақстанның мұнайы жетеді, ешқандай қауіп болмау керек. Қазақстанға Сібір арқылы жүретін мұнайды пайдалана отырып Қытайға да, реті келсе Иранға да мұнай айдаған жөн. Қытай мен Үндістан қара алтынды ең көп тұтынатын елдердің қатарында, сондықтан түрлі құбырлардың болғаны еш қауіп тудырмаса керек, бұл дүниежүзі қауымдастығы үшін де қажет», - дейді.

Жалпы ұзындығы 1800-ге жуық шақырымды құрайтын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының 443 шақырымы Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, ал 1076 шақырымы Түркия арқылы өтпек. Құрылыс жұмыстары 2004 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған. Әзербайжан мұнайы Түркиядағы Жейхан айлағынан 2005 жылдың екінші тоқсанынан бастап экспорттала бастамақ.
XS
SM
MD
LG