Accessibility links

Астанада шаршы метрі 350 долларлық тұрғын үйдің іргетасы қаланды


Қазақстан Президенті биылғы Жолдауында жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша, әртүрлі әлеуметтік топтарды баспанамен қамтамасыз ету қолға алынатынын, мұндай тұрғын жайлардың 1 шаршы метрі 350 доллардан аспайтынын мәлімдеген болатын. Астанада Есіл өзенінің сол жақ жағалауында «Отан» республикалық саяси партиясы «Қазақстандықтарға лайықты тұрғын үй» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында тамыздың 20-сы күні шаршы метрі 350 долларлық тұрғын үйдің іргетасын қалады.

Партия төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияев 2005-2007 жылдар аралығындағы тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру үшін 150 миллиард теңгенің қажет екендігін айта келіп, биылғы жылдың өзінде 20 миллиард теңгенің бөлінгендігін айтты. Сондай-ақ, «Бұл шара жүзеге асқалы отырған бағдарламаның бастамасы. Жұмыстың әрі қарай дамуы басталуына байланысты. Бұл-халықтық дүние, үлкен жоспар. Тұрғын үй проблемасы әр мемлекетте бар. Ал біздің дамып келе жатқан мемлекетімізде бұл мәселе үлкен орын алады. Сондықтан мұны шешу үшін үлкен еңбек, қажыр-қайрат керек», - деді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер Төлеген Мұхамеджановтың айтуынша, Есіл өзенінің сол жақ жағалауына бұдан басқа 20-ға жуық тұрғын үй, балалар бақшасы, мектеп салынғалы отыр. 20 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі екен.

Ал қарапайым халық бұл үйлердің кез-келген адамға берілетініне күмән келтіріп отыр. Исабеков Қайырбек «Астанадан үй алу өте қиын, баға шарықтап тұр. Естуімізше, шаршы метрі 350 доллардан салынады деп жатыр. Бірақ, ол қарапайым халыққа берілмейді ғой, өздерінің туған-туыстарына беретін болу керек», - дейді.

Ал кей азаматтар шаршы метрі 350 доллардан болған күннің өзінде қол жеткізу қиын дегенді айтуда. Майра «Астанадан үй сатып алмақ түгіл ипотекалық несиеге алудың өзі ақылға сыймайды. Менің алатын жалақымның өзі 20-30 мың теңгеден аспайды. Ал несиеге үй алу үшін айлық жалақы 70 мың теңгеден кем болмауы керек екен. Ондай ақша барлық жанұя мүшелерінің жалақысын қосқан күннің өзінде болмайды», - дегенді айтты.

Тұрғын үй құрылысын кең ауқымда жүргізу әлеуеттің тұрмысына оң әсерін тигізіп, тұтынушылар шығынының құрылымын өзгертеді, - дейді «Отан» республикалық саяси партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияев.
XS
SM
MD
LG