Accessibility links

Қазақстанда есiрткiге тәуелдiлер қатерлi iсiк ауруымен сырқаттанған жандардың уытты дәрi дәрмектерiне де ауыз сала бастады


Қазақстанда дәрi-дәрмек саудасы айналымының бiр бөлiгi нашақорлардың сұранымын қанағаттандырып келген. Мысалы, “Допинг” шаралары кезiнде заңсыз айналымнан елу тоннаға жуық есiрткi заттары тәркiленсе, солардың елеулi бөлiгi құрамында есiрткiлiк уыты бар дәрi-дәрмектер болып шыққан. Iшкi iстер министрлiгiнiң нашақорлыққа және есiрткi заттарына қарсы күрес комитетi төрағасының орынбасары Александр Чаустың айтуынша, есiрткiге тәуелдiлер қатерлi iсiк ауруымен сырқаттанған жандардың уытты дәрi-дәрмектерiне де ауыз сала бастады.

“Бiз бұған дейiн iрi көлемдегi есiрткi тасушыларды анықтай алмай келдiк. Қазiр, полиция қызметкерлерiнен бiр грамм героин емес кемi 300-500 грамм көлемiнде тасушыларды ұстауды талап етiп отырмыз,- ”дейдi iшкi iстер министрлiгiнiң нашақорлыққа және есiрткi заттарына қарсы күрес комитетi төрағасының орынбасары Александр Чаус.

Оның айтуынша, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облыстарында осы алдын алу шаралары кезiнде Шу алқабынан Қырғызстанға қарай тонналап марихуана әкетудiң 6 фактiсi анықталды. Қырғызстанға қарай шығатын iрi көлемдегi есiрткi трафигiнiң жолы кесiлдi.

Қазақстанның Ұлттық қауiпсiздiк комитетi баспасөз бөлiмi бастығының орынбасары Ислам Бекiшевтiң айтуынша, Алматы облысының қауiпсiздiк қызметкерлерi Ресей арқылы Еуропаға шығатын есiрткi трафигiнiң жолын кестi. Соңғы үш айда Алматы облысында 30 килә героин, 30мың 500 дана уытты есiрткiлiк күшi бар дәрi-дәрмек тәркiлендi.

Допинг алдын алу шаралары кезiнде уытты дәрi-дәрмектердi прекурсорларды заңсыз пайдаланудың 638 оқиғасы анықталды. Александр Чаус емдеу мекемелерi мен дәрiханаларда сырқат адамдарға арнайы рұқсатпен босатылатын егу немесе қайта өңдеу арқылы есiрткi дайындауға болатын реланиум, эленте, федерин дәрiлерiн жалған құжаттар арқылы сатып алу көбейiп тұрғандығын айтады.

Iшкi iстер министрлiгiнiң арнайы комитетiндегi басқарма бастығы Ольга Рыльдың айтуынша, Үкiмет белгiлеген күлгiн түстi құжат қағаздары арқылы нөмiрленiп, емдеу мекемесiнiң бас дәрiгерi мен дәрiхана иесiнiң мөрiмен берiлетiн болса да қылмыскерлер айласын асырып отыр.

“Соңғы тексерудiң өзiнде ғана жалған құжаттар арқылы уытты дәрi-дәрмек сатып алудың 14 фактiсi анықталды. Олар психотропты заттарды сатып алып есiрткiге тәуелдi адамдарға сатуды жүзеге асырған.”

Республикадағы құқық қорғау орындарында есiрткiге тәуелдi жандардың нақты саны әртүрлi көрсетiлiп келедi. Iшкi iстер министрлiгi 48366 адам деп отыр.

“Қазақстанда қанша есiрткiге тәуелдiлер бар? Олар есiрткiнiң қай түрiн тұтынады? Бүгiнгi таңда ондай нақты статистикалық мәлiмет жоқ,-” дейдi Александр Чаус.

Қазақстан жылма-жыл есiрткiге қарсы күреске бюджеттен бөлiнетiн қаржы көлемiн еселеп арттырып келедi.

2002 жылы осы мақсатқа 85 миллион, 2003 жылы 375 миллион бөлiнсе, 2005 жылдың бюджетiне 477 миллион теңгенi бөлу қарастырылып отыр. Ал, мамандар есiрткiге қарсы күрестi пәрмендi түрде атқару үшiн жалпы көлемi 1 миллиард 200 миллион теңге қажет деп отыр.
XS
SM
MD
LG