Accessibility links

ДСҰ бас директоры Супачай Паничпакди: «Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіретін күні алыс емес»


Бейсенбі, тамыздың 26-сы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Супачай Паничпакдиді қабылдады. Екеуара кездесуде негізінен Қазақстанның аталған Ұйымға мүшелікке ену мәселелері талқыланыпты. «Қыркүйек айында осы мәселеге орай екі жақтың жұмысшы тобы Астана қаласында кезекті кездесуін өткізбек. Бұл ретте Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жолында жасап жатқан іс-әрекеттері көңіл қуантады» деді Ұйымның бас директоры Супачай Паничпакди мырза. Ал Қазақстандық кейбір экономистер мен саясаткерлер бұл қадамды аса құптап отырған жоқ.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп шыққан Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Супачай Паничпакди: «Қазақстанға ұйымға мүшелікке ену үшін негізгі 3 міндетті орындау қажет болып тұр. Ол ұйымға мүше мемлекеттермен екіжақты келіссөздер жүргізу, еркін нарыққа ену және елдегі кейбір салық актілеріне қатысты мәселелерді реттеу» деді. Сондай-ақ Қазақстанның мүшелікке ену жолындағы дайындық жұмыстарын жоғары бағалаған Паничпакди мырза қыркүйек айында Астанада өткелі отырған кездесуде Қазақстанның ұйымға ену мерзімі де анықталып қалады дегенді айтты. Ал, Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаты Серікболсын Әбділдин: «Қазақстан үшін дәл қазір Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге ешқандай қажеттілік жоқ, оның үстіне экономикамыз да дайын емес» деп отыр:

- Ондай ұйымға кіру үшін ең алдымен қандай байлықпен, қандай тауармен ену керек, оған басқа елдің сұранысы бар ма деген мәселелерді тұжырымдап алу керек. Менің ойымша, сондай жайттарды ертерек анықтап алмай кіріп алған Ұлы Сталиннің жағдайы онша жақсы болған жоқ. Сол себептен, басқаның қатесін қайталауға болмайды. Дәл қазір Қазақстан сол Дүниежізілік сауда ұйымына кіруге әзір емес.

Серікболсын Әбділдиннің бұл пікірін экономика ғылымдарының докторы, профессор Айтқали Нүрсейіт те қуаттап отыр. «Ұлттық өндірісті дамытып алмай, жер қойнауындағы шикізатпен ғана Дүниежүзілік сауда ұйымына ену үлкен қателік болады. Бұл ретте көзжұмбайлыққа салып, басқалардың қолпаштауына ермей, асықпай қадам жасаған жөн» дейді экономист-ғалым Айтқали Нүрсейіт:

- Нақ қазір кіргеннен ұтатынымыз аз. Мысалы: ауыл шаруашылығына 153 миллиард доллар қаржы бөлінді ғой. Егер ана ВТО-ға кірген жағдайда, ондайға рұқсат берілмейді, ол үшін бірден айыппұл төле деп, қосымша салық салатын еді. Ал біз мына ауыл шаруашылығы өндірісін жандандырып алмайынша, оған мүше болуға асықпауымыз керек. Бұл ретте мына Қытай асықпай, 15-17 жыл дайындалып, барлық шаруашылығын түзетіп алып бір-ақ кірді емес пе. Ал бізде қазір ұлттық өндірісіміздің деңгейі төмен, кәсіпорындар саны өте аз, оның өндіріп жатқан өнімінің сапасы әлі төмен.

Ал Қазақстан кәсіпкерлері Қауымдастығының президенті Талғат Акуов болса: «жалпылай алғанда Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына енуге дайын, тек шағын және орта кәсіп иелеріне басында аздап қиындау соғуы мүмкін. Ал, ұзаса 2-3 жылдың айналасында ол келеңсіздіктер де жойылатын болады» деген пікір білдірді:

- Біз мына Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесіне асқан сақтықпен қарап отырмыз. Десек те, жалпылай алып қарағанда ол экономикалық тұрғыдан тиімді де сияқты.

Бүгінде Дүниежүзілік сауда ұйымына әлемнің 147 мемлекеті мүше болып отыр. Тәуелсіз мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер арасында тек Түркменстан ғана Дүнижезілік сауда ұйымына кіруге әлі күнге дейін ықылас танытпапты. 1947 жылдан бері тариф пен салық мәселелерін талқылайтын ұйым болып, 1995 жылдан Дүниежүзілік сауда ұйымы деген атаумен қызмет етіп келе жатқан ұйымның бас директоры Супачай Паничпакди: «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Нарбаевқа кездесу барысында ұйымға мүше өзге мемлекеттердің Қазақстанның мүшелікке ену жолында жасап отырған реформаларына өте жоғары баға беріп отырғанын жеткіздім» деді.
XS
SM
MD
LG