Accessibility links

Қазақстандық мектептер дүниежүзілік салыстырмалы зерттеулерге қатысады


Астана мәртебесін алғаннан бері қоныс аударушылар санының артуына байланысты қала мектептерінде екі ауысымда оқу мүмкіншілігі азайып, кей мектептер 3 ауысымда да оқуға мәжбүр болған еді. Мектеп мұғалімдері мұндай жағдайдың балаларға сапалы білім беруге кедергісі бар деп есептейді. Осыған орай жыл соңына дейін Астанада 4 жаңа мектеп пайдалануға беріледі.

Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев келесі оқу жылынан бастап Қазақстандық оқушылардың білім сапасын анықтау мақсатында дүниежүзілік салыстырмалы зерттеулерге қатысу қажеттілігін айтты. «Тек сол арқылы ғана біз балалардың білім дәрежесін анықтай аламыз. Осындай халықаралық байқауларға қатысатын болсақ қана, білім жүйесінің қаншалықты жақсы–жаман екендігін анықтайтын боламыз», - деді министр мырза.

Нөмірі 40 мектептің мұғалімі Айдын Қабдрашқызы «Бұны тәжірибе ретінде қабылдауымызға болады. Бастауыш сыныптан кейін көп оқушыларымыздың оқуға деген ынтасын жойып аламыз. Бастауыштан кейін толық бақылауға алуымыз керек. Бұны біз білім берудің бір тармағы ретінде қабылдағанымыз дұрыс» , - дейді.

Астана қалалық білім беру департаментінің директоры Әмірхан Рақымжановтың айтуынша, қала халқының көбеюіне байланысты Астанада 1-ші қыркүйектен бастап нөмірі 48-ші қазақ орта мектебі пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін қосымша 3 жаңа мектеп жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, биылғы оқу жылынан бастап Астананың 2 мектебінде 3 тілде білім беру тәжірибесі енгізілетін болды. Басқа елдің тілі оқушыларға өз ана тілі арқылы берілу керек. Сол себепті ең алдымен мемлдекеттік тілді жетік меңгеріп алып барып қана өзге тілді үйренгеніміз жөн деп есептейді нөмірі 40 мектептің мұғалімі Айдын Қабдрашқызы. «Халықаралық деңгейде жұмыс істегеніміз дұрыс, бірақ мұның алғышарттары өз жемісін бере қоймайды. Ең алдымен біз ана тілін өз деңгейіне жеткізуіміз керек. Басқа тілді игеруге әр оқушы қабілетті, оны үйренбе деп ешкім де айта алмайды», - дейді.

Математика пәнінің мұғалімі Зағипа Қуандыққызы «сапалы білім беру үшін әлі де құрал-жабдықтардың қажеттілігі туындап отыр, дидактикалық материалдар жеткіліксіз. Астаналық деңгейге сай жұмыс істеліп жатыр деп айту қиын, - дейді. «Әсіресе кабинеттердің өз деңгейінде жұмыс істеуі өте жоғары дәрежеде тұр десем онда мен ағаттық айтқан болар едім. Ол жыл сайын толықтырыла түсетін дүние. Сондай-ақ, дидактикалық материалдардың жеткіліксіздігі де үлкен мәселе тудырып отыр, қазақша толық комплектісі жоқ, барлық пәндерде сондай», - дейді.

Тамыз мәслихаты барысында Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев білім саласында қажырлы еңбек етіп жүрген қызметкерлердің бірқатарын Үкімет басшысы Даниал Ахметовтың атынан құттықтап, алғыс хаттарын табыс етті.
XS
SM
MD
LG