Accessibility links

Астанадағы тарихи ғимараттардың жойылып кету қаупі баp


Астанадағы тарихи ғимараттардың жойылып кету қаупі бар. Ескі үйлерді сырып, орнына жаңа ғимараттар тұрғызу мақсатында қалада 2000 жылдан бері оншақты осындай ғимарат бұзылған. Олардың арасында тарихи ескерткіштердің мемлекеттік тізімге енгізілгендері де бар. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің мамандары бұған алаңдаушылық білдіруде.

Қазіргі таңда жалпы Қазақстан бойынша тарих, археология, сәулет және мүсін өнерінің жылжымайтын ескерткіштері 25 мыңнан асады екен. Ал Астана қаласы бойынша тізімге енгізілгені 100-ге жуыөтайды. Астана қалалық Тарихи, мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясының бас маманы Сәния Ахметованың айтуынша, қаладағы үйлерді, ескі ғимараттарды сыру жұмысы басталғалы бері 10-ға жуық нысандар бұзылған. Оның ішінде мемлекеттің бақылауындағылар да бар. «Біз 2000 жылдан бері ескерткіштердің тізімін жасап, архитектура департаментінің қол қоймауы себепті қаулы жобасын бекіте алмай отырмыз. Қалалық комиссия, эксперттік комиссия жұмыс жасып, барлығының қолдарын қойғыздық. Аталған департамент сонда да болмай отыр. Мен оларға тағы бір хат әзірлеп сойдым, сайлау науқаны аяқталған соң, жіберетін болармын. Алдағы уақытта 14 нысанды тізімнен алып тастау туралы да мәселе көтеріліп жатыр», дегенді айтты.

Астана қалалық архитектура департаментіне хабарласып, бұл жұмыспен тұрғын үй департаменті айналысады дегеннен кейін, тұрғын үй департаментіне қоңырау шалғанымызда директордың орынбасары Жетес Құрманбекұлы «Біз тек рұқсатпен ғана жұмыс істейміз», - деді.

Осы мәселеге байланысты Астана тұрғындары да алаңдаушылық білдіруде. Қаладағы Сәкен Сейфуллин атындағы музейдің директоры Серік Тұрғынбеков «Жөн-жосықсыз салынып жатқан үйлер, ғимараттар жетерлік. Бұзса соларды бұзған дұрыс. Ал тікелей тарихқа, ұлтқа қатысы бар нысандарды қалдырған жөн. Көп ғимараттар бұзылып кетті ғой, енді қалғанын қайткенде де сақтап қалуымыз» - керек дейді.

Ал қаламгер Нұрғожа Ораз тарихи маңызы бар ескерткіштерді сол қалпына кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек дей отырып, өзінің қарсылығын білдірді. «Астанада үлкен жаңа ғимараттар салынып жатыр, біз оған қуанамыз, Ал бірақ солай екен деп біз тарихымызды, оның ішінде қаланың тарихын ұмытпауымыз керек. Соның бәрін біз мақтаныш тұтып келдік. Енді оларды мәдениетті сақтау қорынан алып тастаса, біз өз тарихымызға өзіміз балта шапқанмен бірдей болмаймыз ба? Ол ертең қаңғырған, жүдеубас бала сияқты әркімнің қолында кетпей ме. Сонда біз ертең не айтамыз? Оған біз қарсымыз.Үкімет қорғайтын мәдениет орындары болып қалуы керек деп есептейміз», - деді.

Біз қолдан келген мүмкіншіліктің барлығын қарастырып, қалған нысандарды өз қалпында сақтап қалуға тырысамыз, дейді Астана қалалық Тарихи, мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясының бас маманы Сәния Ахметова. Ол осы мақсатта қалалық архитектура департаментіне арнай хат жолдайтынын айтса, аталған департамент басшылығының мәлімдеуінше, бұл қалалық тұрғын үй департаментінің құзырындағы шаруа.
XS
SM
MD
LG