Accessibility links

Беслан трагедиясы ингуштер мен осетиндердің қарым-қатынастарына сызат түсіріп, шиеленістіре бастады


1994 жылдың маусым айында Ресейдің Ингушетия мен Солтүстік Осетия республикаларының президенттері одан екі жыл бұрынғы этникалық осетиндермен қысқа қақтығыстар кезінде қоныс аударуға мәжбүр болған ингуштарды қайта көшіру жөнінде келісімге қол қойған болатын. 1992 жылғы келеңсіз жайттар қалдырған жараны жазатын бұл келісімге Бесланда қол жеткізілгендіктен де, бағдарлама қала құрметіне Беслан бағдарламасы деген атқа ие болған. Бірақ өткен аптадағы Беслан мектебінде кепілдікте балалармен қоса, 300-ден астам адамның өмірін қиып кеткен қайғылы оқиғадан кейін Беслан аты көршілес мұсылман ингуштері мен Осетияның ортодокс христиандары арасындағы қайта шиеленіскен қарым-қатынаспен қатар атала бастады.



Бесландағы кепілдікке адам алған 32 адамның ішінде этникалық ингуштер болды деп күдіктелгендіктен, балаларынан айрылып, қайғыға тұншыққан, ашу-ызаға булыққан көптеген солтүстік осетиндіктер кек қайтарамыз дей бастады. Азаттық радиосы Солтүстік Кавказ редакциясының тілшісі Аслан Дадаев жақында Ингушетияға Бесланнан оралды. Ол Беслан дағдарысы кезінде оқиға ортасынан хабарлар беріп тұрды. Тілшінің айтуынша екі этникалық топтың қарым-қатынасы ширығып тұр, оның бір дәлелі- Солтүстік Осетиядағы этникалық ингуштар тұратын Картса аулында жақында болған жағдай:

-Онда кеше және арғы күні де мынандай ақпараттар болды. Жергілікті осетин тұрғындар жиналып ауылға басып кіріп, кек алмақшы болған сияқты. Бірақ милиция мен хұқық қорғау орындары оларды таратып жіберіпті. Сөйтіп онда мекендейтін ингуштарға ешкім тиіспейді, ешқайда кетпеңіздер, қауіпсіздіктеріңіз қамтамасыз етіледі деп уәде еткен. Ресми деңгейде ондай қимылдардың бәріне де тосқауыл қойылуда, алайда тұрғындарда үрей бар бұл және қауіпті де,-дейді.



Павел Баев Ослодағы Халықаралық бейбітшілік зерттеулері институтының Кавказ бойынша маманы. Ол федералдық және аймақтық билік басылары Беслан трагедиясынан кейін тұтанған шиеленісті басатын шұғыл қадамдарға баруы керек дейді. Олай етпегенде өткен онжылдықтарда Солтүстік Осетияға қайтып келіп қоныстанған 30 мыңдай ингуштар кек алу құрбанына айналуы мүмкін деп атап көрсетеді:

-Қала маңайындағы ауданда ингуш тұрғындары көп тұрады. Олардың кейбірі заңды жолмен, кейбірі өз бетімен үйлеріне қайтқандар. Олар қазір қорғансыз, сондықтан да кек алуға ұмтылғандардың оңай жемтігі болары да анық. Менің ойымша Солтүстк Осетияның өз ішінде мұндай жайттардың алдын алу шараларын шұғыл жүзеге асырмаса болмайды. Ол үшін Ингушетиямен шекараны жабу жеткіліксіз. Басты қауіп- Влдикавказдың қала маңы аудандарында деп есептеймін,-деген Павел Баев. Баев сондай-ақ Картсаға жіберілген этникалық осетин полициясынан қорқамын, әлде қандай бір жағдай бола қалса, көршілес Чермен жергілікті ингуштерді қорғай алмайды, этникаралық қақтығыс тұтана қалса, олар қайта осетиндер жағына болысып кетуі де ықтимал дегенді айтады.

Ресей ресмилері Беслан дағдарысын халықаралық террормен байланыстырып, шабуылдаушылар арасында шешендер, арабтар, өзбектер болды деп мәлімдеуде. Десек те, Солтүстік осетиялықтар өз ашу-ызаларын көбірек көршілес ингуштерге қарай бұра береді, Баевтың пікірінше бұл 12 жыл бұрынғы этникалық қақтығыстардың салдары әлі де жойылмағандығының белгісі:

-Бұл тағы да 1992 жылдың ұмытылмағандығын көрсетеді. Мұндағы проблема, олардың көпшілігі Шешенстанға көршіміздің көршісі деп қарайды, ал Ингушетия болса Владиказказдан қол созым жерде жатыр, Бесланға тіпті де жақын. Олар өздері үшін проблеманың үлкені ингуштермен деп есептейді,-дейді Баев.

Солтүстік Казвказ редакциясының тілшісі Дадаев та мұндай көзқарас-пікірдің жаны бар дегенді айтады. Ол сондай-ақ өткен аптаның қайғылы оқиғасы- Беслан трагедиясынан кейін Владикавказда тұрып жатқан шешен босқындары да алаңдай бастады дейді.

Ресейдің билік басылары Солтүстік Осетия тұрғындарын Беслан трагедиясын ішкі этникаралық жанжалға ұластырмауға шақырып жатыр. Ресмилер Мәскеудің Шешенстандағы соғысы мен Беслан трагедиясы арасында еш байланыс жоқ, мектепті басып алып, көптеген адамның, оның ішінде балалардың, өліміне себеп болғандар Кавказдың солтүстігінде ұлтараралық қатынастарды өршітіп, дау туғызғысы келгендер деп мәлімдеуде. Баевтың пікірінше, Ресейдің билік басылары Беслан оқиғасының салдары қашан жане қай жерде дағдарыс түрінде көрініс беретінін біле алмай дал болып отыр.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG