“Сөз” газеті де өзінің соңғы санында Ғалымжан Жақияновпен көлемді сұхбат жариялапты. “Сөз” басылымының 12 және 13 айқарма бетіне берген көлемді сұхбатында Ғалымжан Жақиянов “Шідерті” түрме қонысы туралы кеңірек әңгімелеп беріпті. Сонымен қатар 19 қыркүйекте өтетін парламент сайлауына және тағы да басқа саяси маңызы зор оқиғаларға қатысты да Ғалымжан Жақиянов өз ойын білдіріп өтіпті. “Әрине бұл жерде тікенек темірлер мен қарулы адамдар мен қатаң күзет жоқ. Дегенмен мен күніне бес рет колония әкімшілігіне келіп белгіленуге тиіспін” дейді Ғалымжан Жақиянов. Ғалымжан Жақиянов алдағы өтетін парламент сайлауында электрондық дауыс беру жүйесінің қолданылуы, сайлаудың әділ де ашық өтетіндігін жоққа шығарады деп есептейді екен. Газет тілшісі Алма Шәріпованың “Сізді президент Назарбаевтың басты қарсыласы ретінде атап жүр. Сіз осы пікірге қосыласыз ба?” деген сауалына Ғалымжан Жақиянов “Мен өзімді Назарбаевтың басты қарсыласымын деп санамаймын, мен тек өзімнің көзқарасымды білдіріп жүрген азаматпын. Алайда кейбір кездерде билік жасап жатқан мәселелерге қатысты біздің көзқарасымыздың тоғыспайтыны рас” деп жауап қайтарыпты.
Ал, жұма күні жарық көрген “Начнем с понедельника” газетіне берген сұхбатында Ғалымжан Жақиянов, отыратын орындық болмағандықтан, көп жағдайда хат жазуға да мүмкіншілігінің бола бермейтіндігін айтып өтіпті. Ғалымжан Жақияновтың айтуынша, оның жазған хаттары бәрібір өз иесіне жетпейді екен. “Маған қысым көрсету үшін бұл жерде орындығымды алып қоюы немесе қаламсабымды ұрлап алуы да мүмкін” дейді Ғалымжан Жақиянов. Сондай-ақ Ғалымжан Жақиянов түрмеден шыққаннан кейін, театрға баруды армандайтынын білдіріпті.
Ғалымжанның жұбайы Қарлығаш Жақиянова “Начнем с понедельника” газетіне берген сұхбатында колония басшылығының егер де ол колония территориясынан кететін болса, Ғалымжанды қайтадан бұрынғы мекеніне ауыстарамыз” деп ескерткенін тілге тиек етіпті. “Осылайша олар екі қоянды бір оқпен атып алып отыр. Біріншіден олар Ғалымжанды ешқайда жібермей отыр, екіншіден менің өзім де бұл жерден аттап шыға алмай отырмын” депті Қарлығаш Жақиянова.
Ал, “Время” газетінің соңғы санына берген сұхбатында Қарлығаш Жақиянова жұбайы Ғалымжанның өмірі екі жыл бойы ұстараның жүзінде болғандығын тілге тиек етіпті. Қарлығаш Жақиянованың айтуынша, осы екі жыл барысында жұбайы Ғалымжанға қарсы неше түрлі арандатушылық әрекеттері ұйымдастырылған, сан рет оның өмірі қыл үстінде тұрған. Ал, Ғалымжан Жақиянов “Время” газетіне берген шағын сұхбатында түрмеден шыққаннан кейін қыз бала сүюді армандайтындығын тілге тиек етіпті. Оның атын қалай қоясыз деген газет тілшісінің сауалына “Оны Қарлығаш біледі” деп жауап қайтарыпты.