Accessibility links

Бостандық аудандық соты депутаттыққа кандидат Г.Ерғалиеваның қолдаушыларына тәртіп бұзды деп, 919 теңгеден айыппұл салды


Бұған дейін хабарлағанымыздай, қыркүйектің 8-і күні Қазақстан республикасы Парламентінің мәжілісі депутаттығына үміткер, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Гүлжан Ерғалиев «Хабар» агенттігінің алдында: «Хабар» мен «Еуразия» арналары сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын әділ түрде жүргізіп отырған жоқ, соңғы 2 жарым айдан бері жоғарыда аталған арналарда тек «Асар» партиясы жарнамаланып келеді. Бұл әрекеттер тыйылып, мемлекеттік телеарна барлық партияларға тең дәрежеде жарнама жасасын» деген талаппен бейбіт шеру өткізген болатын. Дәл сол күні кандидат Гүлжан Ерғалиеваның 9 қолдаушысын арнайы шақырылған ОМОН жасақтары Бостандық аудандық ішкі істер басқармасына алып кеткен еді. Бейсенбі, қыркүйектің 9-ы күні кешкісін Алматы қаласындағы Бостандық аудандық соты Гүлжан Ерғалиеваның 7 қолдаушысына қатысты әкімшілік тәртіп бұзған деген айып тағып, олардың әрқайсысына бір айлық есеп көрсеткіш, яғни 919 теңге көлемінде айыппұл салуға шешім шығарды.

Парламент мәжілісі депутаттығына үміткер Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, ОМОН жасақтары қыркүйектің 8-і күні қамауға алған 9 қолдаушысының барлығы дерлік әйелдер болыпты. Алматы қаласындағы Бостандық аудандық сотында қаралған әкімшілік құқық бұзу туралы сот ісінде прокурорлар айыпталушы азаматтарды 5 тәулік қамауға алу жөнінде жаза кесуді сұрады» дейді «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Гүлжан Ерғалиева:

- Прокурорлар оларды 5 тәулікке қамау туралы сұраған. Бірақ сот төрағасы ұялған шығар, бір айлық есеп көрсеткіші көлемінде айыппұл салды.

Естеріңізге сала кетсек, сайлауға «Қазақстанның демократиялық таңдауы» мен коммунистер партиясының біріккен блогынан түсіп отырған Гүлжан Ерғалиева сәрсенбі, қыркүйектің 8-і күні «Хабар» агенттігінің алдында өзін қолдаушы азаматтармен бірге бейбіт шеру ұйымдастырған болатын. «Шеру ұйымдастырудағы мақсатымыз - Қазақстандағы «Хабар» және «Еуразия» телеарналарынан депутаттыққа кандидат азаматтарға сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тең дәрежеде мүмкіндік берілсін деген талап-хатты «Хабар» агенттігінен соңғы 2 жарым ай шамасында үзбей жарнамаланып келе жатқан «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаеваға тапсыру еді» дейді Гүлжан Ерғалиева. Оның айтуынша, Бостандық аудандық соты шығарған шешімге наразылық білдірген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының заңгерлері алдағы уақытта Алматы қалалық сотына шағым түсірмек:

- Біз алдағы күндері қалалық сотқа шағым түсіреміз. Өйткені, Бостандық ауданының соты шығарған шешім дұрыс емес. Онымен келісе алмаймыз.

«Депутаттыққа кандидат Гүлжан Ерғалиева талап-хат табыс етуге келген сәтте Дариға Назарбаева Алматыда болған жоқ, үгіт-насихат жұмыстарымен басқа қалада болды дегенді алға тартқан «Асар» партиясының баспасөз-хатшысы Шолпан Забих: «Гүлжан Ерғалиева кездесіп отырған сайлау алдындағы кедергілер «Асар» партиясын да айналып өтіп жатқан жоқ» деп отыр:

- «Асар» партиясының мүшелеріне де түрлі кедергілер жасалып жатыр ғой. Бізге де оңай емес. Дайын нәрсеге келіп жатқан жоқпыз. Біз де сол басқа партиялар сияқты түрлі қиындықтар көріп жатырмыз. Жұрт: «Дариға Нұрсұлтанқызы президенттің қызы болған соң барлық жолы ашық» деп ойлайды. Шын мәнісінде олай емес. Бізде де кедергі жасаған деректер бар.

Ал Қазақстандағы республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің төрағасы Дос Көшім «Азаттық» радиосына берген сұхбатында: «Сайлау туралы» заңға сәйкес, депутаттыққа кандидат әрбір азаматтың сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарының шеңберінде кез-келген орында, кез-келген уақытта жиын, шеру өткізуге құқығы бар. Ол үшін кандидаттың қолдаушыларына жаза кесу дұрыс емес» деген пікір білдірді:

- Менің ойымша, кандидаттың сайлау бағдарламасына байланысты халыққа үгіт-насихат есебінде шеру өткізуі заңға сәйкес әрекет. Бірақ, Қазақстанда шерудің бәрі осыдан бұрынғы заңмен реттеледі. Ол заңға сәйкес, шеру өткізу туралы 10 күн бұрын өтініш жазу керек. Сосын шеру өткізуге әкімшілік рұқсат беруі керек. Өтініш жазған кезде плакаттарда қандай сөздер жазылатынына дейін көрсету қажет деген демократияға сай келмейтін талаптар бар. Яғни, бұл жерде сайлау барысында үміткерлерге берілген мүмкіндіктер мен Қазақстанның жалпы шеруге байланысты заңының арасында сәйкессіздік бар. Мен өз басым бұл заңға толық қарсымын, бірақ, бұл заң дәл қазіргі уақыттағы бар заң.

Мәжіліс депутаттығына кандидат Гүлжан Ерғалиеваны қолдап «Хабар» агенттігінің алдына шығып, жазықты болған 7 азаматтан сұхбат алудың сәті түспеді. «Ол кісілер бір жағынан екі күнге созылған сабылыстан шаршаған, екіншіден полиция қызметкерлерінің жоғарыдағы әрекетінен үрейленіп қалған» дейді «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Гүлжан Ерғалиева.
XS
SM
MD
LG