Accessibility links

Ирақ елбасы НАТО-ның осы елдегі жаттығуларын одан әрі кеңейтуін сұрап отыр


Ирақ елбасы НАТО-ның осы елдегі жаттығуларын одан әрі кеңейтуін сұрап отыр. Бұл ұсынысын Ғази Әл-Явар мырза Брюссельге сапары барысында, сейсенбі күні жасаған еді. Ирақтың Қауіпсіздік күштері үшін бұдан да көп жаттығулардың қажет екендігіне мегзей келіп, Әл-Явар мырза келер жылдың қаңтар айына белгіленген сайлаулардың сыртқы көмектерге ерекше байланысты екендігін айтып өтті. Бұл мәселені НАТО басшылары өз отырыстарында арнайы талқылауда.

Ирақтың аралық елбасы Ғази Әл-Явардың сейсенбі күні НАТО-ға мүше елдер елшілеріне жеткізген ең басты өтініші- бұл елді қайта қалпына келтіруге арналған уақыттың зымырап өтіп бара жатқандығы, демек қауіпсіздік бағытында көрсетілетін көмектің ауадай қажеттігі болатын.

Дәл осындай өтініштерін Ирақ өкіметі НАТО одағының маусым айындағы отырысында да айтқан еді. Ол жолы да Ирақ Қауіпсіздік күштерін арнайы жаттығулардан өткізіп, сондай-ақ жабдықтармен қамтамасыз етіп, нақтылай көмектесу сұралған болатын. Бір айлық үзілістен кейін НАТО-дағы елшілер аталған сауалды сәрсенбі күні қайта талқылауда. Осы кезде Бағдатта 40-қа жуық адамнан құрылған НАТО-ның шағын тобы тұр. Ол топ Ирақ штаб-пәтерінің жеке құрамасын арнайы дайындықтан өткізуді ұсынуда. Алайда мұның өзі Ирақ үшін қажетті көмек көлемінен тым төмен жатыр, деген көзқарасты ұстанып отыр Ирақ басшылары. Ирақ елбасымен кездесуден кейін НАТО бас хатшысы Жип де Хуп Шеффер мырза Ирақта бұл одақтың коллективтік маңызға ие болуына қарсыласып келе жатқан Франция мен оның одақтастарына қысым көрсету бағытын ұстануда. Ол аталған мәселеге байланысты былай деген еді:

“Әл-Явар мырзаның екі ұсынысы менің миымда тұрып қалды. Елбасы айтқан бірінші сөзі-“Ирақ халқы Сіздерге қарап отыр” деген ескерту. Менің ойымша, елбасы өте дұрыс айтып отыр. Осы мәлімдемедегі идея бойынша, Ирақтағы қауіпсіздік күштерін дайындықтан өткізу жөніндегі шешімді НАТО тез арада іске асыруы тиіс. Және менің төрағалығыммен НАТО-дағы елшілер бұл мәселені жүзеге асыруға тырысуда”-, деді Шеффер мырза. Оның айтуынша, Ирақ елбасы мәлімдемесіндегі назар аударарлық екінші сауал- бұл көмектердің кезек күттірмейтін жағдайда жасалуы.

НАТО тарапынан көрсетілуі тиіс көмектер әсіресе қаңтар айындағы сайлаулар қарсаңында айрықша маңызға ие болып отырғандығын айта келіп, Әл-Явар мырза сайлау бекеттерінде қауіпсіз де жайлы жағдай орнауы тиіс екендігіне тоқталды. Ол сондай-ақ, лаңкестік әрекеттердің Ирақ уақытша өкіметіне төндіріп отырған қаупінің аса салмақты екендігін айта кетті. “Ирақта фракциялар арасында соғыс болып жатқан жоқ. Күрестің бір жағында Ирақ халқы мен Ирақ өкіметі, ал екінші жағында Ирақтағы саяси үдеріске кедергі келтіріп, сол арқылы елде бей-берекеттіктер орнатуға тырысуша адамдар топтары тұр”, деген пікірін білдірді ол. Аса қауіпті аймақтарда сайлау бекеттерін орнатпау жөніндегі бұған дейін естіген пікірлерін айта келіп, Әл-Явар мырза “ Бұл- жалпы халықтық сайлаулар. Сондықтан оны елдің бір аймағында өткізіп, ал екінші аймағын айналып өтуге болмайды”, деген пікірін ортаға салды. НАТО тарапынан көрсетілуі тиіс көмектер қатарында Ирақ елбасы қауіпсіздік күштерін әскери тұрғыда мамандандыру, қазіргі жаттықтыру ісін одан әрі кеңейту және жабдықтармен қамтамасыз ету, сондай-ақ моральдық тұрғыда қолдау көрсету істерін атап көрсетті.
XS
SM
MD
LG