Accessibility links

Литва астанасы Вильнюсте СПИД-пен күрес шараларына арналған конференция басталды


Литва астанасы Вильнюсте СПИД-пен күрес шараларына арналған конференция басталды. Бұл сырқатпен күреске назарды бұрынғыдан да қаттырақ бұруды аталған жиын басты мақсаты етуде. Конференция демеушілерінің бірі-Еуропа одағы. Бұл ұйым Ресей, Беларус, Украйна және Балқан елдеріндегі жағдайға конференция жұмысы тікелей әсер етсе, деген тілекте отыр.

Еуропа одағының Шығысқа қарай биылғы жылы қанат жая түсуі оған жаңа проблемаларды ала келді. Атап айтқанда, Еуропа комиссиясы өзінің жаңа баяндамасында ғасыр дерті деп аталып кеткен СПИД және адам ағзасындағы иммундық тапшылықты қоздырғыш ауру бойынша Еуропа одағына мүшелікке жаңадан қабылданған елдер әлем бойынша алдыңғы саптың бірінде тұрғандығын атап көрсетуде. Сондай-ақ, Еуропа одағына көршілес Ресей сияқты елде де жағдай осындай. Еуропа комиссиясының денсаулық сақтау ісі бойынша сарапшы маманы Мати Ражала Азаттық радиосына берген сұхбатында кейбір жағдайларда бұл ауру деңгейі шын мәнінде дабыл қағарлық деңгейге жеткен. Өткен бірнеше жылдарда Эстония мен Латвиядағы жағдай халықаралық мәліметтер бойынша тым нашарлап кеткен. Ресей, Беларусия, Украйна елдерінің кейбір аймақтарында бұл ауру түріне шалдыққандардың саны жалпы тұрғындардың бір пайызын құраған екен, деді. Демек, осы проблеманың тек техникалық жағын ғана емес, сондай-ақ саяси саласын да қоса көтеруге конференция үміт артуда. Конференцияға денсаулық сақтау ісінің ең үздік деген 350-дей маманы қатысып отыр.

Сондай-ақ Еуропа одағына мүше елдермен қатар, оған мүшелікке үміткер елдердің және АҚШ пен БҰҰ-ның, сонымен бірге азаматтық қауымдардың делегаттары осы басқосуға қатысуда. Әлемдік Денсаулық сақтау ұйымы бас директорының көмекшісі Жак Чоу Вильнюсте сөйлеген сөзінде Еуропа мен Орта Азияда бір миллиард 800 миллиондай адам ВИЧ ауруымен ауырғандар екен. Ал, Еуропа ұйымының Шығысқа қарай одан әрі ұлғая түсуі жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр, деді. “Бұл сырқатқа душар болғандардың негізгі басым бөлігі жастар, олардың 80 пайызы- жас адамдар. Еуропа одағының кеңеюі арқылы бұл елдерге келетін адамдардың да, сауда-саттық жасаушы әріптестер арасындағы коммерцияның да саны өсе түспекші. Демек, эпидемияны ауыздықтау үшін ол аурудың алдын-алу және емдеу шаралары қоса жүргізілетін болады”-, деді Чоу мырза. Ол сондай-ақ осы ауру түрінің таралуы бойынша Орта Азияның айрықша назар аударуды қажет ететін аймақ болып отырғандығын баса айтты.

Чоу мырзаның пікірінше ВИЧ ауруын жұқтырып алғандар бұл жөнінде өздері білмеуі де мүмкін. Мұның өзі аталған кеселдің одан әрі кең тарауына мүмкіндік туғызбақшы. Тіпті сырқат адам ол жөнінде білген күнде де, сол қоғамда қалыптасып отырған көзқарас әлгі адамның ауруын жасырып жүруіне мәжбүрлеуде, дейді Чоу мырза. Вильнюс конференциясынан бұрын, осы жылдың ақпан айында СПИД-ке қарсы күрес бойынша Дублин басқосуы болған-ды.

Ресми өкілдер пікіріне қарағанда, Вильнюс конференциясында қол жеткізілетін шешімдер бұл ауру түріне қарсы күресте негізгі үлгі ретінде қабылданатын болады. Еуропа одағы комиссиясының өкілі Бета Гминдер ханымның өткен аптада Брюссельде айтуынша, осы ауру түрлеріне қарсы күрес сауалын Еуропа одағының күн тәртібіндегі ең басты саяси мәселеге айналдыруға Комиссия күш салуда. Осы орайда, яғни аталған үдерісті бақылауда ұстау ісінде Вильнюс конференциясының жұмысы алға қарай жасалып отырған бір қадам болып отыр-, дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG