Accessibility links

Еуропарламент депутаттары: «Қазақстандағы сайлау әділ өтуге тиіс» деп сенім білдіріп отыр


Жұма, қыркүйектің 17-сі күні Алматы қаласына Қазақстандағы парламент мәжілісінің сайлауына халықаралық бақылаушы ретінде қатысуға Еуропалық парламент депутаттарының делегациясы келді. Делегация құрамындағы депутат Джон Боуис Қазақстандағы демократиялық ахуал тұрғысында Еуропалық парламент өткен жылы жазып шығарған сыни көзқарастағы резолюция авторларының бірі болып табылады. Қыркүйектің 19-ына белгіленген сайлауды бақылау мақсатымен Алматы қаласына келген Джон Боуис: «бүгінде сол айтқан сыни пікірлерден Қазақстан басшылығы тиісті қорытынды шығарды, яғни Қазақстандағы демократиялық ахуал жақсарып келеді» дегенді айтты. Еуропалық әріптесі айтқан бұл ойды Қазақстан парламентінің мүшесі Ғани Қалиев та қуаттап отыр. Ал саясаттанушы Нұрболат Масанов болса: «Еуропарламент Қазақстан парламентіне ескертпе айтып, босқа уақыт кетіргенше, алдағы сайлаудың ашық, әділ өтуіне көмектессе жөн болар еді» дейді.

Қазақстандағы парламент мәжілісі сайлауының барысын бақылауға келген Еуропарламент депутаты Джон Боуис өзінің 2003-ші жылдың көктемінде Қазақстан парламентіне сыни қарар жазған авторлардың бірі екенін айтып өтті. Ол хатта Еуропалық парламент депутаттары Қазақстандағы демократиялық өрістеу сын көтермейді деген ой айтқан болатын. Негізінен аталған қарарда 3 мәселе көтерілген еді. Біріншісі: Қазақстанда саяси тұткындар болмауы керек деген пікір білдірілсе, екіншіден адам құқықтарының ахуалына алаңдаушылық айтылады. Үшінші, Қазақстандағы Еуропарламент оң бағалаған жайт - республика президентінің өлім жазасына мараторий жариялауы болатын. Жұма, қыркүйектің 17-сі күні Еуропарламент депутаты Джон Боуис: «өткен жылы жолданған хаттан Қазақстан басшылығы дұрыс қорытынды жасады» деген пікір білдірді:

- Біз Қазақстанға достық пейілде болғандықтан, әр уақыт оның қол жеткізген жетістіктерімен қатар, кемшін тұстарын да жария түрде айтып отырамыз.

Ал саясаттанушы Нұрболат Масанов: «мен ол хаттан кейін Қазақстан басшылығының оңтайлы шаруаларды жүзеге асырғанын көре алмай отырмын» дейді:

- Мен бұл жерде ешқандай алға ілгерілеушілік байқап тұрғаным жоқ. Меніңше, Қазақстандағы ахуал тіптен нашарлап кеткен сияқты.

Ал Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ғани Қалиев болса: «біз Еуропарламент тарапынан ескертпе алған соң, біраз істер аткардық. Солардың ішіндегі ең бастысы - елдегі «Сайлау туралы» заңға демократиялық бағыттағы өзгертулер енгіздік» деп отыр:

- Ең бастысы сол «сайлау туралы» заңға бұрынғыға қарағанда демократиясы көптеу нормалар енгіздік. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Сосын сол заң жобасын талқылауға әлгі Еуропарламент өкілдері де қатысты. Біз барынша сол кісілер айтқан ұсыныстарды ескеруге тырыстық.

Ал Қазақстандағы сайлау барысын бақылауға келген Еуропарламенттін тағы бір депутаты Струан Стивенсон болса, алдағы науқанды бақылауға әлемнің әр түкпірінен 800-ге тарта өкіл қатысатынынан хабардар болғанын алға тартып, өзінің бұл сайлаудың әділ, ашық өтетініне сенім білдіретінін айтты:

- Біз бүгін Алматы қалалық сайлау комиссиясының төрағасымен кездестік. Ол кісімен сөйлескен кезде, біз Қазақстандағы сайлауды бақылауға әлемнің әр түкпірінен 800-ге тарта өкіл қатысатыны білдік. Осыған қарап, Қазақстандағы сайлау ашық, демократиялық жолмен өтеді деп ойлап отырмыз.

Ал «алдағы сайлау әділ өтпейді» деген пікір білдірген саясаттанушы Нұрболат Масанов, «өйткені, биылғы сайлау алдындағы науқан барысында партиялар мен кандидаттарға тең дәрежеде мүмкіндік берілген жоқ» деп отыр:

- 1999 жылғы сайлауда шамалы демократия көріністері болған еді. Ол кезде тіпті «Қазақстанның республикалық халықтық партиясының» өкілдеріне де «Хабар» агенттігінен ойын жеткізуге мүмкіндік берілген болатын.

Қазақстандағы парламент мәжілісінің сайлауына халықаралык бақылаушы ретінде қатысуға шақырылған Еуропалық парламент депутаты Джон Боуис, электронды дауыс беру жүйесіне қатысты да ойын білдірді. Оның айтуынша, дәл осындай жүйені елдің барлық аумағында бір мезгілде қолданысқа енгізбек болған Ирландия мемлекеті 10 миллион долларды желге ұшырып, сәтсіз эксперимент салдарынан бір министр қызметімен қоштасыпты. «Біз Қазақстанда ондай жағдай қайталанбайды, 19-шы қыркүйек күніне белгіленген сайлау барынша әділ, таза өтеді деген сенім білдіреміз» деді Еуропалық парламенттің депутаты Джон Боуис.
XS
SM
MD
LG