Мысалы, «Ақжол» партиясының тең төрағаларының бiрi, таяуда ғана ақпарат министрi болып тағайындалған Алтынбек Сәрсенбаев мырзаның ә дегеннен демократиялық қадамдарға баруы, жаңадан «Баспасөз туралы» заң жобасын жасауы кертартпа шенеунiктердi сескендiрiп отыр»,-- дейдi «Әдiл сөз» қоғамдық қорының төрайымы Тамара Калеева.
Ал бүгiнде Нұрсұлтан Назарбаевқа ымырасыз қарсылас ретiнде танылып жүрген Заманбек Нұрқадiловтың ойынша екi министрiлiктi бiрiктiру идеясын әрқилы жоруға болады; «Кезiнде бiр-бiрiмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын құрылымдарды да қосқан. Ал бұл жолы сорпасы қосылса мейлi ғой. Бiрақ, оның астарында саясат жатса, оған қосылуға болмайды».
Мемлекет басшысының ұсынып бойынша, Мәдениет пен ақпарат министрлiгiне спорт саласы да бiрiктiрiлмек. Саясатшы Әмiржан Қосановтың пiкiрiнше, мұның да өзiндiк себебi бар. «Демократиялық көзқарастарымен билiктi үркiтiп жүрген Алтынбек Сәрсенбаевтан құтылу мақсаты да тұрған болар. Дегенмен, Спорт, туризм сияқты салаларға билiктiң көзқарасы онша емес.Бұларды өгейсiту әдетке айналып кеткен. Сондықтан оларды бiрде ана құрылымға бiресе мына құрылымға тели салу әдетке айналған», -- дейдi Қосанов мырза.
Бiр айта кетерлiгi, сайлау алды науқаны болғандықтан Алтынбек Сәрсенбаевтың өзiмен, «Ақжол» партиясының басқа да жетекшiлерiмен хабарласудың сәтi түспедi. Ал алда болуға тиiс құрылымдық өзгерiстердiң тағы бiрi -- Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнiң министрлiк болып құрылатындығы. Кезiнде осы агенттiктi басқарған Заманбек Нұрқадiлов мұны мемлекет басшысы тарапынан жасалған оңды қадам деп бiледi. Дегенмен, келешекте бұл саланы Президенттiң өзiне тiкелей бағынатын құрылымдардың қатарына енгiзу керек деген ойда.
Сөйтiп, алда болатын өзгерiстерден кейiн республикалық агенттiктердiң үшеуi, атап айтқанда, Қаржы полициясы, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау, сондай-ақ, Жер ресурстары жөнiндегi агенттiктер бұрынғы мәртебесiн сақтайтын болса, қалғандары министрлiктердiң құрамына енгiзiлмек. Ал министрлiк мәртебесiне тек Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiк ие болмақ.