Бұл уәде Н.Назарбаевтың Аустрияға соңғы сапары барысында, Қ.Тоқаевтың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымының Венадағы штаб-пәтерінде сөйлеген кезінде берілген-ді. Алайда, сайлауға 330 бақылаушысын аттандырған Еуропалық Ұйымның миссиясы “Қазақстанда өткен кезеңмен салыстырғанда, бұл жолы көп саяси партия тіркеуден өткенімен де, “сайлаушыларға әсіресе жергілікті билік өкілдері мен жұмыс берушілердің жаппай қысым жасағанын” атап көрсетті. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымының бұл тұжырымы Батыстың көп ақыл-кеңес беруіне өкпелегендей болған бұрынғы советтік республикалар мен Еуропа елдері арасында теке-тірестің тууына негіз болуы мүмкін. Мысалға, Қазақстан астанасы – Астанада Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Бәлиева “Рейтер” агенттігіне: “Сіздер басқа нәтиже күттіңіздер ме? Менің пікірім болса – біздің сайлау тамаша болып өтті”, -деп мәлімдеді. Сайлаудың бастапқы да бейресми нәтижесі – президент Н.Назарбаевты қолдайтын “Отан” партиясының басым дауысқа ие болғанын көрсетіп отыр.
Қазақстандағы сайлау – ресми Астананың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Ұйымға 2009 жылы төраға болғысы келетінін мәлімдеуінен 1 жыл өткен соң өтті. Қазақстанға дейін бұрынғы советтік одақтас республикалардың бірі де ондай мәлімдеме жасаған жоқ-ты. Өз кезегінде Еуропалық ұйымның кешегі советтік республикаларының басым көпшілігіндегі сайлауларға, адам құқықтарының жайына және баспасөз құралдарының еркіндігіне деген ескертпелері болды. Сол себепті де кешегі советтік республикалар мен құрамында 55 мүшесі, олардың ішінде Еуропа елдері, Канада және АҚШ та бар, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымының арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай салқындады.
Владимир Путин Ресей президенті болған сәттен бері орыс үкіметінің Еуропалық Ұйым мен оның сайлау процесін бақылайтын әлемдегі ең үлкен құрылымы болып табылатын және демократиялық институттар мен адам құқықтары бойынша Варшава қаласында орналасқан кеңсесіне деген көзқарасы уақыт өткен сайын салқындап барады. Мәскеудің пікірінше, Еуропалық ұйым кешегі советтік республикалар мен басқа да елдерге екі ұшты стандарттарды қолданып отыр. Міне Мәскеудің осындай сыни көзқарасы Орта Азия мен Қапқазды билеп-төстеп отырған авторитарлық лидерлердің құлақтарына майдай жақты.
Өткен шілде айында Ресей, Қазақстан және бұрынғы басқа 7 советтік республика Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Ұйымға жолдаған арнайы хатында егер Еуропалық ұйым сөз бостандығын, адам құқықтарын және демократиялық сайлауды қамтамасыз ету жөніндегі қысымын доғармайтын болса, онда ол Ұйыммен арадағы қарым-қатынасын үзетіндерін ескерткен болатын. Бұл мәселелер, хат жолдаушылардың пікірінше, әр елдің ішкі ісі болып табылады.
Дегенмен де, ол хатқа қайтарған жауабында қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі АҚШ Комиссиясы: “Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің барлығы 1991 жылы қол қойған Декларацияда көрсетілгендей, адам құқықтарын қорғау - “декларацияға қол қойған елдердің барлығы үшін тікелей қатысты және бұлжытпай орындалуға тиісті мәселе және ол – мүдделі елдердің бірыңғай ішкі ісі болып табылмайды”, -деп ескертті.