Accessibility links

ҚР Парламенті депутаттығына үміткер болған жеке кандидаттар сайлау әділ өткен жоқ дейді


Қыркүйек айының 22-сі күні Алматыда ҚР Парламенті депутаттығына кандидат болған бір топ жеке үміткерлер 19 қыркүйек күнгі сайлау әділетсіз өтті деп мәлімдеме таратты. Алматы қаласы бойынша N5-ші “Алатау” сайлау округінен депутаттыққа кандидат болған Сейдахмет Құттықадам: “Сайлау барысында ақылға сыймайтын заңсыздықтар орын алды. Ол осы сайлауды өткізуді жауапкершілікке алған сайлау комиссиясы мүшелерінің өздері сайлауды талаптарға сай өткізуге дайын болған жоқ. Олар тек жасандылықтар мен заңсыздықтарға жол беріп отырды. Сайлау комиссиясының жауапсыздығынан мыңдаған адамдар тізімде жоқ болып, дауыс беру құқықтарынан айырылды”, деді. Оның айтуына қарағанда, сайлау комиссиясы мүшелері “Отан” партиясының үміткерлерін өткізуге жұмыс істеп, сайлаушылардың 19,3 пайыз дауысына ие болған Сейдахмет Құттықадамды сайлаудың келесі турына қатыстырмаудың жолдарын қарастырып жатыр.

Ал келесі Жезқазқан облысының N42 “Балхаш” сайлау округінен үміткер болған Серғазы Мұхтарбеков та өзі кездескен заңсыздықтарды тілге тиек етті. Ол сайлау кезінде белгілі бір кандидатқа үгіт жүргізу жұмыстарының ашық жүргізілгендігін айтты. Алматы облысы бойынша N14 сайлау округінен кандидат болған Жүсіпбек Қорғасбек: “Сайлау кезінде менің сенімді өкілдеріме қысым көрсету, қоқан-олқы жасау тәрізді заңға сыймайтын әрекеттер орын алды”, деді. Осындан екі күн бұрын ғана сайлаудың әділетсіз өткендігін мәлімдеген “ақ жолдықтар” сәрсенбі күні өз мәлімдемелеріне айғақ болатын заңсыздықтар болғандығын жариялады.

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов:

-Кеше біздің соңымыздан бақылау жүргізіп, видиоға түсірген жігіттерді қолға түсірдік. Кейін таңертең анықталғанындай олар арнайы қызметтің адамдары болып шықты. Жер-жерден балама санақтарды алып қарасақ, онда біздің нәтижеміз жоғары. Электронды жүйе бойынша біздің рейтингіміз 15 пайыздан төмен емес. Мұны билік төмендетуге тырысып жатыр. Осының барлығы қазір біздің мемлекеттігімізге қатер. Біз үшін демократия, тәуелсіздік құнды болғандықтан президентке шұғыл телеграмма жолдап, үндеу қабылдап жатырмыз. Билік үшін мемлекеттігіміз құнды болса дереу шара қабылдап, тез арада әділеттік орнатуға қимыл жасауымыз керек. Осы мәселеге байланысты біздер Орталық сайлау комиссиясына хабарласқанымызда ол жердегілер бұл мәселелерге жауап бермейтіндігін жеткізді. Өз наразылықтарын білдірген жеке кандидаттар заңға жүгінетіндігін жеткізді. Жеке кандидаттар мен оппозиция өкілдерінің бұл мәлімдемесіне “Отан” партиясының өкілі Амангелді Ермегияев былай дейді:

-Егер де сол оппозиция өкілдері бүгінде жеңіске жеткен болса, “сайлау әділ өтті деп” бөріктерін аспанға атқан болар еді. Өздерінің ойынан шыға алмағаннан кейін қаралай бастады. Ақты қара деу оларға әдет бола бастады. Еліміздегі болып жатқан дүниелерден тек қара түстен басқа түсті айырғылары келмейді. Тек қара түсті көріп отырса ол апарып апатқа соқтырады. Тек қаралаумен олардың қайда баратындығын мен түсінбеймін. Осы орайда тағы айта кетер жайт, Алматы қаласындағы N3-ші сайлау комиссиясы отставкаға кеткендігі мәлім болды.
XS
SM
MD
LG