Accessibility links

Н.Назарбаевтың өзекті мәселелері өршіп тұрған ҚХР-ның Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына сапары түсініксіз дейді кейбір сарапшылар


Қыркүйектің 24-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай халық республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына жұмыс сапарымен барды. Негізінен екі елдің шекаралық бақылау қызметімен және кеден инфрақұрылымымен танысатын Қазақстан президенті жұмыс бабындағы сапары барысында ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаомен телефон арқылы сөйлеседі деп жоспарланған. Қазақстан басшысының алып көршісіне жасаған кезекті сапары турасында саясаттанушылар мен саясаткерлердің пікірін білген едік.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына бұл жолғы сапары кейбір саясаттанушылардың айтуынша, елдің әлеуметтік-экономикалық жағынан артта қалып келе жатқан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына, ондағы қазақ диаспорасының тіршілігімен танысуға арнауы тегін емес дейді. Қытай өзінің Орталық Азия елдерімен аталған ауданы арқылы да әріптестік байланыстарды нығайтуға мүдделі болып отыр дейді біз тілдескен саясаттанушылар. Олардың ойынша, Қазақстан басшысының күретамыр байланыстарды өз көзімен көріп, екі ел арасындағы кеден және шекара қызметімен танысуы соның айғағы дейді. ҚР президентінің жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Мәулен Әшімбаев екі ел арасындағы байланыстардың бүгінгі күні толық орныққанын айтады.

Алайда “Спектр” сараптамалық орталығының қызметкері, саясаттанушы Болат Тілеповтың айтуынша, Қытай Халық Республикасының әлеуметтік-экономикалық жағынан артта қалып келе жатқан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында қордаланып қалған мәселелердің бар екенін және оның ондағы қазақ диаспорасына да өзінің кері әсерін тигізіп отырғаны күрделі мәселе дейді.

Ал заңгер сарапшы Алмас Жұмағали екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар жасағанда миграция мәселесін Қазақстан басшылығы қолға алатын уақыты жетті дейді.

Сонымен біз тілдескен сарапшылардың осындай талқылауына түскен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай халық республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына жұмыс сапары сенбі күні аяқталады.
XS
SM
MD
LG