Accessibility links

“КП-ҚДТ” оппозициялық одағы сайлау қорытындысын мойындамайтындықтарын мәлімдеді


Қыркүйек айының 24-і күні Алматыда “КП-ҚДТ” оппозициялық одағының жетекшілері 19 қыркүйек күнгі өткен сайлауды ресми түрде “әділетсіз” деп танып, әділетсіз сайлауға жол берген ҚР президенті орнынан кетіп, халық алдында жауапқа тартылу керек деген мәлімдеме таратты.

Бірінші кезекте сөз алған Асылбек Қожахметов:

“Қазақстанда демократияға қауіп төніп тұр. “КП-ҚДТ” оппозициялық одағы ҚР парламенті сайлауының қорытындысын мойындамайды. Оппозициялық одақ бақылаушыларының хорнометражы бойынша Қазақстанда 900 мың сайлаушы ұйымдастырушылардың әдейі жасаған әрекеттерінің кесірінен дауыс беру құқығынан айырылды”, деді.

- Біз президенттен сайлауды әділ өтпеді деп санауды және ҚР сайлау туралы Конституциялық заңын кең көлемде бұрмалау үшін қолданылған “Сайлау” электронды дауыс беру жүйесіне қыруар ақша жұмсағаны үшін түсінік талап етеміз. Біз азаматтар бостандығына үнемі нұқсан келтіретін президентті мойындамаймыз. Ол орнынан кетіп, халық алдында жауапқа тартылу керек.

Біз ОБСЕ-нің халықаралық миссиясына Мәжіліс парламентінің екінші турына кең көлемде бақылау жасауын және өткен сайлауды заңсыз деп табуын сұраймыз. Біз өзінің негізгі міндетін жалпы адами демократиялық стандарттар бойынша бұрмаланған сайлаудан бас тартуға, Қазақстан халқын 2 қазан күні жалпықазақстандық митингіге қатысуға шақырамыз. ҚР Парламентіне сайлауды заңсыз деп тауып, президенттен жаңа сайлауды тағайындауды талап етеміз, - деді.

Коммунистік партияның жетекшісі Серікболсын Әбділдин: “Біз бұл мәселені аяғына дейін жеткіземіз. Соның негізінде қазанның 2-сіне жалпықазақстандық митингі шақырып отырмыз”, дейді. -ҚР президенті 2-қазандағы біздің мәлімдемемізге құлақ аспайтын болса, онда біз ең бірінші, президенттің орнынан кетуі жөніндегі референдумды бастаймыз. Екінші, жерді сатпауды, үшінші, Ұлттық қордағы ақшаның 70 пайызын бюджетке қосу жөнінде ұсыныс жасаймыз. Осының бәрін шумақтап тұрып мәселе етіп қоямыз.

Оппозиция өкілдерінің бұл мәлімдемесіне “Ауыл” партиясының өкілі Ғани Қалиев Қазақстан ел болғалы әділ сайлау өткен емес. Сайлаудың қалай өткендігін барша жұртшылыққа мәлім деген пікірін білдірді.
XS
SM
MD
LG