Accessibility links

Қазақстанда осы жылдың жартысында 19 мыңға жуық шет ел азаматы заңсыз жұмыс жасаған


Қыркүйектің 27-і күні Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия көші-қон қатынастары саласында қалыптасқан жағдайды қарады. Комиссия төрағасы Жабайхан Әбділдин көші-қонның көбеюіне байланысты бірқатар мәселелер туып отыр, дейді.

Әр түрлі елдердегі әлеуметтік, саяси жағдайдың әркелкілігіне байланысты көші-қон күшейді. Сырттан келушілердің құрамында терроризммен байланысты адамдар да болуы мүмкін. Сондықтан әр мемлекет көші-қонға қатысты өз заңдарын күшейтеді. Бірақ бұған халықаралық ұйымдар қалай қарайды, дейді комиссия төрағасы.

Ал, бас прокурордың орынбасары Әбдірашит Жүкенов көші-қон саласында жекелеген азаматтар санатына визаны жеңілдетілген тәртіпте беру және басқа шаралар жасалды, алайда, бұл салада шешімін күткен бірқатар проблема бар. Бүгінгі күнге дейін Қазақстанға келетін шетел азаматтары жайында орталықтандырылған мәліметтер банкі жоқ. Осыған байланысты заңсыз көші-қонның көлемі жайында шынайы мәлімет жоқ, дейді бас прокурордың орынбасары. Жүкенов көші-қон полициясы департаментінің мәліметі бойынша Қазақстанда осы жылдың жартысында 19 мыңға жуық шет ел азаматы заңсыз жұмыс жасаған, дейді.

Сондай-ақ,ол Қырғызстанның Баткен шатқалы Орталық Азияда ең дабыл қағарлық аумақ. Жедел мәліметтер бойынша мұнда террористер мен экстремистерді дайындау үшін орталық құруға барлық жағдай бар. Осы тұрғыдан алғанда виза және тіркеу істерін одан әрі жеңілдетуге болмайды, дейді.

Оның айтуынша, АҚШ, Франция, Ресей, Литва, Кипр виза тәртібін қатайтуда.

Жүкенов Оңтүстік Қазақстан облысында шетел азаматтарын заңсыз құрылыс жұмыстарына тарту кеңінен таралғанын, өткен жылы осы облыстың сотымен шетел азаматтары жасаған 4 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралғанын және осы кезеңде 3 мың адамның елден шығарылғанын айтады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Батыржан Ашитовтың айтуынша, жұмыс беруші шет ел азаматын жұмысқа тарту арқылы заңды бұзады. Бірақ өкінішке орай министрлік жедел-іздестіру қызметімен айналыспайды, дейді.

Ал, Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы жетекшісі Микаэл Чанц көші-қонның елде заңсыз жағдайда болуының көбісі, олардың өткізу бекеттері арқылы заңды келіп, бірақ тіркелмеуі немесе тіркеуде қиындықтардың болуы және ондай келушілердің көбіне заңсыз жұмыс істеуінен шығар, деген пікірде.
XS
SM
MD
LG