Accessibility links

Қазақстан Президентi Ақпарат, мәдениет және спорт министрi етiп Есетжан Қосубаевты тағайындады


Қазақстанның Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақпарат, мәдениет және спорт министрi болып Есетжан Қосубаев тағайындалды. Қыркүйектiң 29-ында Үкiмет басшысына жаңа құрылымдық өзгерiстер жөнiнде тұжырымдаманың әзiрлеуге он күн мұрсат берген Президенттiң бұл қадамына сарапшылар әрқилы баға беруде. “Қазақстанда екi нәрсенi алдын ала болжап бiлуге болмайды. Ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кадр саясаты мен Алматының ауа райы”,-дейдi саясатшы Әмiржан Қосанов.

“Аяқ астынан мұндай шешiмдер қабылданбайды. Яғни, мемлекеттiк құрылымдық өзгерiстер толық дайын деуге болады. Есетжан Қосубаев өзiне лайық орнын тапты, деп есептеймiн,-дейдi Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Серiк Әбдрахманов. Парламент Сенатының депутаты Уәлихан Қайсаров Қазақстан Президентiнiң бұл қадамы Конституцияға сәйкес келмейдi деп есептейдi. Оның айтуынша, әлi мұндай атаулы министрлiк жоқ. Оны Үкiмет бекiткен жоқ., Тұжырымдамасы жоқ.

Қазақстанның Ақпарат, мәдениет және спорт министрi болып тағайындалғанға дейiн Есетжан Қосубаев Президент Әкiмшiлiгiнiң iшкi саясат басқармасының жұртшылықпен және баспасөзбен байланыс жөнiндегi бөлiм меңгерушiсi қызметiн атқарды.

Сондай-ақ, кешкiсiн Қазақстан Президентiнiң Жарлығымен Қазақстанның Табиғи монополияларды реттеу жөнiндегi агенттiгiнiң төрағасы болып Сағынтаев Бақытжан тағайындалды.
XS
SM
MD
LG