Атап айтқанда, “Казахстанская правда” газетінің 5 қыркүйек күнгі санында жарық көрген Сергей Нестеренконың мақаласында оппозициялық басылымдарда айтылып жатқан әңгімелердің шындыққа сәйкес келмейтіндігі айтылыпты. Мақалада Қазақстан Республикасы Бас прокуроры Рәшит Түсіпбековтың Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған қызметтік хатының мәтіні келтіріліпті. Бұл қызмет бабында жазылған хатта тексеріс барысында алынған тауарлардың құнының шығарушы-зауыттың бағасымен сәйкес келетіндігі айтылыпты. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Рәшит Түсіпбековтың айтуынша, тексеріс барысында алынған тауарлар екі-үш есе көтерме бағамен сатып алынды деген деректердің жалған екендігі расталған. Мақала авторының хабарлауынша, бюджетке осы алпыс бес миллион доллар тауардан ақша түспеді деген айыптаулар да негізсіз. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Қазақстан темір жолы” мемлекеттік қазынаға тоғыз миллиард жүз алпыс бір миллион төрт жүз жиырма бес мың теңге аударған. Әсіресе мақала авторы Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовке қатысты айыптаулардың негізсіз екендігіне айрықша тоқталып өтіпті.
Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған тағы бір басылым “Ақ жол Қазақстан” газетінің хабарлауынша, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаттары екі елдің Үкіметаралық келісімі бойынша қырық алты миллион доллар қарыз болғандықтан Қазақстан жағының да, Ресей жағының да бюджеті тиесілі соманы ала алмаған, осыны реттеу керек деп бірнеше рет мәселе көтерген. Мақала авторының айтуынша, Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алғаны үшін Ресей тарапынан төленуге тиіс темір жол техникаларын Ерлан Атамқұлов басқаратын “Қазақстан темір жолы” компаниясы үш есе артық баға жазып сатып алған. Нәтижесінде шын мәнінде он тоғыз миллион доллар тұратын құрал-жабдықтың құны алпыс бес миллион доллар деп көрсетіледі” дейді мақала авторы.
Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов қана емес, сонымен қатар Білім министрі Жақсыбек Күлекеев та кейбір мерзімді басылымдардың сынына ұшырапты. “Айқын” газетінің бесінші қазан күнгі санында жарық көрген Мұратқали Дүйсенбаевтың мақаласында, Білім министрі Жақсыбек Күлекеевтің білім саласын дамытуға қатысты ұсынған 2015 жылғы мерзімге дейінгі арналған бағдарламасының біраз дау-дамайға ұласқандығы тілге тиек етіпті. Сондай-ақ мақала авторы Білім министрі Жақсыбек Күлекеевтің “зейнеткер мұғалімдерді жұмыстан босатып, мектептерді жас оқытушылармен толтырамын” деген талпынысының оқу жылы басталмай жатып-ақ сәтсіздікке ұшырағандығын атап өтіпті. Мақала авторының айтуынша, зейнеткер мұғалімдердің көбісі жұмыстан босап қалған. Оқу жылы басталса да, сабақ беретін мұғалімдердің жоқтығынан, кейбір мектеп басшылары кеше өзі жұмыстан босатқан ұстаздарды қайтадан жұмысқа шақыруға мәжбүр болған. Сондай-ақ мақала авторы жаз ортасы кезіндегі Білім министрі Жақсыбек Күлекеевтің жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың еңбекақысын ата-аналар есебінен көтергісі келген ниетінің де үлкен қарсылыққа тап болғандығына тоқталып өтіпті.
“Жас қазақ” басылымына берген сұхбатында ғалым Асқар Жұмаділдаев Білім министрі Жақсыбек Күлекеевке айтылып жатқан сындардың көбісін негізсіз деп есептейтіндігін білдіріпті. Оның айтуынша, министрдің айтқаны тек сөз жүзінде ғана қалмаған, орындалған. Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша, Білім министрі Жақсыбек Күлекеев құр даурықпа сөздің адамы емес, іскер министр. Сондай-ақ Асқар Жұмаділдаев қоғам нарықтық экономикаға көшкеннен кейін, оқу ақысының қымбаттауын заңды құбылыс деп санайды.
Сейсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдар сонымен қатар Алматыда қала күнінің аталып өткендігіне де айрықша назар аударыпты. “Литер” және “Комсмольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшаларында Алматы қаласына жүз елу жыл толды деген тақырыппен мақалалар беріліпті. Бұл екі газетте жарық көрген мақалада да жексенбі күні Алматыда қала күнінің айрықша аталып өткендігі, түрлі шаралардың ұйымдастырылғандығы сөз болыпты. Сондай-ақ осы екі басылым Алматы қаласына жүз елу толғандығын айрықша атап өтіпті.
Ал, “Қазақстан Заман” басылымында жарық көрген журналист Марат Тоқашбаевтың мақаласында Алматы қаласының тарихының көне заманнан бастау алатындығы айтылыпты. Мақала авторы Алматы қаласының жүз елу жылдығын тойлау тәуелсіз елге жараспайды деп санайды. Сондай-ақ Марат Тоқашбаев Мемлекет басшысының қызы Дариға Назарбаева мен қала әкімі Виктор Храпуновтың Алматы қаласының бұрынғы атын қайтадан қалпына келтіріп, Алма –Ата деп атайық деген ұсыныстарын да бүйректен сирақ шығару деп есептейді. Мақала авторы келтірген деректерге жүгінсек, Алматы қаласының екі жарым мың жылдық тарихы бар. Алматы қаласы туралы Рашид ад диннің, Мұхаммед Хайдар Дулатидың жазбаларында кездеседі. Мақала авторының айтуынша, кейбіреулерге қатты ұнайтын Алма-ата атауын бір мың тоғыз жүз жиырма сегізінші жылы большевиктер қойған.
Сейсенбі күні жарық көрген мерзімді басылымдардың бетінде Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру барысындағы дау-дамай жалғасын тауыпты. Сондай-ақ мерзімді басылымдар Білім саласындағы реформалар мен Алматы қаласының тарихы туралы пікірталасқа да айрықша назар аударыпты.
- Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Соңғы кездері Қазақстанда жарық көретін бірқатар оппозициялық басылымдар “Қазақстан темір жолы” төңірегінде болып жатқан оқиғаларға айрықша тоқталып, Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беруде бірқатар заңбұзушылықтар орын алғандығы туралы жазғаны белгілі. Енді ресми басылымдар да бұл тақырыпқа назар аударып, мақалалар жариялай бастады.
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Билік пен халық
"Жалпыұлттық диалог" па, "автократтың сценариі" ме?
-
Азаттық толқынында
Баспанасыздарға байқалмаған "Тұрғын үй – 91"