Accessibility links

Асылбек Қожахметов: «ҚКП мен ҚДТ бірлескен блогы сайлау науқанына бас-аяғы 45995300 теңге жұмсады»


Сәрсенбі, қазанның 13-і күні «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесі төралқасының төрағасы Асылбек Қожахметов Қазақстанның коммунистік партиясы мен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы сайлауалды бірлескен блогының өткен мәжіліс сайлауына бас-аяғы қырық бес миллион тоғыз жүз тоқсан бес мың үш жүз теңге жұмсағанын мәлім етті. «Біз негізінен президентшіл партияларды бәсекелес санадық. Осы жолы да олардың өткен сайлауға қанша қаржы шығындағанын білгіміз келеді. Өйткені, «Отан», «Асар» партиялары мен «АИСТ» сайлауалды блогының жұмсаған қаржысы заңмен белгіленген мөлшерден асып кететін сияқты» дейді Асылбек Қожахметов. Ал «АИСТ» сайлауалды блогының құрамындағы Азаматтық партияның төрағасы Азат Перуашев: «Біз заң шеңберінде жұмыс істедік. «АИСТ» блогы да алдағы күндері сайлау науқанына жұмсаған қаржысының есебін жария ететін болады» деп отыр.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесі төралқасының төрағасы Асылбек Қожахметовтың айтуынша, өткен парламент мәжілісінің сайлауына «Әбділдин мен Жақияновтың бірлескен блогы» жұмсаған 45 миллион 995 мың 300 теңгенің 23 миллион 915 мың 300-і партияның қаржысы, ал қалған 22 миллион 80 мыңы азаматтардың ерікті түрде берген көмегі екен. «Біздің қолымызда коммунистер мен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы оппозициялық одағына қаржылық қолдау көрсеткен 100-шақты азаматтың тізімі бар. Біз оны белгілі себептермен жариялай алмаймыз» дейді Асылбек Қожахметов:

- Енді қазір оппозициялық күштерге қолдау көрсететін азаматтарды ресми орындар қатаң бақылап отырады емес пе.

«Біз негізінен үгіт-насихат жұмыстарына партия мүшелерін жұмылдырдық. Тиісінше, осы мақсатта көлік шығынына кеткен қаржы 8 миллион теңгеден асып кетті» дейді «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесі төралқасының төрағасы Асылбек Қожахметов. Оның айтуынша, бұлар жоғарыда аталған 46 миллионға жуық теңгені 14 мақсатта жұмсапты. Соның ішінде арнайы мониторинг жүргізуге 125 мың теңге бөлінген екен. Бұл ретте «Әбділдин мен Жақияновтың» одағы «ОРТ-Еуразия» телеарнасынан берілген саяси жарнамаларды сүзгіден өткізіпті. «Қыркүйектің 1-і мен 17-сі аралығында осы телеарнадан «Отан» партиясы 78 рет шығып, 20 миллион теңге төлеген, «Асар» партиясы 56 рет жарнамаланып 10 миллион теңге жұмсаған, «АИСТ» сайлауалды блогы 93 рет жарнамаланып 20 миллион теңге жұмсапты. Ал коммунистер мен Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының бірлескен блогы небары 11 рет шығып 3 жарым миллион қаржы жұмсадық. Бұл – сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген мерзімнің жартысы ғана. Яғни, жоғарыда аталған 3 саяси құрылым заңмен бекітілген сайлау науқанына бас-аяғы 99 миллион теңге жұмсалуға тиіс деген бапты бұзған сияқты» дейді Асылбек Қожахметов:

- Біздің қолымыздағы мәліметтерге қарасақ, олардың жұмсаған қаржысы белгіленген 99 млн. деген мөлшерден 4-5 есе асып кеткен болуы керек.

Ал осы мәселелерге қатысты «АИСТ» сайлауалды блогына енген Азаматтық партия жетекшісі Азат Перуашевқа хабарласқанымызда, ол: «біз де алдағы уақытта сайлау науқанына жұмсаған қаржымызды жария ететін боламыз. «АИСТ» блогы сайлау науқанын ешқандай заң бұзушылықсыз өткізді» деген пікір білдірді:

- Біз сайлау науқанын барлық жағынан заңға сәйкес қылып өткіздік.

Ал өткен сайлауда бірде бір орын тимеген «Ауыл» партиясының жетекшісі Ғани Қалиев болса: «қаржыны жариялаған дұрыс. Бірақ, одан ештеңе өзгере қояр ма екен» деп отыр:

- Анау көп жұмсаған партиялар өздерінің емес Үкіметтің қаржысын жұмсады ғой. Олар бәрібір шындарын айтпайды. Мәселен: «Отан» партиясы, сосын «АИСТ» блогы, сосын мына «Асар» партиялары өте көп қаржы жұмсады. Енді олар бай партиялар емес пе. Ал біздің қанша қаржы жұмсағанымызды елдің білгісі де келмейді. Өйткені жұрт біздің өте кедей партия екенімізді онсыз да жақсы біледі.

Ал «Отан» саяси партиясы төрағасының орынбасары Амангелді Ермегияев: «Қандай бір партия болмасын заңмен белгіленген мөлшерден артық қаржы жұмсаған болса, оны сайлау бәсекесінен алып тастаған болар еді» дейді:

- Ол әркімнің өз еркіндегі шаруа. ДВК жарияласа жариялай берсін. Біз өзіміз білеміз.

Біз осы саулдар төңірегінде Алматы жұртшылығының да пікірін білген едік. Қарапайым сайлаушыларды саяси партиялардың сайлау науқанына қанша қаржы жұмсағаны аса қызықтырмайтын болып шықты:

-

Маған ол еш қызық емес. Жалпы оосы партиялардың, осы депутаттардың керегі бар ма?.. Барлығы халықтың атынан сөйлейді. Ал халық үшін жұмыс істеп жатқан ешқайсысы жоқ.

-

Меніңше, олардың бұл жариялап жатқан есептері әлгі демеушілері үшін керек шығар. Қарапайым сайлаушыға соның еш керегі жоқ сияқты.

-

Шынымды айтсам, маған бәрібір.

«Таяу күндері Қазақстанның өзге де саяси партиялары сайлау науқанына қанша қаржы жұмсағандары туралы мәліметті сайлаушыларының назарына ұсынар. Біз ондай әрекеттерді ең алдымен демократиялық құндылықтар турасында мәселе көтеріп, осы сайлауда топ жарып, мәжіліс мандатына қол жеткізген партиялардың өкілдерінен күтеміз» дейді «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесі төралқасының төрағасы Асылбек Қожахметов.
XS
SM
MD
LG