Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10-14-2004


Мерзімді басылымдардың бетінде сайлау тақырыбы сөз болыпты. Мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбай сайлаудың әділетсіз өткендігіне орай үндеу жарияласа, “Ақ жол” демократиялық партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы сайлау нәтижелерін бұрмалағандарды жауапқа тартуға шақырыпты. Ұлттық Банктің экс-төрағасы Григорий Марченко да мемлекеттік қызметтен кеткендігіне байланысты баспасөз мәжілісін өткізген кезде, “сайлаудың әділетсіз өткендігін” айтыпты.

“Сөз” газетінің бейсенбілік санында Еуродақтың “Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымының” Қазақстандағы сайлау халықаралық ұстанымдарға сәйкес өтпеді деген пікіріне қосылғандығы туралы мақала жарық көріпті. Еуроодақтың құжаттарында “көптеген сайлау учаскелерінде хаттамаларды тексерудің мүмкін” болмағандығы айтылған. Мақала авторының айтуынша, сонымен қатар Еуроодақ оппозиция басшылары Ғалымжан Жақиянов пен Болат Әбіловтың сайлауға түсе алмағандығына да алаңдаушылық танытқан. Сол себептен де Еуроодақ Қазақстан билігін сайлау жүйесін жақсартуға және халықаралық стандарттарға сәйкес өткізуге шақырып отыр.

“Сөз” газетінде жарық көрген Сәкен Сәлімовтың мақаласында егер де мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен сайлауға байланысты ешқандай шара қолданбаса, келешекте Қазақстан мемлекетінің Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымындағы орнынан айырылып қалу қаупінің бар екендігі айтылыпты. Соғыс пен бейбітшілікті хабарлау Институтының басшысы Эдуард Полетаевтың пікірінше, бұл Назарбаев режиміне жасалған үлкен соққы болып тиеді.

Мәжіліс спикері, әрі “Отан” партиясы төрағасының орынбасары Жармахан Тұяқбай “Время “ газеті арқылы Қазақстанда өткен сайлауға қатысты үндеу жариялапты. Өз үндеуінде Жармахан Тұяқбай Қазақстанда өткен парламент сайлауы әділ өтпеді деген қорытынды жасапты. Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, он тоғызыншы қыркүйекте өткен Парламент сайлауы көптеген заң бұзушылықтар негізінде өтті деуге толық негіз бар. “Ең алдымен заңгер ретінде мен, он тоғызыншы қыркүйекте өткен сайлаудан кейін, қоғамның билікке деген сенімінің төмендей түсетіндігін атап өткім келеді” дейді мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбай. Мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбайдың пікірінше, соңғы жылдары атқарушы билік тым көп құрбандық жасап отыр. “Атқарушы билік үміттің орнына – шарасыздық , ынтымақтастықтың орнына - өзара сенімсіздік” туғызғаны туралы біз ашық айтуға тиіспіз. Бұл туралы үндемей қалу – қалыптасқан ахуалды онан сайын шиеленестіруге алып келеді” дейді Жармахан Тұяқбай. Өз үндеуінің соңында мәжіліс спикері Жармахан Тұяқбай мемлекет басшысынан тексеріс жүргізіп, сайлауды мазаққа айналдырып, қарапайым халықтың ар-намысын жерге таптағандарды жауапқа тартуға шақырыпты.

“Азат” газетінің соңғы санында жарық көрген Назарбек Қанафияұлының мақаласы “Сайлау неге мазаққа айналды” деп аталады екен. Мақала авторының айтуынша, билік халықтың еркін дауыс беру құқын шектеген, неше түрлі заң бұзушылықтарға орын берген. “Отанды” жақтайтындар тізімге кіріп, ал оппозицияны қолдайтындар тізімнен сызылып тасталған. Сондай-ақ мақала авторы зиялы қауым өкілдерін де сынға алып өтіпті. “Неліктен мен қаһарманмын дегенде тау қопаратын Қасым Қайсенов атамыз халық ұлдарын ғайбаттауға келгенде қолжаулыққа айналды. Ағатаева депутат болса, айымыз оңынан туады деп Төлегенова мен Серкебаева не үшін жарамсақтанды” дейді мақала авторы.

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы “Жас алаш” газетіне берген шағын сұхбатында, сайлаудың бұрмалауға тапсырма бергендерді жазалау керек деп есептейтіндігін тілге тиек етіпті.

“Айқын” басылымы бейсенбілік санында Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың Ресейдің “Независмая газетіне” берген сұхбатын аударып басыпты. Иманғали Тасмағамбетовтың пікірінше, “Президенттік “Отан” партиясының жеңісі - өкімет жүргізіп отырған экономикалық курстың халық күткендей куәсі. “Халық президент үшін ғана емес, тұрақтылық үшін де, ұлтаралық келісім үшін де, экономикалық гүлдену үшін де дауыс берді” дейді Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов газет тілшісіне берген сұхбатында.

Ұлттық Банктің экс-төрағасы Григорий Марченкоының мемлекеттік қызметтен кетуіне де бірқатар басылымдар баса назар аударыпты. “Түркістан” басылымында жарық көрген “Марченко билікпен қоштасты” атты мақалада Марченко ашық саясатқа араласу үшін билікпен ат-құйрығын кесісті” деген болжам жасалыныпты. Мақала авторының мұндай қорытынды жасауына Григорий Марченконың “Көлеңкелі экономиканы ауыздықтау” немесе дүние-мүлікті заңдастыру жөніндегі жобасын сынауы” себеп болыпты.

Бұл тақырыпқа ерекше назар аударған “Жас алаш” басылымы Марченко мырза бір ұшы қаржы саласына да тиіп кетіп жататын биліктегі “саяси былыққа” бейтарап қарай алмауы оның биліктен кетуіне себеп болуы мүмкін” деп жазыпты. Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында Григорий Марченко “Сайлауда өрескел заң бұзушылықтардың орын алғандығына да тоқталып өтіпті. Сондай-ақ Григорий Марченко үкімет басшысы Даниял Ахметовты да қатты сынға алып өтіпті. “Даниял Ахметовке премьер-министр қызметін беру кадр саясатындағы қателік. Қаншалықты тезірек сол қате түзелсе, соншалықты мемлекетке пайдалы болар” еді дейді Григорий Марченко. Григорий Марченконың айтуынша, қазіргі Үкімет президенттің тапсырмаларына немқұрайлы қарайды, тіпті орындамайды.
XS
SM
MD
LG