Accessibility links

Беслан қаласындағы террорлық әрекет зардабын тартушы азаматтарға Алматыда емдеу-сауықтыру шаралары жасалмақ


Қазанның 23-інен 24-іне қараған түні Алматы қаласына 1-ші қыркүйек білім күні Беслан қаласындағы нөмірі 1-ші мектепте орын алған лаңкестік әрекет салдарынан зардап шеккен балалар жеткізіледі. Оларға Қазақстанда 24 күн бойы емдеу-сауықтыру шаралары жүргізілмек. «Бөбек» қоры мен Қазақстан республикасының Ресей федерациясындағы елшілігі бірлесіп ұйымдастырып отырған шара барысында бас-аяғы 40 адамға медициналық-психологиялық көмек көрсетілмек» дейді «Бөбек» қорының есімін атамаған қызметкері.

«Бесланнан Алматыға келетін 40 адамның 5-еуі мектеп жасына дейінгі бала, 18-і мектеп оқушысы және бірсыпыра студент. Қалғандары жасөспірімдердің ата-аналары болуы мүмкін» дейді террорлық әрекет салдарынан зардап шеккен жандарға көмек қолын созған «Бөбек» қорының есімін атамаған қызметкері. Оның айтуынша, Бесландық бүлдіршіндер ұлттық «Бөбек» орталығына орналасатын болады:

- Келетіндері тек қана балалар емес, ата-аналары да бар. Сол террорлық әрекет кезінде мектепте болғандар бәрі де. Оның ішінде отбасымен келетіндер де бар.

Қазақстан республикасының, жекелей алғанда «Бөбек» қоры басшылығының Беслан оқиғасында жандары жаралы болған азаматтарға қол ұшін созуына қатысты, жалпы террорлық әрекет тұрғысындағы пікірлерін білу мақсатымен біз Алматы жұртшылығына микрафон ұсынған едік:

-

Өте қайғылы оқиға. Кейде тіпті барып, бой көрсетсек қой деп ойлайсың. Әлемдегі адамдардың бәрі осы қайғыға ұшырағандарға қай жағынан болмасын көмектесуге тиіспіз. Олар мұнда келетін болса, шын жүрегімізбен қарсы алатын боламыз. Ең құрымаса, азаматтық парызымызды осылай өтеген жөн шығар. Бәріміз де бала өсіріп отырмыз. Өз басым осы бір оқиғаны жүрегіммен қабылдадым.

-

Мен бұл жерде үлкендердің өз бастарындағы проблемаларды ешқандай шаруамен ісі жоқ балаларды араластырып шешкенін түсіне алмадым. Бесландық балалардың Қазақстанға келетініне өте қуаныштымын. Бәрі жақсы болатын сияқты.

-

Беслан оқиғасы жалғыз сол ұлтқа ғана емес, бүкіл дүниежүзіне жүрекке қадалған оқ болды. Бәріміз де сол кісілерге көмек көрсетуге әрдайым дайынбыз.

«Бесланнан келетін делегацияға емдеу-сауықтыру шараларынан өзге Алматы қаласындағы мұражай, театр, көрме сияқты мәдени орталықтарды аралатуды да жоспарлап отырмыз» дейді «Бөбек» қорының қызметкері. Естеріңізге сала кетсек, үстіміздегі жылдың 1-ші қыркүйегінде Ресейдің Беслан қаласындағы нөмірі 1-ші мектептегі алғашқы қоңырау сәтінде мектеп ғимаратын басып алған қарулы топ мұғалімдер, ата-аналар және оқушыларды 3 күн бойы кепілде ұстаған болатын. 3-ші қыркүйек күні Ресейдің арнайы жасағы басқыншылармен қолма-қол шайқас жасап, кепілдегілерді бостандыққа шығарған еді. «Итар-Тасс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Бесландағы осы лаңкестік әрекет салдарынан 300-ден астам адам көз жұмған.
XS
SM
MD
LG