Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10-23-2004


Тәуелсіз басылымдардың бетінде экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің Қазақстанның оппозициялық күштері басшыларына арнаған үндеу-хаты жарық көріпті. Сондай-ақ Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаетың зиялы қауым өкілдерімен кездескендігіне де мерзімді басылымдар назар аударыпты. Сонымен қатар мерзімді басылымдарда мәжіліс депутаттарының Астанадан үй сатып алып үшін республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлуді сұрағандығы хабарланыпты.

“Ақ жол Қазақстан” және “Эпоха” басылымдары экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің Қазақстанның оппозициялық күштері басшыларына хатын жариялапты. Өз хатында экс-премьер Әкежан Қажыгелдин сайлауға қатысты халықтың көкейінде қордаланған ашу мен реніштің ашық қарсылықтарға ұласуы мүмкін екендігін атап өтіпті. Әкежан Қажагелдин өз үндеуінде барлық оппозициялық күштерді “Ақ жол” партиясының астына бірігуіге шақырып, оны ұйымдастырудың жолына да тоқталыпты.

“Барлық партиялар бір кезеңде ыңғайына қарай бірде жерде өз сьездерін өткізіп, тарату немесе қызметті тоқтату жөнінде шешім шығарып, ұжымдасқан түрде “Ақ жолдың” қатарына қосылуы тиіс” деген Әкежан Қажыгелдин, “Назарбаевтың билігі Қазақстанның беделін түсірді” дегенді айтыпты. Сондай-ақ Әкежан Қажыгелдин өз үндеуінде “Қазақгейт” мәселесіне де тоқтала келіп, осыған байланысты оппозицияның біртұтас көзқарасын айқындауы тиістігі туралы сөз қозғапты. Әкежан Қажыгелдин “Қазақгейттің” мемлекетке қауіпті екендігін айта келіп, Джеймс Гиффенннің қызметіне толық түсінік бермей, Қазақстанның мұнай саласына келіп жатқан келе беретін инвестицияларға келесі Үкіметтер кепіл бола алмайды” депті. Ол осыған байланысты біріккен “Ақ жол” партиясына АҚШ пен Швейцариядағы “Қазақгейт” ісіне байланысты құжаттарды зерттейтін комиссия құруды ұсыныпты. “Президент Назарбаев енді ауыр айыптан құтыла алмайды. “Қазақгейт” өз мәресіне жетіп қалды. Үш айдан кейін Нью-Йоркте сот процесі жалғаспақ, онда қылмыстың неше түрлі құпиясы ашылатын болады” делінген, экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің “Эпоха” және “Ақ жол Қазақстан” басылымдарында жарық көрген үндеуінде.

“Республика” басылымына берген шағын сұхбатында Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев “экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің үндеуін мықты саяси қадам” деп бағалапты. Алайда Ермұхамет Ертісбаев газет тілшісіне берген сұхбатында оппозицияның жеңіске жететіндігіне сенбейтіндігін білдіріпті. Оның айтуынша, оппозиция экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің толыққанды бір оппозициялық партия құрайық деген ұсынысымен ешқашан да келіспейді.

Ал, сенбі күні жарық көрген “Егемен Қазақстан” және “Жас алаш” басылымдары Қазақстан президентінің зиялы қауым өкілдерімен кездескендігіне айрықша назар аударыпты. “Егемен Қазақстан” басылымының екінші бетінде Қазақстан президенті зиялылармен кездескен кезде айтылған әңгіменің мәтіні беріліпті. Қазақстан жазушылар Одағының бірінші хатшысы Нұрлан Оразалин Қазақстан президентіне “кейбір саяси партиялар ащы айтып, елді қозғап жатыр. Мұндай жауапсыздықпен айтылған үн қату ел ішін ыдыратады. Бұл өзі ұлт ішіне ендеп бара жатқан індет сияқты” дегенді айтыпты. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Нұрлан Оразалин Қазақстан Президентінен жазушылардың шығармашалық үйі үшін жиһаз керектігін айтып, соған көмек сұраған.

“Жас алаш” газетінің сенбілік санында жарық көрген Жанарбек Әшімжанның “Екіжүзділік” деген мақаласында кейбір қазақ зиялыларының елдің арасында бір бөлек, Қазақстан президентінің алдына барғанда басқаша сөйлейтіндігі сынға алыныпты. Мақала авторының айтуынша, кездесу барысында жазушы Дулат Исабеков “Біздің тірегіміз де, қорғанышымыз да, шекарамыз да сізсіз Нұраға”, жазушы Қабдеш Жұмаділов “Нұрсұлтанның нұрлы жолы” деген сөздер айтып Президентке мадақ жаудырған. Журналист Жанарбек Әшімжанның айтуынша, осы жиында Мұхтар Шаханов, “Нұреке, қызметте өзіңіз өсіргендер жұмысын сәл төмендеткенге, өзіңізге шабуыл жасап жатыр. Мына біздің зиялылардың арасында ғана ондайлар жоқ” дегенді айтқан. Газет тілшісі ақынның мұнысы соңғы уақытта ел аузында жүрген Жармахан Тұяқбай, Ораз Жандосов, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Григорий Марченко, Әлихан Бәйменов, Төлеген Жүкеев, Ғалымжан Жақиянов, Заманбек Нұрқаділов, Жанат Ертілесова сынды азаматтардың шалғайына жармасқаны болуы керек деп есептейді.

“Мұхтар Шаханов Қырғыстаннан келгеннен кейінгі елмен қауышу кешінде: “Біз Тәуелсіздікті көп жылдар аңсадық, бірақ дәл осындай коррупцияға белшесінен батқан елді аңсаған жоқ едік қой” деп Республика сарайына жиналған жамағатты дүр сілкінткені күні кеше болатын. Ал, бүгін Президенттің алдында басқаша сайрап тұр” дейді мақала авторы Жанарбек Әшімжан.

“Айқын” газеті болса республика бюджеті мәселесі төңірегінде түрлі дау-дамайдың туындап жатқандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, республикалық бюджетті қарастырғанда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің келесі жылы 2472 “о дүниеге” аттанады деген жоспар жасалынған. Газет тілшісі келтірген деректерге жүгінсек, осыған орай келесі жылы қайтыс болатын 2724 Ұлы Отан соғысы ардагерінің бюджеттен алатын қаржысы қысқартылған. Мақала соңында автор, жоспарлаушы бюджетшілердің келер жылы демі таусылатындарды анықтап бергендігін, енді халықтың олардан “өлетін” адамдардың толық аты-жөні жазылған тізімін күтетіндігін тілге тиек етіпті.

Осы тақырыпқа айрықша назар аударған “Караван” апталығы келесі жылдың бюджетін талқылаған депутаттардың Астанадан өздеріне жәйлі пәтер сатып алу үшін, 2 миллиард теңге бөлуді сұрағандығын хабарлапты. Газет тілшісінің айтуынша, сонымен бірге депутаттар жиһаз сатып алу үшін республикалық бюджеттен 230 миллион 21 мың теңге сұрап отыр.

Қадірменді “Азаттық” радиосының тыңдармандары. Сенбі күні мерзімді басылымдардың негізгі назар аударған тақырыбы осы. Рамазан айларыңыз мүбарак болсын. Келесі баспасөзге шолуымызды сіздер, сейсенбі, яғни қазанның 26 сы күні тыңдай аласыздар. Көңіл бөліп тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет.
XS
SM
MD
LG