Accessibility links

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің жұмысына


Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру туралы ұсынысын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы қазан айында БҰҰ 47 сессиясында айтқан болатын. Нұрсұлтан Назарбаев кеңестің мақсаты – Азия құрлығында қауіпсіздікті нығайту, аймақтағы мемлекетаралық ынтымақтастық пен сенімділікті орнықтыру, тұрақтылықты қамтамасыз ету, деп атап көрсеткен болатын. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бастамасы Азия мемлекеттері мен БҰҰ, ОБСЕ сияқты халықаралық ұйымдар тарапынан қолдауға ие болып, Азия елдерінің сыртқы істер министрлерінің алғашқы кездесуі 1993 жылдың көкек айында болды. Одан кейінгі уақыттарда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің кездесулері жыл сайын жалғасын тапты. 1999 жылы кезекті кездесуде кеңеске қатысушы мемлекеттердің сыртқы істер министрлері Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне мүше елдердің сыртқы дипломатиялық қарым-қатынасы туралы 8 бөлімнен тұратын Декларацияға қол қойған болатын. Бүгінде аталған кеңеске Ауғанстан, Әзірбайжан, Қытай, Египет, Индия, Иран, Израиль, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан елдері мүше болып табылады. Жұма күнгі министрлер басқосуына осы кеңеске мүше 17 мемлекеттің өкілдері мен БҰҰ, ОБСЕ, сондай-ақ, құрамында Ислам конференциясы ұйымының мүшелері бар 9 мемлекеттің бақылаушылары қатысты.

Азия мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің кезекті бас қосуы қазақстандық саясаткерлер мен сарапшылар арасында түрлі пікірлер тудыруда. Депутат Серікбай Әлібаев: “халықаралық деңгейдегі кездесулердің зияны жоқ. Тек осындай кездесулерде Қазақстан тарапынан қатысатын билік өкілдері елдегі саяси жағдайларды бұрмалап көрсетуге жол бермесе болғаны” дейді: -Көрші елдермен қарым-қатынас әрқашанда дұрыс болу керек. Алдымен ішкі жағдайды реттеп алуымыз керек. Сайлау кезіндегі былықтарды жылы жауып қойып, тыныш тұрайық, тату тұрайық деу ақылға сыймайды. Ол халық алдындағы жауапкершілікке әкелмейді. Кім кінәлі сол жазасын алу керек.

Тәуелсіз сарапшы Құрылыс Сүлейменов: “биліктегілер халықаралық деңгейде кеңес өткізбес бұрын Қазақстанның ішкі саяси ахуалын түзеп, демократияны жолға қойса дұрыс болар еді” деген пікір білдірді: -Экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешпей жатып, көбіне қолды алысқа сермейміз. Кейін зияны елдің беделіне әсер етуі мүмкін.

Саясаттанушы Болат Тілеповтің пікірінше, Қазақстан сияқты жас мемлекеттің нығаюы үшін халықаралық дегейдегі басқосулардың зияны болмау керек. -Басқосу тиімді болу керек. Өкінішке орай, қазір тиімділігі көрінбей тұр. Өйткені, кеңесте қабылданған шешімдер іске аспай жатыр. Бұл кеңеске мүше мемлекеттер тарапынан кетіп жатқан олқылықтар болуы мүмкін. Менің жеке пікірім – бұл кезекті саяси шоу ретінде қалатын сияқты.

Саясаткер Әлихан Бәйменов: -Кез-келген аймақтық ұжымдар белгілі бір деңгейдегі саяси жүйелердің дамуында ескеру керек. Бұл жиыннан қазір нақты нәтиже күту ертерек болар. Қабылданған құжаттар, декларациялар жүзеге асса нәтижесі жаман болмауға тиісті, дейді.
XS
SM
MD
LG