Accessibility links

Алматыдағы «Ялян» қытай сауда орталығы қай мемлекетке пайда әкелуде?..


Бейсенбі, қазанның 28-і күні Алматы қаласындағы «Аян» базарының саудагерлері ереуілге шықты. Олар қазақ-қытай шекарасынан өткізілетін тауарларға салынатын салықтың көтерілуіне байланысты өздеріне тиесілі тауарларын Алматыға жеткізе алмай отырғандарына наразы. Ал, Алматыда 1997-ші жылдан бастап жұмыс істеп жатқан «Ялян» қытай сауда орталығында сауда әдеттегідей қызу жүріп жатыр. Өйткені, бұл орталықта негізінен қытай азаматтары сауда жасайды. «Ялян» сауда орталығының қатардағы жұмысшылары, Қазақстан республикасының азаматтары: «соңғы 1-2 жыл шамасында базарда қытай азаматтары көбейіп кетті. Олардың басым бөлігінің құжаттары дұрыс емес. Яғни, Қазақстан экономикасының қыруар қаржысы заңсыз жолмен шет ел асып жатыр» дейді.

Алматы қаласындағы «Ялян» сауда орталығының табалдырығынан аттағанда, Қытай қалаларының біріне тап болғандай күйге түсесің. Осы базарда жүк тасушы болып жұмыс істеп жүрген Ахмет есімді жігіт: «Соңғы жылдары базардағы қытай саудагерлерінің саны күрт өсіп кетті» дейді:

- Көбейіп келе жатыр. Бір қытайдың соңынан 4-еуі келеді. Сосын олардың көбісінің құжаттары дұрыс емес, сондықтан тығылып жүреді. Өзім осы базарда 1996-шы жылдан бері жұмыс істеймін. Кімнің қалай келгенін беске білемін. Мәселен, қазір бір тексеруші келсінші, мына отырған саудагерлердің бәрі қашып кетеді.

«Ахметтің сөзін толық қуаттаймын» деп әңгімеге араласқан осы базарда делдалдықпен жан бағып жүрген Қайролла есімді жігіт негізінен сырттан келіп тауар әкететін саудагерлерге қолқабыс жасайды екен. «Қазақстанда заңсыз сауда жасап жүрген қытай азаматтары республика бюджетіне түсуге тиіс талай қаржыны өз еліне әкетіп жатыр» дейді Қайролла:

- Мына сауда жасап тұрғандары түк емес. Бұлардың әлгі жүк сақтайтын қоймаларында 5-6-дан қытай отырады. Менің бір байқағаным: 1 қытай контейнер ашады. Оған көмектесуге 2 қытай келеді. Арада 2 ай өткен соң, әлгі екеуі 2 контейнер ашып алады. Осылай жалғаса береді. Есептеп шығарсам, сонда 1 жыл ішінде 1 қытай өзімен бірге 30-40 отандасын осында алып келеді екен. Ал мұнда тауар алатындар әр мемлекеттен келеді. Мына Қырғызстан саудагерлерлері бір келгенде 7-8 мың доллармен келеді. Соның бәрін осы қытай саудагерлері алып қалады.

Күндізгі сағат 11-12-лер шамасы «Ялян» базарындағы сауданың нағыз қызатын тұсы екен. Біз осы ретте базарда жүрген жұртшылықты да сөзге тартып, олардың кімге сауда жасайтындарын сұраған едік:

- Мен өзім мұнда Бішкектен келіп сауда жасап жүрмін. Бішкекте жұмыс жоқ, ақша аз. Осы жерден ақша тауып, бала-шағамызды бағып отырмыз. Тауарды қытайлардан сатып аламыз. Рахмет оларға.

- Жалпы тауарды қай жерде арзан, сол жерден аламыз. Ал мұнда мына қытайлар өте арзан сатады. Сондықтан ылғи осылардан аламыз.

- Мен өзім тек қана қытайларға сауда жасаймын.

Тұтынушылар негізінен Қытай азаматтарына сауда жасағанды қол көреміз десе де, біз сөзге тартқан қытай саудагері өз жағдайының мәз еместігін айтып мұң шаққандай болды:

- Сауда жоқ, тауар аз.

Ал негізінен Қытай азаматтары сауда жасайтын «Ялян» сауда орталығымен қоңсылас орын тепкен «әл-Фараби» базарында Қазақстан азаматтары кәсіп қылады. Олар: «қытайлар тауарды өте арзан бағамен босатады. Тиісінше, біздің тауарымыз өтпей қалады» деп отыр:

- 3 жыл болды міне сауда жоқ. Күнұзаққа өстіп отырамыз. Тұтынушының бәрі мына «Ялян»-ға кетіп қалады. Өйткені, қытайлар ана жақтан тікелей әкеледі де, өте арзан бағамен сатады. Ал біз солардан сатып алып, үстіне 5-10 теңге қосып қайта сатамыз. Онымыз өтпейді.

- Сауда жоқ. Бекерге орынға ақша төлеп тұрамыз.

Қазақстандық саудагерлер «біз бәсекелестікке төтеп бере алмай жатырмыз» деп қолдарын жайып отырғанда, көршілес «Ялян» сауда орталығында «сауда жасау қолдарыңнан келмесе, басқа бір пайдалы іспен шұғылданыңдар» дегендей хабарландыру айтылып жатты. «Ялян» мен «әл-Фараби» сауда орталықтарында бәсекелестік қызып жатқан тұста, Алматыдағы халық ауызекі тілде «барахолка» атап кеткен қара базардың келесі бір шетіндегі «Аян» сауда орталығының сатушылары ереуіл ұйымдастырды. Олар қазақ-қытай мемлекеттері арасындағы шекараның жабылып қалып, қоймаларында сататын тауар қалмағандығына наразылық білдіруде.
XS
SM
MD
LG