Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10-30-2003


Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдың “сайлау әділ өтпеді” деп жасаған мәлімдемесін талқылау мерзімді басылымдарда әлі жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар апта соңында жарық көрген тәуелсіз басылымдар Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру мен “Эйр Астана” төңірегінде туындап жатқан дау-дамайға айрықша назар аударыпты.

Сенбі күні жарық көрген “Жас алаш” басылымында жарық көрген “Бұқары жоқтар Абылай емес” деп аталатын мақаласында ақын Қазыбек Иса күні кеше ғана жанына жақындай алмай жүрген Жармахан Тұяқбайды кейбір журналистер мен сыншылардың жерден алып жерге салып жатқандығын тілге тиек етіпті. Мақала авторының айтуынша, саясаттағы салмақты да беделді саясаткер Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесі демократиялық күштердің бірігіп кетуіне зор ықпал жасайды.

“Жас қазақ” басылымы өзінің соңғы санында “Жармахан Тұяқбайдың ерлігін қайталайтын зиялы бар ма?” деген сауалнама жүргізіпті. Бұл сауалнамаға жазушы Шерхан Мұртаза “Сауалың өте қиын екен. Шынымды айтсам сұрағыңа дайын емеспін” деп жауап қайтарыпты. Ал, мәжіліс депутаты Амалбек Тшанов болса, Жармахан Тұяқбайдың мәлімдемесін қайталайтын азаматтар болуы әбден мүмкін деген ой айтыпты. Амалбек Тшановтың айтуынша, қоғам қайраткері, мемлекеттің үшінші адамының “Отан” партиясының сайлаудағы әділетсіздігін қатты сынауы –оның азаматтығы. Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов “мұндай мәлімдеме жасағанның бәрін батыр деуге болмайды. Жармахан Тұяқбай өзінің азаматтық пікірін білдірді” деп санайды екен. “Жас қазақ” басылымына өз пікірін білдірген саясаттанушы Шәріпбек Ағабайұлы ондай ерлікті тағы да өзге азаматтар жасауы мүмкін деп есептейді. Оның айтуынша, бұл сайлау билікке қарсы күрестің күшейіп бара жатқандығын аңғартады. “Оппозициялық күштер билікке араласып, жіктеліс күшеюі мүмкін. Дәл бүгінде биліктің құрамында оппозицияға жақын жүрген жігіттер бар. Міне осылар спикердің мәлімдемесін қайталап жатса, еш таңдануға болмайды” дейді саясаттанушы Шәріпбек Ағабайұлы.

Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов та апта соңында жарық көрген басылымдардың негізгі қаһарманына айналды десе де болады. Әсіресе кейбір тәуелсіз басылымдар Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың тікелей қатысы бар деп жазған Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беруге қатысты дау-дамай әлі басылмай отыр.

“Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов қазақстандық коррупцияны ғарыштық деңгейге шейін шарықтатқан шенеунік” деп жазады “Ақ жол Қазақстан” басылымы. Мақала авторының айтуынша, жуан ортасында президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов жүрген 46 миллион доллардың айқайын қазақстандық билік ұмыттыруға тырысқанымен, Ресей думасының депутаты Петр Рубеженскийдің тоқтайтын сыңайы байқалмайды. Тіпті Петр Рубеженский “біз мәселені соңына шейін жеткіземіз” деп ресми түрде мәлімдеме жасапты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, қолды болған 46 миллион долларға байланысты Ресей Федерациясының Салық және төлемдер министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне, Ресей Федерациясының Бас прокуратурасына, Ресей Федерациясының есеп палатасына сұрау салған депутат, осы мекмелердің бәрінен де “аталмыш мәселеге” байланысты тексеруді бастадық деген жауап алыпты.

“Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов қазақстандық демократия мен елдегі өркениетті қоғамның дамуына тосқауыл болған бірден-бір тұлға” деп жазады “Эпоха” басылымы. Мақала авторының айтуынша, өзін “президенттің өнімімін” деп санайтын Иманғали Тасмағамбетовтың арқасында атақты Жер кодексі қабылданып, қарапайым халықтың басым көпшілігі нан тауып жеп отырған соңғы мүмкіншілігінен айырылып қалған. Сонымен-қатар мақала авторы, қандай дау-дамайға шалынса да Қазақстан Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың барлық кінәсінің кешіріле беретіндігіне де айрықша назар аударыпты. “Наурыз-Банк төңірегінде болған дау-дамай да немесе өмір бойы мемлекеттік қызметте жүрген Иманғали Тасмағамбетовтен он миллион доллардың табылуы да оның тағдырына еш әсерін тигізген” жоқ дейді мақала авторы.

Ал, “Республика” және “Айқын” газеттері “Эйр Астана” төңірегінде туындап жатқан дау-дамайға айрықша көңіл бөліпті.

“Республика” басылымының соңғы санында бір топ кәсіподақ мүшелерінің мәжіліс отырысында Қазақстан президентіне үндеу жариялағандығы айтылыпты. Осы үндеудің мәтінін оқып берген мәжіліс депутаты Татьяна Квятковская Қазақстан президентіне “Бұқаралық ақпарат құралдарының айтуынша, “Эйр-Астана” сіздің өніміңіз көрінеді. Міне осы мекеме Қазақстан Республикасының Конституциясын өрескел бұзып отыр” деп мәлімдепті.

Ал, “Айқын” басылымының сенбілік санында “Эйр Астана кімнің еркетотайы” деген мақала жарық көріпті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, өзінің тәжірибелі жұмыскерлері жұмыс таба алмай отырғанда “Эйр Астана” шет елдік жұмыскерлерді жалдаған. Соңғы үш төрт айда компанияның 60 бортсерігі жұмыстан кеткен. Мәжіліс депутаты Татьяна Квятковскаяның айтуынша, авиокомпания басшылығы ұшудың санитарлық уақытын, әсіресе айналма рейстерді бұзуға жол берген. Сонымен қатар “Айқын” газеті “Эйр Астана” әуе компаниясының да, мәжіліс депутаты Татьяна Квятковскаяның үндеуіне қатысты, ондағы айтылған деректердің шындыққа үйлеспейтіндігі туралы мәлімдеме таратқандығын хабарлапты.

Қадірменді “Азаттық” радиосының тыңдармандары. Сенбі күні мерзімді басылымдардың негізгі назар аударған тақырыбы осы. Рамазан айларыңыз мүбарак болсын. Келесі баспасөзге шолуымызды сіздер, сейсенбі, яғни қарашаның 2 күні тыңдай аласыздар. Көңіл бөліп тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет.
XS
SM
MD
LG