Accessibility links

Қазақстан жағы Біріккен Ұлттар ұйымының Азаптауға қарсы комитеті 2001-інші жылы жасаған 16 ұсынысының осы уақытқа дейін тек үшеуін орындаған


1998 жылы Қазақстан Азаптауға қарсы конвенцияны бекіткен болатын. Бертін келе, 2001 жылы Женевада Біріккен Ұлттар ұйымының азаптауға қарсы комитетінде Қазақстан Үкіметі дайындаған ресми баяндама және мемлекеттік емес ұйымдардың баяндамалары тыңдалды. Содан кейін, Қазақстанға адам құқықтарының сақталу деңгейін көтеруге 16 ұсыныс жасалды. «Сол уақыттан бері, Қазақстан тек 3 ұсынысты орындаған», - дейді Қазақстанда жұмыс істеп жатқан бірқатар мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері. Бұл туралы, Женевадағы сол жиналысқа қатысқан, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро заңгері Мария Пульман хабарлады. Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің пайымдауынша, бұл пікір шындыққа жанаспайды.

- Ол кісінің жеке пікірі, негізінен азаптауға қарсы комитет ұсыныстыры міндетті емес. Ұсыныстардың 10 астамы орындалған, ол заңдарға өзгерістер енгізілген.

Қазақстандағы адам құқықтары және қылмыстық реформалардың мониторингі жөніндегі қоғамдық ұйымның төрайымы Светлана Ковлягина айтып өткендей, прокурор айыптаушы болғандықтан, полицияның алдын ала тергеу барысындағы азаптау фактілеріне назар аударылмайды:

Бас прокуратураның ресми мәліметі бойынша, Қазақстанда 2001 жылдан бері кісі азаптаған жауапты адамдарға 4 қылмыстық іс қозғалған. Мемлекеттік емес ұйымдардың мәліметінше, азапталғандардан түсетін шағымдар бұдан әлдеқайда артық. Бұның тағы бір себебі бар дейді заңгер Мария Пульман. «Қазақстанда соттардың тәуелсіздігі тек сөз жүзінде ғана. Соттардың тәуелсіздігі жайында Қазақстан конституциясында айтылғанымен мен тәуелсіз соттарды әлі көрген емеспін», - дейді заңгер Мария Пульман. Сөзін айғақтау үшін, Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро заңгері Мария Пульман бір сот шешімін көрсетті. Онда, сот шешімі қабылданар кезде облыс әкімінің пікірі есепке алынған делініпті. «Атқарушы биліктің сот процестеріне араласу үлгісін осыдан білуге болады», - деді ол. Мария Пульманның айтуынша, Қазақстанда өте құпия болып саналатын соттардың кеңес бөлмесіне әкімдердің кіруі немесе телефон шалып, сот шешіміне ықпал ету әрекеттері болып тұрады: Бұрын тергеуші болып істеген, Қазақстандағы халықаралық құқық академиясының президенті Марат Сәрсембаевтің пікірінше, істі болғандарды азаптау оқиғаларының болғаны рас және бұған екі себеп бар:

- Кейбір тергеушілердің кәсіби біліктілігі төмен. Екінші жағынан асығады. Тергеу мәселесін шешкенше, куәларды тапқанша, сараптама жүргізгенше, оның қорытындысын күткенше, адамды қинап жіберіп, тездетіп жіберейік деген жайттар болады.

Ал, Қазақстандағы Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимовтың пікірінше, Қазақстан заңдары халықаралық стандарттарға жақын:

- Көп заңдар халықаралық стандарттарға сәйкес, ал тәжірибеде бұзылады. Бірақ, адам құқықтары барлық мемлекеттерде бұзылады.

Қазақстандағы халықаралық құқық академиясының президенті Марат Сәрсембаевтің пікірінше, полиция қызметкерлерінің кейбіреуі криминалистика деген ғылымның пайдасын біле бермейді. Осы пікірмен келіскен Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның заңгері Мария Пульманның айтуынша, криминалистика ғылымын қолданып, айғақтар арқылы күдікті адамның кінасын мойындатпай-ақ, дәлелдеуге болады. Ал олар адамдарды азаптап, қылмыстық істерді аштық деп есептейді, - деді ол.

Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішевтің пайымдауынша, Қазақстан конституциясы да, ұлттық заңнама актілері де және Қазақстан қосылған халықаралық конвенциялардың барлығы да адам құқықтарын сақтауға жұмыс істейді:

- Қазақстанда адам құқықтарын сақтау деңгейі халықаралық стандарттарға жақындастырылыған. Қазақстан қазір адам құқықтары жөнідегі конвенцияның негізгі алтауына қосылған.

2005 жылы Қазақстан тағы да Біріккен Ұлттар Ұйымының азаптауға қарсы комитеті алдында есеп береді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG