Accessibility links

69 мүшесі бар парламенттегі «Отан» депутаттық фракциясы тіркеуден өтті


Дүйсенбіде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің бюросында «Отан» партиясының депутаттық фракциясы тіркеуден өтті.

Фракция жетекшісі Мәжіліс депутаты Амангелді Таспиховтың айтуынша, фракцияның 69 мүшесінің 51-і Мәжілістің, 18-і Сенаттың депутаттары. Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 19–шы қыркүйегінде және 3-ші қазанында өткен парламент Мәжілісіне сайлауда партиялық тізім бойынша Мәжілістен 7 орынды, ал бір мандаттық округтен 36 кандидат осы «Отан» партиясы атынан орын алған-ды. Фракция мүшелері бұл жетістіктерін оң деп бағалайды. Алайда, бұған басқаша пікір айтушылар бар.

«Отан» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Амангелді Таспиховтың айтуына қарағанда, фракцияға мүше болуға ықылыс білдірушілер бар. Алайда, депутат Таспихов мұндай тілек білдірген депутаттарға ойлануға кеңес беріпті. Ол жалғыз жүріп ешқандай табысқа жету мүмкін емеcтігін айтады.

Оның айтуынша, «Отан» партиясы атынан сайланған депутаттардың бірі парламент мәжілісінің төрағасы, енді бірі төраға орынбасары, ал төрт комитет төрағасы «Отанның» мүшесі. Ал, осы партияның мүшесі Мәжіліс депутаты Төлебек Қосмабетов парламентте бір партия мүшелерінің басым болуының екі жағы бар дейді. Парламенттік жұмысқа келсек, пайдалы жағы ырың-жырың болмай заң жобасы бойынша бір түбегейлі шешімге келуге болады. Екінші жағы да бар, мәселен бір заңға мүдделілік етсе, фракция арқылы өткізіп алып, мәжілістің жалпы отырысында ол заң өтіп кетуі мүмкін. Қай заң болсын нәтижесін бүгін-ертең бермейді. Бір-екі немесе жарты жылдан кейін сол кезде қиындықтар болуы мүмкін дейді ол. Алайда, депутат Қосмамбетов бір фракцияның басым болуын теріс көрмейді.

Ал, «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Әлихан Байменов партия дегеннің өзі белгілі бір құндылықтар белгілі бір бағларламаның аясында топталған адамдар болып, шынайы партия болса дұрыс болар еді. Шын мәнінде қазіргі «Отан» партиясын бір құндылықтар негізінде топтасқан адамдар деп айту қиын деген ойын айтты. Әлихан Байменовтің пікірінше, қоғамдағы пікір алуандылығы парламентте өз көрінісін тбауы керек. Бірақ олай болып отырған жоқ дейді.

Саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам болса «Отан» партиясынан сайланғандар шын мәнінде парламенттен 30 пайыз орын алуы керек еді деп отыр.

Ал, «Отан» депутаттық фракциясының жетекшісі Амангелді Таспихов сайлау кезінде сенімді өкілдерім штабқа хабарлап айтқанда ешқандай бұрмалаушылық болмады деп отыр.
XS
SM
MD
LG