Accessibility links

Қазақстанда ойлап табылған қатерлі ісікке қарсы жусаннан дәрі жасайтын фармацевтикалық зауыттың бірінші кезегі іске қосылып жатыр


Жусаннан қатерлі ісікке қарсы дәрі жасайтын фармацевтикалық зауыт құрылысына инвесторлардан және Қарағанды облысының бюджетінен 93 миллион теңге бөлінген. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі облыстық басқармасының маманы Мирамбек Үсенбековтың айтуынша, зауыт құрылысына Ресей банктері қаражат беруге келіскен. Оның сыртында, Германияның «Лурги» атты компаниясы қатерлі ісікке қарсы «Арглабин» дәрісінің Еуропада сынақтан өткізілуін өз мойнына алған:

- Еуропада сертификаттауға кететін қаражатты өз мойнына алды. Сосын ол Еуропада сатылады.

Қазір зауыттың құрылысы аяқталып, Ресейден алынған жабдықтар орнатылып жатыр. Жылдың соңына дейін, қатерлі ісікке қарсы «Арглабин» дәрісінің 500 мың ампуласын шығару көзделген. Қазақстанда өсетін 1000 түрлі жусанның тек біреуінен ғана осындай дәрі жасауға болады. Қарағандыдағы фитохимия иниститутының мамандары бұл жусанның атын және дәрі жасау технологиясын құпияда ұстап отыр, - дейді облыстың кәсіпкерлікті дамыту басқармасының өкілдері. Мамандардың есебіне сүйенсек, Қазақстанға жыл сайын осы дәрінің 2 миллион ампуласы қажет. Қарағанды облысының кәсіпкерлікті дамыту басқармасының маманы Мирамбек Үсенбековтың айтуынша, соңғы кезде тек Қарағандының өзінде қатерлі ісікке шалдыққандар саны көбейіп кеткен:

- Ауруханада орын жоқ. Кезек күтіп отырғандар да көп.

Қарағанды облысының онкологиялық орталығының дәрігері Мұратбек Жұмақаев та Мирамбек Рүстембековтың сөзін растап отыр:

- Аурулардың көп екені рас. Диспансерлік бақылауда 19 мың ауру бар. Басқа облыс орталықтарынан бір жарым есе көп.

Дәрігердің айтуына қарағанда, қатерлі ісікпен ауыратындардың көбеюіне басқа облыстардан келіп жатқан науқастар себепші болуда. Өйткені, 1997 жылы «Арглабин» препаратының жасалуы Қазақстан үшін үлкен жаңалық болған. Алғашқы сынақ барысында 72 аурудың 44 пайызында ісіктің өсуі тоқтаған. Ол кезде, дәрі тек фитохимия институтының шағын лабораториясында шығарылып келген. Қарағанды зауыитында шығарылатын «Арглабиннің» әр ампуласы 472 теңгеге бағаланып отыр. Бірақ, ол емханаға түскенде үстеме баға қойылуы мүмкін, ал Еуропада ол тіптен қымбат бағаға сатылады, дейді Қарағанды облысының кәсіпкерлікті дамыту басқармасының өкілдері. Арглобин қатерлі ісіктің барлық түрлерін емдей бермейді, есесіне ол сол аурудың бірнеше түріне шипалы, дейді дәрігерлер. Қарағанды облысының онкологиялық орталығының дәрігері Мұратбек Жұмақаевтің айтуынша, «Арглабинді» жалғыз емес, басқа ем түрлерімен бірге қолданған абзал:

- Өз күшімен жазып шыққан бір-екеу ғана. Көбінесе ісікті кішірейтеді.

Білім және ғылым міністрлігінің фитохимия институтының маманы Руслан Пактың айтуынша, қатерлі ісікті сәулемен емдеу барысында «Арглабин» қолданылса, науқастардың емделуі 95 пайызға көтеріледі.

Қазір «Арглабинді» тәуелсіз мемлекеттер достастығындағы бірнеше елден келіп, іздеп келетіндер көп, дейді фитохимия институтының маманы Руслан Пак. Оның сөзінше, препарат Қырғызстанда және Тәжікстанда ресми тіркеуден өткен, жыл соңына дейін оны Ресеймен Украинада тіркеу жоспарланған.

Қазақстанда «Арглабин» денсаулық сақтау міністрлігінің өмірлік маңызы бар дәрілердің тізіміне енгізілген. «Азаттық радиосы үшін, Астанадан Бауыржан Шаяхмет.
XS
SM
MD
LG