Accessibility links

«Ақ Жол» партиясы Орталық сайлау комиссиясын сотқа бермекші


«Ақ Жол» демократиялық партиясының жетекшілері өздері көтерген жалпыхалықтық референдум өткізу жөніндегі ұсынысты қабыл алмай, оны негізсіз, заңға қайшы деп танып арнайы қаулы қабылдаған Орталық сайлау комиссиясын сотқа бермек ойда екендіктерін бейсенбі күні бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен болған кездесуде мәлімдеді.

2004 жылдың қараша айының 13 і күні Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы «Ақ Жол» партиясының референдум өткізу туралы ұсынған алты түрлі мәселесін тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылдаған болатын. Бұл қаулыға Орталық сайлау комиссиясының төрайымының орынбасары Қуандық Тұрғанқұлов мырза қол қойыпты.

Орталық сайлау комиссиясы өзінің бас тартуын «Ақ Жол» партиясының бастамашыл тобының жиналысы «Республикалық референдум туралы» жаңы конституциялық заңының баптарын бұзған және бастамашыл топтың ұсынып отырған мәселелері жалпыреспубликалық референдумның нысаны бола алмайды деп түсіндіреді. Орталық сайлау комиссиясының пікірінше Қазақстанның бірқатар аймақ, облыстарының өкілдері референдум өткізу туралы жиналысқа толығымен қатыспаған.

Алайда, Қазақстанның «Ақ Жол» демократиялық партиясы Орталық сайлау комиссиясының бұл айтқан пікірлерімен еш келіспейтіндіктерін білдірді. Олар Орталық сайлау комиссиясының бұл қаулысын негізсіз деп танып, оның заңсыздығын көрсету үшін алдағы уақытта сотқа шағымданбақшы. Ақ Жолдың басшылары жалпыхалықтық референдум өткізу туралы идеаларынан таймай алдағы уақытта белсенді түрдегі шаралар қолданатындықтарын мәлімдеп отыр.
XS
SM
MD
LG