Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11- 23 - 2004


Мерзімді басылымдар Украиндағы президенттік сайлау барысындағы оқиғаларға айрықша назар аударыпты. Тәуелсіз басылымдардың айтуынша, Украиндағы презденттік сайлау, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде демократия бар немесе жоқ деген сауалдың түйінін шешуге мұрындық болады. Ал, оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдар Украиндағы сайлау өте салысымен Қазақстанда мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтуі мүмкін екендігі туралы болжам жасапты.

“Айқын” газетінің сейсенбілік санында жарық көрген Ержан Әбдіраманның мақаласында Украинда өтіп жатқан президенттік сайлау барысындағы оқиғаларға байланысты талдау жасалыныпты. Мақала авторының айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы “бюллетендердің қаралған 98,24 процентінің нәтижесі бойынша алда премьер-министр Виктор Янукович келеді деп мәлімдепті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, Януковичке сайлаушылардың 49,57 проценті, ал оппозицияның өкілі Виктор Ющенкоға 46,57 проценті дауыс беріпті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Виктор Ющенконың жақтастары Орталық сайлау комиссиясы жариялаған мәліметтерді мойындаудан үзілді–кесілді бас тартып отыр. Ал, Виктор Ющенконы жақтайтын жұрт Киевтегі Тәуелсіздік алаңына жиналып, митинг өткізе бастапты. Ахуалды тікелей бақылап отырған журналистердің айтуы бойынша, митингіге қатысушылардың саны кешке қарай он мыңдап саналатын көрінеді. Ержан Әбдіраман өз мақаласында оппозиционер кандидат Виктор Ющенконың Киевте қарсыласын аса үлкен басымдылықпен жеңгендігіне ерекше тоқталып өтіпті. Бұқаралық ақпарат құралдары таратып жатқан мәліметтерге сүйенсек, украиналық сайлаушылар бұл жолы аса жоғары белсенділік көрсеткен. Жексенбі күні 29 миллион 878 мыңнан аса украин, яғни сайлаушылардың 79,35 проценті дауыс берген. Мақала авторы өз болжамында Украинадағы оқиға тұр-тура Грузиядағы “райхан гүлдері революциясының” жолымен өрбіп келе жатқандығына тоқталып, алайда ішкі істер министрілі басшысының оған жол бермейміз деп отырғандығын хабарлапты.

“ Украиндағы сайлау Тәуелсіз мемлекеттер достасғы елдерінде демократия бар ма, әлде жоқ па деген сауалдың түйінін шешуге мұрындық болады” деп жазыпты “Жас алаш” басылымы. Сондай-ақ “Жас алаш” басылымының сейсенбілік санында әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығы жүргізген сұрау нәтижесінде Қазақстанда өткен Парламент сайлауына халықтың 15 процентінің ғана көңілі толатындығы туралы дерек мысалға келтіріліпті. Мақалада халықтың 34,5 проценті үшін “бәрібір”, 20,6 процентінің түпкілікті көзқарасы жоқ екендігі айтылыпты.

“Литер” басылымының сейсенбілік санында жарық көрген “Сайлау қиындығы” атты талдау мақалада көптеген сарапшылардың Украиндағы өтіп жатқан президенттік сайлауды қоғамның екіге бөлінгендігін байқатады деп бағалағандығы айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, президенттік сайлау барысында Украина екіге бөлінді. Олардың бір тобы Батыспен бірге болғысы келеді, ал екінші тобы Ресеймен жақындасуға құштарлық танытып отыр. Қазақстандық бақылаушылардың айтуынша, Украиндағы сайлаудың Қазақстанмен салыстырғандағы ең басты айырмашылығы, ол елдегі азаматтардың сайлауға қатысты үлкен белсенділік танытып отырғандығында.

“Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясы Украиндағы президенттік сайлауда Виктор Ющенконың жеңіске жетуіне тілектес екендігін білдіріп “Республика” басылымы арқылы үндеу жариялапты. Аталмыш үндеуде Украиндағы президенттік сайлаудың барлық Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері үшін де маңызының зор екендігіне баса назар аударылыпты. “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясы өз үндеуінде Украиндағы ресми биліктің Қазақстандық режимнің Парламент сайлауындағы заң бұзушылықтар мен бұрмалушылықтарға жол бергендігі секілді әрекеттерге бара алмайтындығына сенім білдіріпті.

“Сөз” басылымына берген сұхбатында “Демократияға ықпал жасау” атты мемлекеттік емес қоғамның басшысы Наталья Чумакова “Украиндағы президенттік сайлаудың Қазақстанмен салыстырғанда шын мәнісінде демократиялық жолмен өтіп жатқандығын баяндапты. Наталья Чумакованың айтуынша, Қазақстанда президенттік сайлау басталмай жатып, нағыз бәсекелестерді сайлауға жібермеудің қамы жасалған болса, Украиндағы сайлауда оппозицияның сайлауға қатысуына да, мемлекеттік телеарна арқылы өз ойын білдіруге де барлық мүмкіншіліктер жасалынған. Сондай-ақ “Сөз” газеті Украиндағы сайлауға Қазақстандағы тәуелсіз және саяси ұйымдардың бақылаушыларының қатысып отырғандығын хабарлапты.

Ал, “Ақ жол Қазақстан” басылымында жарық көрген “Дауыл алдындағы дамыл” атты мақалада Украиндағы оқиғадан кейін, Қазақстанда мерзімінен бұрын президенттік сайлаудың өтуі және оппозиция өкілдерінің жеңіске жетуі мүмкін екендігі туралы болжам жасалыныпты. Мақала авторы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың соңғы кездердегі халыққа үйіп-төгіп беріп жатқан уәделерін, мемлекет басшысының сайлау алдындағы дайындығы ретінде бағалапты. Мақала авторының айтуынша, Қазақстанда саяси дағдарыс күннен-күнге күшейіп келе жатқандығы келешектегі оппозиция жеңісінің алғышарттары болып табылады.
XS
SM
MD
LG