Accessibility links

Семей қалалық мәслихатының депутаттары 11 сынып оқулығының авторларын сотқа бермек


Семей қалалық мәслихатының депутаттары Семей халқының ар-намысына тиетін сөздер кездеседі деген желеумен орыс мектебінің 11-сыныбының қазақ тілі оқулығының авторларын сотқа бергелі отыр. "Оқулық авторларымен қоса, оқулық ішіндегі «Қарға мен түлкі» мысалында Семей халқын «мәңгүрт» деп көрсеткен Шомақов деген автордың да үстінен сотқа арыз жазуды ұйғарып отырмыз", - дейді. Депутаттардың бұл ұсынысын мектеп директорлары мен мұғалімдер де қолдап отыр.

С.Шомақов деген автордың «Қарға мен түлкі» мысал әңгімесі 11 сыныптың оқу бағдарламасына енгізілген. Онда мынадай үзінді келтіріледі.

... «-Мынау Семейдің ірімшігі ғой!? -Болса ше! -Е, солай де, мына радиацияланған ірімшікті жегізіп ұрпағымды құртпақ екенсің ғой. Қой қарағым, бүгінде Крыловтың заманы емес. Мынауыңды жеп организмімді радиациялап мәңгүрттерді дүниеге келтірер жайым жоқ. Семейдегі ядролық сынауды білмейді деп пе едің. Мә, ірімшігіңді қағазыңа ора да қалтаңа сала ғой, - деп түлкі тайды. Ыза болған қарға жерде жатқан ірімшікке көз қырын да салмай ұша жөнелді».

Семей қалалық мәслихатының депутаты Роза Рысбекованың айтуынша, бұл мысал тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де оқылады. «Мысалы бұны Мәскеуде, Украинада, Италияда, тағы басқа жерлерде де оқиды. Сонда басқа елдердің Семейліктерге деген көзқарасы қандай болады. Сондықтан, біз бұны Семей халқының ар-намысын таптау деп есептейміз», - дейді.

Роза Рысбекованың айтқандарымен Семейдегі мектеп директорлары мен мұғалімдері де келісіп отыр. Қаладағы 43-ші мектептің директоры Қинаятулла Абдуллаев: «Мұны жазған сауатсыз адам. Әйтеуір адамдарды қорлаудың амалы. Оқулықтардың өзін таныс-тамырлар жазады да бір-бірлерін мақтай жөнеледі», - десе, аталған мектеп директорының орынбасары Сайра Айыпқызы «Біз автордың мақсаты не екенін түсінбедік, оқушыларға түсіндірудің өзі қиынға соғып отыр», - дейді.

Келесі кезекте 11 сынып оқушыларын сөзге тартқан едік. Құралай есімді оқушы Семей өңірінің тұрғындарын мәңгүрт деп жазған мәтіннің мазмұнына жан-дүниеммен қарсымын десе, Анар мұндай мәтіндердің мектеп оқулығында мүлдем болмауы керек, бұл жеке тұлғаның құқығын бұзу деп есептейді.

Ал Семей қалалық білім және жастар басқармасының әдістемелік кабинетінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің әдіскері Гүлнар Оразбекова «Бұл жерде тек мәңгүрт деп қарамай, мысалдың астарына үңілу керек. Бұны түсіндіру мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Мысалға, мен өзім оны неше жылдан бері ағзаны зақымдаған полигонның жағдайын жазып отыр деп балаларға экология тұрғысынан түсіндіретінмін. Оқушылардың назарын «Мәңгүрт» деген сөзге аудартқан емеспін. Егер ақылмен жеткізе алатын болса, сол сөзге көңіл аудармай-ақ қоюға болады. Ол да мұғалімнің шығармашылық жұмысына, білім деңгейіне байланысты», - дейді.

Білім және ғылым министрлігіндегі оқулықтар бөлімінің бастығы Майра Рақымжанова 11 сыныптарға арналған қазақ тілі оқулығын шығарған сол кездегі «Рауан», қазіргі «Мектеп» баспасының бас редакторымен тілдесіп, түсінік алғандығын айтады. «Олардың айтуынша, сол кезде полигон мәселесі көп көтерілді, соған байланысты тақырыпқа сай етіп қойған мысалдары болу керек. Менің ойымша, сәтсіз берілген мысал әңгіме».

Семей қалалық мәслихатының депутаты Роза Рысбекова «Орыс мектептеріндегі 11 сыныптың қазақ тілі оқулығының авторлары Қ. Қожахметов, Н.Мергенбаев, Б.Күлмағамбетовты және сөз болып отырған «Қарға мен түлкі» мысалының авторы С.Шомақовты ар-намысқа тиетін ауыр сөздер қолданғандары үшін сотқа беруді ұйғардық және оқулық авторларына моральдық шығын келтіргендері үшін айыппұл төлетіп, ол ақшаны жетімдер үйіне аударуды да жоспарлап отырмыз», - дейді Роза Рысбекова.
XS
SM
MD
LG