Accessibility links

Украинадағы оппозиция жеңіске жеткен жағдайда Біртұтас экономикалық кеңістік сияқты құрылымдар ыдыратылуы мүмкін, дейді қазақстандық саясаттанушылар


Украинадағы президенттік сайлаудан кейінгі саяси дағдарыстың басталғанына 10 күннен асты. Қазақстандық саясатшылардың қайсыбірі оппозиция жеңуі мүмкін, ал, бұл көршілес елдерге де әсер етеді, деген. Сасаттанушы Берік Әбдіғалиевтің пікірінше, Украина Ресейден гөрі Батыс одақтастарына көп көңіл бөлуі ықтимал:

- Егерде, Украина ортақ ұйымдардан кете бастаса, әрине, ол жалпы одаққа үлкен әсер етеді. Өйткені, Украина болмаса, онда бұл одақтың мәні жоғала бастайды. Өйткені, ең бастысы Қазақстанмен Украина. Өйткені, Ресейге Азия жағынан Қазақстан ең басты одақтас, ал, батыстан Украина.

Сайлаудың екінші турының нәтижесі жарияланбай жатып, дүйсенбі күні Ресей президенті Влдадимир Путин Янукевичті жеңіспен құттықтады. АҚШ пен Еуроодақ өкілдері Украинадағы сайлау нәтижесіне күмән келтіріп, алаңдаушылық білдіріп отырғандығын мәлімдеді. Атыраулық саясаткер-журналист Жұмабай Доспанов Украинадағы сайлау нәтижесіне Ресейдің ықпалы болды дейді:

- Келесі жылы Қазақстанда президент сайлауы болып қалатын болса, Назарбаев ия болмаса оның адамын өткізбесеңдер Қазақстанның солтүстік облыстарын автономия сияқты бірдеңе жасаймын деп айтудан Путиннің командасы тайынатын емес, сондықтан, Еуразиялық одақ бұл біртіндеп 7-8 республиканы түрлі әдістерменен Ресейдің қол астына бағындырып апару деп есептеймін.

Қарашаның 30 күні Янукович Ющенкоға премьер-министр қызметін ұсынды. Украин телеарналарына берген сұқбатында ол конституцияға өзгеріс енгізіледі, одан кейін премьер-министр елдегі бірінші адаммен қатар тұратын болады, деп мәлімдеген. Сол күні «Карнеги» қорының сарапшысы Андрес Ослундтың айтуынша, Янукевичтің сайлау кампаниясына 600 миллион доллар жұмсалған. Бұл соманың жартысы Украина, жартысы Ресей кәсіпкерлерінен келген, дейді ол. Бұрыңғы мәжіліс депутаты, саясатшы Мырзакелді Кемел, болса, бірнеше халықаралық ұйымға Қазақстанмен бірге кірген Украинадағы жағдайдан мынадай сабақ алу керек дейді:

- Әңгіме оппозицияның жеңуінде, жеңілуінде емес, ең бастысы мемлекеттігімізді сақтап қалу.

Қарашаның 30 күні Украинанын оппозициясы билікпен келіссөздерді тоқтатып, Киевтегі әкімшілік ғимараттардың алдын жауып тастайтынын мәлімдеді. "Украинские новости" агенттігі хабарлағандай, сол күні қара киім киген бірнеше жүздеген адам Киевге келген 70 журналистке және халықаралық бақылаушыларға шабуыл жасаған. Төбелесті бастаған адамдардың киімінде Ющенконың қына сары түсті белгілері бар деп хабарланды. «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтың пайымдауынша, Украинадағы саяси ахуал Қазақстанға қатты әсер етпейді, бірақ, одан сабақ алуға болады, дейді ол:

- Елдің ішіндегі жағдайды ушықтырып, делдалдар арқылы сөйлесуге жеткізуге болмайды. Мұны билікте, оппозицияда түсіну керек. Біз үшін басты құндылығымыз тәуелсіздігіміз. Ал, қоғамның дамуын тоқтатуға болмайды, және кері қарай жүруге болмайды, оны билік түсіну керек.

Әлемдік ақпарат құралдары желтоқсанның 2 күні Украина президенттігінен үміткерлер Виктор Ющенкомен Виктор Янукович саяси дағдарысты реттеу жолдары жөнінде 7 тармақтан тұратын келісімге қол қойды деп хабарлады.
XS
SM
MD
LG