Accessibility links

Қазақстанда миграция мәселесі уақыт өткен сайын күрделеніп барады, дейді Бас прокуратура өкілдері


Елдің барлық аймақтарында жүргізілген прокурорлық тексерулер барысында, шет елдік азаматтардың миграциялық заң талаптарын бұзу фактілеріне жол бергендігі анықталып отыр, дейді прокуратура өкілдері. Бас прокуратураның әлеуметтік қадағалау жөніндегі прокуроры Талғат Әлібаевтің айтуынша, бұл салада лаңкестікпен күрес шаралары төңірегінде тексеру жұмыстары күшейтілген:

- Шараларымыз күшейтіліп жатыр. Күн сайын біз олардың осы мемлекетте заңды түрде болуын, бәрін тексеріп, қандай заң бузушылық фактілері болса, біз бірден шара қолданамыз.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы қазан айының 11 күні терроршыл топ қолға түсті деп мәлімдеген болатын. Топ мүшелері дінге шексіз берілген адамдарға құран сүрелерін бұрмалап, лаңкестікке уағыздаған деп хабарланды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Божко Қазақстанда адамдар діни көзқарастары үшін қудаланбайды. Бірақ, көптеген адамдар діннің негізін анық түсінбейді. Рухани басшылардың барлығы бірдей дінге сенушілерге әрдайым оның нақты негізін жеткізіп айта бермейді, деген болатын. Саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, бүгінгі прокуратура жариялаған шаралармен комитет таратқан мәліметте ұқсастық бар:

- Президенттік сайлаудың алдында сөзсіз, барлық атқарушы органдар соның ішінде мына прокуратура, қорғау органдары тапсырма алған болу керек. Яғни, осы сайлаудың алдында осындай лаңкестікке, экстремизмге байланысты ұрандардың желеуімен темірдей тәртіп орнату керек деп. Бұл жерде билік халықтың жағдайын емес, өзінің тыныштығын ойлап отыр.

Желтоқсанның 3 Бас прокуратура шет елдік азаматтарды тіркеу ережесінің бұзылуы фактілері анықталды, деген мәлімет таратты. Мысалы, Орталық Азия елдерінің Астана базарларында сауда жасап жүрген кейбір азаматтары тіркелу мерзімін ұзартуды делдалдар арқылы, 1 немесе 3 мың теңгеге жүзеге асырып келгендігін анықтаған. Оның сыртында, Бас прокуратураның әлеуметтік саланы қадағалау жөніндегі прокуроры Талғат Әлібаевтың айтуынша, Қазақстанның кейбір облыстарында шет елден келген діни ағымдарды уағыздаушылар анықтала бастаған:

- Соңғы кезде, лаңкестік әрекеттер Орта Азияның ұлттық қауіпсіздігіне өз әсерін тигізіп отырған соң, біз елдің діни ағартушыларының әрекетін тексердік. Қызылорда қаласындағы бес Оңтүстік Корея азаматы діни әдебиет құралдарын таратқан болатын. Олар Қазақстанда туристік визамен келіп жүрген.

Бас прокуратура мәліметіне қарағанда, қазақстандықтарға таратылып жатқан діни әдебиеттер анықталған соң, шет елдік уағыздаушылар елдеріне қайтарлды. Қазір, Қазақстанға Польшадан, Оңтүстік Кореядан, Түркиядан келген діни ағартушылар бар дейді прокуратура өкілдері. Ал, саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің пікірінше, мұның өзі күмәнді жайт:

- Биліктің ұстап отырған идеологиясы тұрақтылықты күшейту деген идеологияға келеді әрине, бірақ биліктің өзі ғана осы тақырыпты көтере берсе, ешқандай дәлелсіз бұл әрине үлкен күмән туғызады.

Саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, дәл осындай жағдай Қазақстан президентінің сайлауы қарсаңында бұған дейін де болған. Ол кезде, оппозияда жүрген азаматтарға қысым жасалды, дейді ол. Саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, ұлттық қауіпсіздік шараларының қатаң қолға алынуы уақытша құбылыс:

- Дәл осындай миграция, лаңкестік, экстремизмге қарсы жасалып жатқан әрекеттердің ар жағында біздің ойымызша, үлкен саяси элементтер жатыр. Қарап отырыңыз сайлау өткеннен кейін олар осы әңгіменің бәрін ұмытып кетеді.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтің пікірінше, қазір Қазақстанда ұлт деген ұғымды жоққа шығаратын діни ағымдар біртіндеп көбейіп келеді, сондықтан діни топтармен абай болған абзал, дейді саясаттанушы:

- Қазақтардың арасында әсіресе, ұлтты жоққа шығаратын исламдық көзқарастар ақырындап билеп келе жатыр. Мүмкін олар көбейген сайын, біздің билік оларды қысып, болашақта үлкен сондай лаңкестік пиғылдарға немесе әрекеттерге әкелуі мүмкін.

Бас прокуратураның тексерістері нәтижесінде, шет елдерден іскерлік байланыс немесе жұмысқа тұру үшін келіп, заңды тұлға ретінде жеке кәсіп ашып алғандар да анықталған. «Азаттық радиосы үшін, Астанадан Бауыржан Шаяхмет.
XS
SM
MD
LG