Accessibility links

«Біздің Қазақстан» деп аталатын Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіруші кеңесінің төрағасы болып Жармахан Тұяқпай сайланды.


«Біздің Қазақстан» деп аталатын Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіруші кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқпайға конституцияға реформа енгізу туралы тұжырымдаманы жазу жүктелген.

Оның айтуынша, конституцияға енгізілетін өзгерістердің ерекше мақсаты бар:

- Қандай адам болмасын билікке келген адам әр уақытта да оның ол жерде уақытша екендігін түсінетіндей принциптерді, содан кейін, билікті ешкімнің жеке меншігі болдырмайтындай жағдайын жасау керек.

«Отан» партиясы төрағасының орынбасары Амангельді Ермегияевтің айтуынша, билік тармақтарының бір біріне жақын болуы орынды, бірақ, бұл біртіндеп келетін дүние.

- Әр биліктің өзі бір-біріне таразының басындай тең болғаны дұрыс қой. Ол өзі дамуға байланысты келетін дүние. Сондықтан да, олар оңға тартсаң солға тартады, солға тартсаң оңға тартады. Оларға қалыптасқан әдет болды ғой.

Бұл жолы үйлестіру кеңесінің отырысына Ғалымжан Жақиянов төрағалық етті. Оның айтуынша, билік басындағылар өздерінің мәңгі еместігін түсіне бермейді. Ертең олар биліктен кеткен соң өздері оппозицияға кетуі мүмкін. Сондықтан, билік оппозицияға жұмыс істеуге мүмкіншілік бергені жөн, - дейді Ғалымжан Жақиянов:

- Неліктен Тасмағанбетов сол кезде шығарды? Ол өздігінен шығарған жоқ қой ол ақшаны, амалсыздан шығарды ғой. Оппозиция бұл мәселені көтергеннен соң, халық сұрай бастаған соң ғана шығарды ол ақшаны. Әйтпесе ойында бар ма?

Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіруші кеңесі билік соңғы жылдары елді жүйелі саяси дағдарысқа әкелді деп есептейді. Осы тығырықтан шығу үшін, оппозиция өкілдері президентпен тікелей келіссөз өткізуді ұсынып отыр. Бұл келіссөздерде негізгі екі мәселе қаралуға тиіс. Біріншісі - Жақиянов, Әблязов, Қажыгельдин, Әбілов, Дуванов сияқты оппозиция өкілдерінің азаматтық құқығын қалпына келтіру. Екіншісі - Мәжіліс сайлауының нәтижесін қайта қарастыру жолдарын табу. «Отан» партиясы төрағасының орынбасары Амангельді Ермегияевтің пайымдауынша, Қазақстанда оппозиция мен билік арасында диалог орнатуға барлық мүмкіндік бар:

- Ертең ұлттық комиссияның бірінші отырысы болады. Қалай диалог жасаймыз десе мүмкіншілік бар ғой. Ал, тек президентпен сөйлесем десе, онда өз ойларын президентпен бөлісіп алсын.

Қазақстанның коммунистік партиясының бірінші хатшысы Әбділдиннің айтуынша, билік оппозиция атынан сайланатын үміткерге белгілі бір кедергілер жасап сайлауға қатыстырмаса, ол президенттік сайлауға өзі қатысуы мүмкін. Әбділдиннің пікірінше, қазіргі оппозицияның мақсаты билік басындағы Нұрсұлтан Назарбаевты кезекті рет президенттік мерзімді ұзарту мүмкіншілігінен айыру:

- Осы Назарбаевті қалай болса да келесі тағы 7 жылдыққа президент болам деген пікірінен айыру. Сондықтан, қазіргі парақор биліктен біз қалай болсақ та құтылуымыз керек. Осындағы ұрлық, парақорлық, жемқорлықтың саяси әлеуметтік негізін жасаған адам ел басы.

Қазақстанның коммунистік партиясының лидері Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, билік Қазақстан жұртшылығы облыс әкімдерін сайлауға дайын емес деген, ал сөйте тұра президенттік және парламент сайлауларын өткізеді, сонда президентті сайлаған халық әкімдерді неге сайлай алмайды екен, дейді Әбділдин. Оның пікірінше, алдағы президенттік сайлауға оппозиция атынан түсетін үміткердің есімін әзірге айтуға болмайды:

- Ол адамның кім екенін айту ерте. Биліктің құрығы ұзын. Қалай болса да, бір себебін тауып, ел аралап өзін көрсетуге мүмкіншілік берілмейді. Теледидардың, баспасөздің бетінде ол туралы басқа пікірді таратуға билік кіріседі. Сондықтан, ерте шақырған әтештің басын кеседі, деген мақал бар.

Бұған дейін, Демократияландыру мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Болат Өтемұратов болса билік пен оппозиция арасында дилог болу керек, деген пікірін жариялаған болатын.
XS
SM
MD
LG