Accessibility links

Бәйдібек би ауданының көп балалы аналары өртену акциясын ұйымдастырмақшы


Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек би ауданының көп балалы аналарына тиесілі жәрдемақы дауы 1998 жылдан бері жалғасып келеді. Осы мәселені көтеріп жүрген «Әділет» қоғамдық ұйымының өкілдері осы мәселеге қатысты араға жыл салып Астанаға тағы келді. Олар бұл жолы Парламенттік тыңдау ұйымдастырылып, облыс басшылары мен заң орындары өкілдерінің депутаттар алдында жауап беруіне қол жеткізбек.

Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек би ауданындағы көп балалы аналардың өкілдері сөз болып отырған мәселеге байланысты Қазақстан республикасының Ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков, Бас прокурор Рашид Түсіпбеков және Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмидің сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысы басшылары мен заң орындары жетекшілерінің депутаттар алдында жауап беруін талап етуде. «Әділет» аймақтық қоғамдық бірлестігінің сол кездегі төрайымы Ұлмекен Саидова балаларға берілетін жәрдемақының төленбей, талан-таражға түскендігін айтып, әділдік іздеп, ақыр соңы түрмеге жабылды, ауыр соққыдан ауруға ұшырады. Ол бүгінгі таңда отбасынан жырақта өмір сүруге мәжбүр болып отыр. Сыбайлас жемқорлардың елге ақша бермей, өздерінің ішіп-жегендерін ашқаны үшін түрмеге жауып, сабап, дәлелсіз ұстады. Ол кісі 4 жылдан бері ауру, алайда ешқандай жер ауру екендігін мойындамай отыр. Бүгінде оған жала жабылып отыр. Егер осы мәселе сотта қаралатын болса, оның дәлелді болып шығарына еш күмәніміз жоқ»,-дейді Айсұлу Ізбасарова.

«Әділет» аймақтық қоғамдық бірлестігінің қазіргі төрайымы Нарипа Асанова «Біз алдымен Ұлмекен Саидоваға жабылған жаланың алынып тасталуын талап етіп отырмыз. Біз барлық заң орындары басшыларының алдынан өтіп, Оңтүстік Қазақстан облысындағы шенеуніктермен арпалысып, қылмыстық кодекстегі баптардың орындалмай отырғандығын айтып келіп отырмыз. Парламентте заң шығарылады, мүмкін шенеуніктерге деген бөлек заң, бізге деген бөдек заң бар шығар. Біз Ұлмекен Саидованың ауру екендігі танылып, іздеу, оның үстінен жабылып отырған жала алынсын деп келіп отырмыз», - дейді.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы аналардың атынан келген өкілдер осы мәселеге қол ұшын берулерін сұрап Парламент депутаттарының біразына өтініш тастап кеткендерін айтады. Алайда, телефон арқылы хабарласқанымызда орнынан табылған Бәйдібек би ауданынан сайланған Мәжіліс депутаты Ермек Абасов ешкімнің өзіне келіп жолықпағандығын айтып отырса, «Әділет» аймақтық қоғамдық бірлестігінің қазіргі төрайымы Нарипа Асанова «Екі күннен бері жолдарын торуылдап, бірнеше рет телефон шалғанымызбен де ешкім жауап бермей отыр», - дейді.

Ал Сенатор Зәуреш Батталова «Бұған дейін қанша депутаттарды шақырдық, бірақ солардың бірде-біреуінің жауапқа тартылғандарын көрген жоқпыз. Бұл мәселе қанша жерден дәлелденгенмен де заңды тұрғыдан шешіледі дегенге сенбеймін», - дейді.

Бәйдібек би ауданындағы көп балалы аналардың өкілдері желтоқсанның 7-сі күні «Асар» партиясының төрайымы, Парламент мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаеваға да жолығып мәселеге араласуын сұрады. Олар егер мәселе дұрыс шешілмейтін болса, өртену акциясын ұйымдастыратындарын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG