Ал Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов «Екі ел арасында күндер, жылдар өткізудің де өз дәстүрі бар. Оған 1936 жылы жыр алыбы Жамбыл мен Қазақ даласының бұлбұлы, күміс көмей әнші Күләштар қатысқан Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің он күндігі мысал бола алады. Осы қатынастарды жай ғана көршілік қатынастар дей алмаймыз. Өйткені, бұл әлдеқайда мағыналы да мәнді құбылыс. Міне, осындай тамыры терең достық біздің елдеріміз арасында қазір де жалғасын тауып, жаңа қырынан көріне бастады. Екі мемлекет халықтарының шынайы мүдделестігінен бастау алған бұл сыйластық жаңа ұрпақтың жүрегінен өз орнын табуда», - дейді.
Қазақстан мен ресейде өткен аталған жылдардың аяқталуына байланысты қазақстандық сарапшылардың пікірі әрқилы. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Зарқын Тайшыбаев Ресейдегі мұрағаттардан Қазақстанға қатысты құнды деректерді алудың қиын екендігін айтып, бұны шешілмей қалған мәселелердің бірі деп есептейді. «Мысалы, Омбыда немесе Орынборда мұрағаттардағы қағаздарды бермейді, сатып береді, бағасы өте қымбат, тіпті, бірталайын бермейтін қылған. Бұл бірнеше рет айтылды, мемлекеттік деңгейде көтерілді. Бір жағынан олардікі де дұрыс: «Ол біздің ұлттық байлығымыз» дейді. Ал біз «бұл сіздерге қатысы жоқ, Қазақстанның шаруасы ғой» десек, сатып алыңыздар дегенді айтады. Абылай ханның атына қатысты қаншама құжат жатыр, ал оны алу тіптен қиын», - дейді Зарқын Тайшыбаев.
Ал саясаткер Әміржан Қосанов екі жылдың да пайдасыз өткендігін айтады. «Менің ойымша ойдан шықпаған сияқты. Осы жылдың ішінде Ресейдің Қазақстанға енуі мәселен, экономикалық, қаржылық жағынан көбірек болды да, ал Қазақстанның қаржылық топтары тауар өндірушілерінің Ресей нарығында орнын ойып алды деген хабарды мен естіген жоқпын. Еш нәтиже бермейтін және міндетті шешімдер қабылдамайтын дөңгелек үстелдер, конференциялар, талқылаулар баяғы ескі сарынмен өтті», - дейді.
Ал «Ақ жол» партиясының Ақтөбедегі бөлімшесінің төрағасы Ізімғали Көбенов «Қазақстандағы Ресей жылының облыстың медициналық жағдайының жақсаруына септігі мол болды. Ресеймен жақсы болғандықтан нейрохирургиялық, басқа да күрделі ауруларды емдету үшін көбіне Ресейге барады. Әрине, өкінішті, алайда осы жағынан екі байланыстың оңды жағы көрініп тұр» деп дейді.
«Жалпы, өтіп бара жатқан жылдың пайдалы жағы жоқ емес, алда да достық қарым-қатынас жалғаса беруі қажет», - дейді Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Зарқын Тайшыбаев.