Accessibility links

Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 13 жыл толғанына орай, Астанада тұңғыш рет орталық алаңдағы мемлекеттік органдар шоғырланған ғимараттар түрлі түсті сәулелермен безендіріліп, мерекеге жиналғандарға от шашу көрсетілді


Қазақстан тәуелсіздігін алған соң, оның символдары герб, ән ұран және байрағын алды. Сол кезде жаңаша конституция қабылданды. Елдің территориалдық шекарасы анықталды. Бертін келе, Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымының мүшесі атанып, ядролық мемлекеттер қатарына қосылды. Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстан бірқатар халықаралық келісімдерге қосылды. Сөйтіп көп векторлы саясатты таңдады. Соңғы уақытта ел азаматтарының төлқұжаттарына ұлтының атауы жазылатын орынға қазақстандық деген атау жазу ұсынысы айтыла бастады. Қазақстан парламентінің депутаты ақын Мұхтар Шахановтың пікірінше, дамыған елдерге еліктеу Қазақстандықтардың рухына кесірін тигізеді:

- Америкада ұлт жоқ, яғни американ халқы ғана бар. Яғни, Америкада тұратын адамдардың барлығы американдық болып жазылады. Төлқұжатыңызда қазақ деп жазылған, ал енді соның орнына қазақстандық деп жазбақшы, бұл түбірімен қате.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстанда 650 адам мемлекеттік наградамен марапатталды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы шара барысында Қазақстандықтарды мерекесімен құттықтады:

- Осының барлығына бәріміз тәуба дейік, еліміздің тәуелсіздігі, халқымыздың болашағы, жеріміздің тұтастығы, ішімізбен сыртымыздың тыныштығы, біз үшін ең асыл қазына.

Астананың бас сахнасы конгресс-холлда салтанатты жиналыс өтті. Оған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, парламент депутаттары, министрлер мен әкімдер қатысты. Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Нұртай Абықаев негізгі баяндама оқып, Қазақстан тәуелсіздік алғалы эволюциялық жолмен дамып келе жатқандығын айтты:

- Осы жылдар ішінде біз көп іс атқарып, дамуымыздың деңгейі жағынан тәуелсіз мемлекеттер достастығында екінші орынға шықтық. Халқымыздың даналығы, ел басының күрделі үрдістерге білгір басшылық жасай білуі, біздің болашақта табысты дамуымыздың кепілі. Мереке құтты болсын, құрметті отандастар!

Салтанатты жиналыс концертке ұласты.

Астана көшелерінде қала қонақтары мен тұрғындарына арнап, бірінші рет ірі шамдармен қосарланған от шашу көрсетілді. Бұл шараға арнайы Германиядан жабдықтар алыныпты. Астананың бас алаңындағы 3 қабатты фонтан шамдардың көмегімен от гүліне айналды. Қала орталығында орнатылған телеқабылдағыштар арқылы Қазақстан тәуелсіздік алғалы қол жеткізген жетістіктері көрсетілді. Ал, Астана тұрғындарының бұл жетістіктерге қатысты пікірі әр түрлі:

-

Қаңғып жүрген үйсіз жүргендер көп, және ақша іздеп сандалғандар көп. -

Ертеде орыстар болса, қазір өзіміздің қара көздеріміз көбейіп, атақты ата бабаларымыз, батырларымыз шығып жатыр. Бұл ертеде болды ма, болған жоқ. -

Басқа елдерге қарағанда ең тыныш ел, саяси жағдайы тұрақты. -

Тәуелсіздікте көп жетістіктерге жеттік деп есептеймін. Біріншіден қазақ тілінде сөйлеп, сол қазақ тілін өркендетіп жатырмыз деп есептеймін.

Астана қаласының Әзірбайжан мәдени ұлттық орталығы төрағасының орынбасары Видадий Салаховтың пікірінше, Қазақстанның басты байлығы ұлт аралық келісімде жатыр:

- Бірге тұрамыз, бізде жақсылық, достық, бірлік бар. Барлық ұлттар қазақтар, орыстар, әзірбайжандар бәріміз бірге тұрамыз.

Мерекелік шаралар ертең де жалғасын табады. Астана әкімшілігі тәуелсіздік күніне орай бірқатар спорттық шаралар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырды.
XS
SM
MD
LG