Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12. 21. 2004


Мерзімді басылымдарда Алматы қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Иманғали Тасмағамбетовке көптеген проблемаларды шешуіне тура келетіндігі айтылыпты. Сондай-ақ сейсенбі күнгі мерзімді басылымдарда “Тұран Әлем” банкі басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовтың жұмбақ өлімі туралы әр түрлі болжам жасалыныпты.

“Начнем с понедельника” апталығында жарық көрген Татьяна Носованың мақаласында Алматы қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Иманғали Тасмағамбетовке көптеген қиындықтарды шешуге тура келетіндігі тілге тиек етіліпті. Мақала авторы осы орайда жол мәселесінің Алматы қаласындағы шешімін таппай келе жатқан ең күрделі проблемалардың бірі болып табылатындығына айрықша тоқталып өтіпті. Сондай-ақ газет тілшісінің айтуынша, экология мәселесі де Алматы қаласындағы ең өзекті проблемалардың бірі болып табылады. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Алматы қаласындағы жаппай құрылыс салу науқанының белең алуы және көпқабатты зәулім үйлердің тым жақын салынуы ауаның ластанып кетуіне әкеліп соқтырған. Алматы қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Иманғали Тасмағамбетов шешуі тиіс ең үлкен проблемалардың бірі ретінде мақала авторы Алматы қаласының маңайындағы өзен-сулар мен қаланың ластанып кеткендігін атапты. Сөз соңында мақала авторы Алматы қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың осы күрмеуі күрделі мәселелерді шешуге шын мәнісінде күш сала алатындығына сенім білдіріпті.

Жаңадан жарық көре бастаған “Город” атты басылым Алматы қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың әкімшіліктің барлық, тіпті еден жуатын қызметкерлеріне шейін жұмыстан босатыпты деген бейресми ақпараттың пайда болғандығын хабарлапты. Алайда мақала авторының, мереке күні болғандықтан бұл бейресми ақпараттың рас немесе өтірік екендігін анықтауға мүмкіншілігі болмаған. Мақала авторының айтуынша, мұндай әңгіменің пайда болуына әкімшіліктің кейбір қызметкерлеріің олармен бірінші қаңтардан бастап жасалған келісім-шарттың бұзылатындығы туралы ескерту қағазын алуы себеп болып отыр.

“Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұлт өнері мен мәдениетінің ұясындай болған Алматыға зор тарту жасады. Иманғали Тасмағамбетовты Алматы қаласының әкімі қылып тағайындады” деп жазыпты “Ані тілі” апталығының тілшісі Нұрлыбек Саматұлы. Нұрлыбек Саматұлы өз мақаласында соңғы жылдардағы Алматы көшелеріндегі жазулар мен жарнамалардың мемлекеттік тілдегі мәтінінің жоғалып, бұл қаладағы ана тілі мәселесінің тым ақсап кеткендігін айта келіп, осы олқылықтарды Иманғали Тасмағамбетовтың шеше алатындығына үміт артыпты. Сондай-ақ мақала авторы Алматы қаласындағы қазақ мектептерінің санын көбейтіп, онда сабақ беретін мұғалімдердің айлығын көтеру қажеттілігін де сөз қылыпты.

“Тұранәлем” банкі басқармасының төрағасы Ержан Тәтішовтың жұмбақ қазасы да мерзімді басылымдардың баса назар аударған негізгі тақырыбына айналыпты. “Литер” басылымының 21 желтоқсан күнгі санында жарық көрген мақалада қаза табарының алдында ғана Ержан Тәтішовтың Уфа мен Санкт-Петерборан табыспен қайтып оралғандығы хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, осы іссапар барысында Ержан Тәтішов Башқұртыстанның президенті Мұртаза Рахимов және Ленинград облысының губернаторы Валерий Сердюковпен кездескен. Осы табысты кездесуді мерекелеу үшін Ержан Тәтішов достарымен бірге аңшылыққа шығуды ұйғарып, қаза тапқан.

“Экспресс К” басылымы болса, “Тұранәлем” банкі басшылығының Ержан Тәтішовтың қазасын кездейсоқ оқиға деп бағалағанымен, Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының қылмыстық іс қозғағандығы туралы хабарлапты.

“Жас алаш” басылымының сейсенбі күнгі санында жарық көрген “Банкирдің жұмбақ өлімі” атты мақалада Ержан Тәтішовтың тәжірибелі аңшы екендігі айтылып, ол абайсызда қаза тапты деген деректің шындыққа үйлеспейтіндігі баяндалыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “ТұранӘлемБанкі” әу бастан-ақ дау-дамайдың ортасындағы банк. Кезінде оны 70 миллион долларға бір топ бизнесмен сатып алған. Бір топ бизнесменнің ішінде экс-министр Мұхтар Әблязов та болған. Мақала авторының айтуынша, 2001 жылы Мұхтар Әблязовтың үлесі талан-таражға түскен. Газет тілшісінің хабарлауынша, оны кім сатып алғаны, кімнің қолына түскені, ол жағы да көпшілікке беймәлім. Сондай-ақ “Жас алаш” басылымында Ержан Тәтішовтың кезінде Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының мүшесі болғандығы да тілге тиек етіліпті.

“Айқын” басылымында жарық көрген Жомарт Молдахметұлының мақаласында осыдан біраз уақыт бұрын ел арасында Ержан Тәтішовтың өміріне қастандық жасалыныпты, содан кейін банкир оқ өтпейтін көлік мінетін болыпты” деген сыбыстың айтылып жүргендігі баяндалыпты. Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Николай Барановтың айтуынша, қазір осы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 101 бабының 1 тармағына сәйкес “Абайсызда ажалға апару немесе ажал келтірілуіне” байланысты қылмыстық іс қозғалған.
XS
SM
MD
LG