Accessibility links

Қазақстанның ғарыш саласын дамыту жөніндегі Ресеймен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық келісімге қол қойылды


Ресми делегацияның құрамында Аэроғарыш комитетінің төрағасы Алмас Қосымов та бар. Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан делегациясының 2004 жылғы мамырдың 26-сындағы Ресей астанасына сапары барысында Даниал Ахметов Хруничев атындағы ғарыштық ғылыми орталықта болып, бірлескен жобаларда Ресей Федерациясы мен Қазақстанның ғарыш саласындағы ынтымақтастығы деңгейінің жеткіліксіздігін айтқан. Бұл орайда, «Бәйтерек» жобасына және «Kazsat» атты қазақстандық тұңғыш жер серігіне көп көңіл бөлініп отыр. Ғарыштық байланыс орталығынының вице-президенті Ғабдуллатиф Мырзақұловтың айтуынша, қазақстандық жер серігін Ресейде жасаған тиімді:

- Біз негізінен екі есе арзан істеп жатырмыз, басқа мемлекеттермен салыстырғанда. Себебі, біз ол жер серігін ресейлік жер серігімен қосарласа ұшырғанның арқасында ол бізге арзанға түседі.

Жуырда, Қазақстанда ғарыш саласын дамыту жөніндегі бағдарлама жасалды. Осы құжатта көрсетілгендей, Қазақстан мамандары Ресейде, Францияда және Үндістанда дайындалады. Бұл елдерде ғарыш саласына орасан қаражат бөлінеді, дейді қазақстандық ғалымдар. Мысалы, Үндістанның өзінде жыл сайын ғарыш саласына 1 миллиард доллар бөлінеді. Қазақстанның ғарыш саласын дамытудың 3 жылдық бағдарламасын жүзеге асыру үшін, 47 миллиард теңге сұралған. Бұл 360 миллион доллардан сәл көбірек. Оның ішінде, теледидар және байланыс саласын дамытуға қажет «ҚазСат» жобасына 9 миллиард теңге ескерілген. Ғарыштық байланыс орталығынының вице-президенті Ғабдуллатиф Мырзақұловтың айтуынша, қазақстандық тұңғыш жер серігінің іске қосылуы республика үшін үлкен жетістік болмақ:

- Қазақстан территориясында кем дегенде 36 арналық телевизиондық хабарлар тарайтын болады. Бүкіл Қазақстанның түпкір-түпкіріне байланыс баратын болады.

Экономика министрінің мәліметіне қарағанда , ғарыш бағдарламасына қажетті қаражат 2005-2006 жылдардың бюджетіне енгізілген. Ал, қызмет мерзімі 10-12 жылға шақталған «ҚазСат» жасанды жер серігі ол қаражатты 8-10 жылда өтейді, деген болжам жасалған. Қазақстандық жасанды жер серігінің көмегімен жасалатын байланыс қазіргі операторлардың қызметтерімен салыстырғанда сәл арзанырақ болады, дейді мамандар. Жоспар бойынша, 2006 жылы желтоқсан айында қазақстандық жер серігі ғарышқа көтеріледі. Ионосфера институтының директоры Виктор Дробжевтың сөзіне қарағанда, қазақстандық операторлар «К-мобайл», «К-сел» желілеріне басқа жер серіктерін пайдаланғаны үшін, жыл сайын 30-40 миллион доллар төлеуге мәжбүр.

Қазақстандық бағдарламадағы келесі ірі жоба орбитаға ауыр аппараттарды шығаратын «Бәйтерек» атты ғарыш кешеніне қатысты. Әлемде мұндай кешендер тек бірнешеу ғана, дейді қазақстандық ғалымдар. «Бәйтерек» ғарыш кешенін пайдаланып, Қазақстан жасанды жер серіктерін ғана емес, өзге елдердің де жер серіктерін орбитаға жіберетін болады. Ионосфера институтының директоры Виктор Дробжевтың сөзіне қарағанда, Қазақстан Ресеймен бірге бір ғарыш апаратын ғарышқа шығарғаны үшін 90 миллион долларға дейін қаражат алатын болады.

Қазақстанның ғарыш саласындағы екі ірі жоба да Ресеймен бірге жасалмақшы. Алматыдағы Астрофизикалық зерттеулер институтының маманы, профессор Виктор Тейфилдің айтуынша, Ресей Қазақстанға көршілес және бұл салада үлкен тәжірибесі бар мемлекет. Қазақстанда ғарыш техникасын жасайтын мамандар жоқтың қасы. Ал, Ресейде, Хруничев атындағы зауыт пен Самарадағы фирманы айтпағанда, бірқатар кәсіпорындары бар, дейді профессор Виктор Тейфил.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы ғарыш саласын дамыту жөнінде дұрыс тұжырымдама мен бағдарлама болмаған. Дегенмен, Қазақстанда «Байқоңыр» ғарыш кеніші орналасақандықтан, бұл саланы жетілдіретін мүмкіншілік бар, дейді ғарыш саласында жұмыс істеп жатқан ғалымдардың көбі. Ал, Алматыдағы Астрофизикалық зерттеулер институтының маманы профессор Виктор Тейфилдің айтуынша, Қазақстанға ғарыш өндірісін басынан бастап ұйымдастырудың орнына Ресейдің мүмкіншілігін пайдаланған арзанға түседі.

Осылайша, ғарыш саласын 2005-2007 жылдарға дейін дамыту жөніндегі бағдарлама көмегімен Қазақстан ірі ғарыш мемлекетіне айналуды жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG