Accessibility links

Қазақстан Шри Ланкаға 45 тонна қайырымдылық көмегін жөнелтті


Қаңтардың 3-і күні Қарағандының әуежайынан азық-түлік, дәрі-дәрмек пен гигиеналық заттардан тұратын қайырымдылық жүгін тиеген ұшақ Шри Ланкаға бет алды.

Қазақстан үкіметінің былтырғы жылдың соңғы күні қабылдаған қаулысына сәйкес, Қазақстанның материалдық қорынан апат аймағына қайырымдылық көмек қарастырылған болатын.

Шри Ланканың астанасы Коломбо әуежайындағы қарбалас жағдайға байланысты қазақстандық ұшақ бір тәулікке бөгелді. Ал, желтоқсанның соңында 300 қазақстандық жаңа жылдық мерекені сонда өткізіп демалу үшін аттанып кеткен еді.

Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Қайрат Дәрібаев қаңтардың 2-сі күні толық дайын болған ұшақты Шри Ланка әуежайы қабылдауға дайын болмағандықтан бір күн бөгелуге тура келгендігін хабарлады. Оның айтуынша, 40 тонна азық-түлік, 4,5 тонна дәрі-дәрмек пен гигиеналық заттар жиналған.

Қазақстан тарапынан жасалып отырған бұл көмек 10 күн бойына төрт мың адамды азық-түлікпен, мыңға жуық кісіні алғашқы медициналық көмекпен, 12 мыңға жуық адамды гигиеналық тазалық заттарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді екен.

Табиғат апатынан зардап шеккендерге қайырымдылық көмегін ұйымдастырған Қазақстан үкіметінің шешімін құптаған парламент мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижанның айтуынша, өзін-өзі құрметтейтін кез-келген мемлекет адамзаттың басына түскен қайғы-қасіретке ортақтаса білуі тиіс.

Ал 300 астаналық зілзала салдарынан қырғынға ұшырап жатқан елде жаңа жылдық мерекені және жылына бір келетін кезекті демалысын өткізіп қайтуға кеткен еді.

– Мұның аржағында үлкен проблема жатыр. Өйткені, туристік фирмалар сонда демалуға тапсырыс бергендердің алдын-ала төлеген ақшасын қайтармай отыр, – дейді депутат Уәлихан Қалижан.

Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Қайрат Дәрібаев апат аймағына барып демалысын өткізгісі келетін қазақстандықтар да қиын жағдайға ұшырап жатса, министрлік көмек беруге тиісті екендігін айтып отыр. Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Мұқамбет Көпейдің сөзінше, Шри Ланкаға жіберілген гуманитарлық көмектің құны шамамен 15 миллион теңгені құрайды.

Дели арқылы ұшатын ұшақ 7,5 сағатта Коломбоға жетіп, оны қазақстандық дипломатиялық миссияның өкілдері қарсы алады. Қазақстанның Таиланд корольдігіндегі өкілі Сәкен Сейдуалиев Пхукет аралындағы цунамиден қатты зардап шеккен 30 қазақстандықтың сонда емделіп жатқанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG