Accessibility links

Еуропа одағы цунами апаты аймағына көбірек көмек жолдап жатыр


Бейсенбіде Индонезия астанасында оңтүстік-шығыс Азияда цунами апатына тап болған елдердің басшылары кездесетін болды. Еуропа одағы жиынға жоғары дәрежелі делегация жолдап, апат аймағына 240 миллион еуроның жәрдемін бермек.


«Желтоқсанның 26-сы күні цунами апатынан зардап шеккен Азия елдеріне көмек көрсетуде алдыңғы қатарда табылғымыз келіп отыр» делінген Еуропа одағының дүйсенбіде жасаған мәлімдемесінде.

Индонезия бас министрінің шақыруы бойынша төтенше жиынға Еуропа комиссиясының президенті Жозе Мануелл Барозу және Еуропа одағының кезекті президенті Джан-Клоуд Джюнкердің қатысатынын Еуропа комиссиясының өкілі Грегор Креузхубер жариялады.

Джакарта төтенше мәслихатына БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан және АҚШ сыртқы істер министрі Колин Пауеллдің қатысатыны хабарланып отыр. Ал жұма күні Брюссель қаласында Еуропа одағының арнаулы мәслихаты өтеді, онда цунамиден зардап шеккен аймаққа көмек көрсету мәселелері төтенше жағдай жөніндегі министрлердің деңгейінде қаралады.

Еуропа комиссиясының өкілі Грегор Креузхубер жариялағандай, Еуропа одағы оңтүстік-шығыс Азия елдеріне 240 миллион еуро сомасына көмек көрсетуге міндеттеме алды. Грегор Креузхубер көрсетілетін көмектің сомасы әлі бұдан да асып түседі деп мәлімдеді.

– Әсіресе апаттың алғашқы күндері 23 миллион еуро сомасындағы көмектің қолма-қол жеткізілгені орынды болды, бірақ көрсетіп отырған көмегімізден мақтау-мадақтау іздемейміз, – деді Еуропа комиссиясының өкілі.

Еуропа одағының көмек көрсету жөніндегі үйлестірушісі Льюис Мишель дүйсенбіде Шри Ланкада сөйлеген сөзінде «Еуропа одағы Шри Ланка, Мальдив аралдары және Индонезияға ең бірінші боп ақшалай көмектесті» деп атап өтті. Еуропа одағының шеңберінде көмек көрсету салмағы Ұлыбританияға ерекше түсіп отыр. Британ сыртқы істер министрі Джек Стро дүйсенбі күні былай деді:

– Британия үкіметі бүгінгі күнге 50 миллион фунт стерлинг сомасында көмек көрсетті. Британ халқы аса үлкен мейірбандық танытып, 60 миллион фунт стерлингтен асатын сомада гуманитарлық көмек берді. Британ әскерінің арқасында бұл көмек мұқтаждық танытып отырған азаматтарға жеткізіліп жатыр.

Жалпы, әлем бойынша үкіметтер мен халықаралық ұйымдар шамамен екі миллиард доллар сомасында көмек көрсетуге уәде берген. Америка Құрама Штаттары 350 миллион доллар сомасында үлес қоспақ, бұл Еуропа одағы уәде еткен сомадан асып тұр.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, әлем бойынша көрсетіліп жатқан көмектің көлемі өсе түскені байқалады. Жапон қорғаныс министрлігі Индонезияға, Таиландқа және Малайзияға медициналық және басқа көмек топтарын жолдады. Оңтүстік Корея гуманитарлық көмек көлемін ұлғайтып жатыр.

АҚШ әскері тарапынан да жаңа құрал-жабдықтар жолданды. Апат аймағында сейсенбі күні АҚШ сыртқы істер министрі Колин Пауелл, президент Джордж Буштың ағасы, Флорида штатының әкімі Джеб Буш, Австралия сыртқы істер министрі Александр Даунер болды. Колин Пауелл зардап шеккен халыққа жан-жақты көмек көрсетуге уәде берді.

– Желтоқсанның 26-сы күні цунамиден зардап шеккен Таиланд халқына, аймақтың басқа елдеріне Америка Құрама Штаттары қолынан келетін кез-келген көмекті көрсететін болады, – деді Пауелл.

АҚШ сыртқы істер министрі Колин Пауелл цунами апатын әлемдік өлшемдегі дағдарыс деп сипаттады. Колин Пауелл ендігі мәселе – әлем бойынша уәде етілген екі миллиард доллар сомасындағы көмекті рет-ретімен жеткізу екендігін айтты. Британия цунами апатынан зардап шеккен елдердің сыртқы қарыздарын кешіруге шақырды.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG