Accessibility links

Қазақстан православтары Христостың туған күнін атап өтуге әзірленіп жатыр


Көпұлтты Қазақстанда ислам дінін ұстанушылардан кейін саны жағынан екінші орында православтар тұр. Жыл сайынғы дәстүр бойынша олар биыл да өздерінің ұлық мерекесі – Иса пайғамбардың туған күнін атап өтуге дайындалып жатыр.

Қаңтардың 7-сі дүниежүзіндегі православ дінінің өкілдері өздерінің діни мерекесі Иисус Христос, яғни Иса пайғамбардың туған күнін тойлауға дайындалып жатыр.

Қаңтардың 6-сынан бастап Қазақстандағы барлық проваслав шіркеулерінде діни уағыздар айтылып, «барша адамзатты құтқару үшін туған нәрестенің дүниеге келгеніне» өз ризашылықтарын айтумен болады. Алматыға осы мерекеге байланысты келген Астана мен Алматы митролполиті Мифодий жалпы алғанда христиан діні мен мұсылман діндерінің арасында ұқсастық өте көп екендігін атап өтті.

– Біздің арамызда ортақ нәрсе көп. Дәстүрлеріміздің көбі бір-біріне ұқсас. Мәселен, Иса пайғамбардың туған күніне дейін біз де мұсылман халқы сияқты ораза ұстаймыз, – деді митролполит Мифодий.

Сонымен қатар ол діни мерекелердің өзге мейрамдардан айырмашылығы, діни мерекенің маңыздылығын тек бір адам емес, барлық адамзат түсінуі қажеттігін де айтты.

– Біз көп ретте өзімізбен өзіміз тойлайтынбыз. Бір кездері діни мерекеге рұқсат етілмеді, тыйым салынды да. Ал қазір жағдай басқа. Сондықтан да адамдардың ашылып, діни мерекелерді емін-еркін тойлауы үшін ең бастысы – ол мерекенің не үшін керек екендігін түсінуі қажет. Ал біз болсақ қазір бұл мерекелердің маңызын жете түсінбей тойлап келеміз. Дегенмен, түсіністік келеді деп сенемін, – дейді Мифодий.
XS
SM
MD
LG